10.06.2026, 13:40 421

Қазақстан АҚШ компанияларын сирек металдарды өндіруге қатысуға шақырды

Қазақстан Америка Құрама Штаттарының компанияларын сирек металдарды геологиялық барлау және өндіру жұмыстарына қатысуға шақырады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев C5+1 сыни маңызды минералдар жөніндегі диалог отырысында мәлімдеді.

Еліміздің ресурстық базасында 9,5 мыңнан астам кен орны бар, олардың 100-ден астамында сирек және сирек жер металдары кездеседі. Біз америкалық компанияларды оларды геологиялық барлау мен өндіруге белсенді қатысуға шақырамыз", - деп Ерсайын Нағаспаевтың сөзін inform.kz келтіреді.


Министрдің айтуынша, бұл үшін Қазақстанда заманауи реттеуші орта қалыптастырылған. Атап айтқанда, 2018 жылы Австралия мен Канада тәжірибесі негізінде салалық заңнаманы реформалаған "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодекс қабылданды. Сондай-ақ "бірінші келген - бірінші алады" лицензиялау қағидаты енгізіліп, жер қойнауын пайдалануға қолжетімділік жеңілдетілді.

Бұдан бөлек, 2023 жылы жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы іске қосылды. Соның нәтижесінде лицензиялаудан бастап есептілікке дейінгі барлық үдерістер онлайн форматқа көшірілді. 2024 жылдан бастап Қазақстан CRIRSCO халықаралық стандарттарын толық көлемде қолдана бастады, бұл есептіліктің ашықтығын қамтамасыз етіп, оны әлемдік тәжірибемен салыстыруға мүмкіндік береді.

Министрдің сөзінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде инвесторлардың қызығушылығы бірнеше есе артқан.

2018 жылдан бері геологиялық барлауға салынған инвестициялар үш есеге өсіп, 1 миллиард доллардан асты. Қазақстанға Rio Tinto, Barrick Gold, First Quantum, Ivanhoe, Teck, Fortescue және Cove Capital секілді әлемдік жетекші компаниялар келді", - деді Ерсайын Нағаспаев.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны