12.05.2021, 22:37 17532

Қазақстан экономикасы өсудің қалпына келу серпініне өтуде

2021 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындылары бойынша ЖІӨ өсу қарқыны өткен жылғы наурыз айынан бері алғаш рет 0,7%-ды құрады.
НҰР-СҰЛТАН. 12 МАМЫР - Қаңтар-сәуір айының қорытындысы бойынша ҚР экономикасы өсу траекториясына шықты, деп хабарлады ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ҚР Үкіметінің отырысында, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

2021 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындылары бойынша ЖІӨ өсу қарқыны өткен жылғы наурыз айынан бері алғаш рет 0,7%-ды құрады. Қазақстан экономикасы өсудің қалпына келу серпініне өтуде. Ішкі сұраныс жақсаруда. Өңдеу өнеркәсібі салаларында серпінді және тұрақты өсу байқалады. Сонымен бірге экономиканың өндіруші емес салаларында негізгі капиталға инвестициялар айтарлықтай өсуде. Жалпы алғанда, экономика өсімінің құрылымында сапалы өзгерістер байқалуда", - деді Ерғалиев.

 
Оның айтуынша, экономика дамуының басты драйвері – қазіргі жағдайда нақты сектордың тұрақты өсуі. Осы жылдың есепті кезеңінде тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты сектордағы өсім 7,9%-ды құрады.
 
Құрылыс, ақпарат пен байланыс, өңдеу өнеркәсібі, сумен және электрмен жабдықтау, ауыл шаруашылығы салаларында жоғарғы өсу жалғасуда. 
 
Ол өңдеу өнеркәсібі соңғы он жылдағы ең жоғары өсуді көрсеткенін атап өтті.
 
Қызмет көрсету саласы қалпына келуде. Сауданың 5,7%-ға өсуі аясында қызмет көрсету секторы оң өсім көрсетті. 
 
Өңдеу өнеркәсібі салаларында қарқынды және тұрақты өсу байқалуда. Бұл осы саланың бәсекелестікке қабілеттілігін көрсетеді. 
 
Атап айтқанда өсім машина жасауда 20,6%, оның ішінде автомобиль құрастыруда – 25,4%, құрылыс материалдарында – 26,5%, химиялық өнімдер өндірісінде – 11,2%, пластмасса өнімдері өндірісінде – 18,5%, фармацевтикада – 26,2%, киім өндірісінде – 23,6% және жиһаз өндірісінде – 19,5% деңгейінде тіркелді. 
 
Өндіруші емес салаларда жоғары инвестициялық белсенділік байқалады. Бұл экономиканың тұрақты және сапалы дамуына диверсификация арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді. 
 
Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 32,3%-ды құрады. 
 
Инвестициялардың айтарлықтай өсуін өңдеу өнеркәсібі – 2,1 есе, құрылыс – 72%, ауыл шаруашылығы – 66%, ақпарат және байланыс – 61%, сауда – 28,3%, көлік – 27,6% және жылжымайтын мүлік операциялары – 27,5% деңгейінде көрсетті.
 
Қаңтар-наурызда сыртқы сауда тауар айналымы $19,7 млрд жетті, оның ішінде экспорт – $11,5 млрд құрады. Бұл ретте шикізаттық емес тауарлар экспорты 15%-ға өсіп, $4 млрд дейін жетті. 
 
Тауарлар импорты $8,2 млрд құрады. Оң сауда балансы $3,3 млрд асты. 
 
Ә. Ерғалиевтің айтуынша, жалпы өңдеу өнеркәсібі бойынша өсім 7,7%-ға дейін жеделдеді. 
 
13 өңір оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсім Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және Алматы облысында байқалады.
 
Көптеген өңірлерде жоғары инвестициялық белсенділік орын алуда. Ең жоғарғы көрсеткіштер Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Түркістан және Жамбыл облыстарында байқалады.
 
Құрылыс саласы жоғары өсу динамикасын көрсетуде. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ға ұлғайды. 
 
Батыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірлер оң өсім көрсетті.
 
Құрылыс-монтаждау жұмыстарының жоғарғы өсуі Түркістан, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында байқалады. 
 
Тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 13,3%-ға өсіп, 3,5 млн шаршы метрді құрады. 
 
Павлодар және Алматы облыстарынан басқа барлық өңірлер оң өсім көрсетті. 
 
Ауыл шаруашылығы тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. Өнім шығару 3%-ға ұлғайды. 
 
13 өңірде оң серпін байқалып отыр. Ақмола облысы ең жоғарғы өсім көрсетті.
 

Жалпы, сауда және көлік бойынша жағдай жақсаруда, бұл өңірлердегі іскерлік белсенділіктің артқандығын айғақтайды. Сауда бойынша 13 өңірде өсім байқалады. Бұл ретте, бөлшек сауда 6,2%-ға өсіп, ішкі сұрастың қалпына келуін көрсетеді. Атырау облысынан басқа, Маңғыстау облысы және Шымкент қаласының көлік саласы бойынша қызмет көрсетуі жақсарды", - деді министр.

 

Экономиканың оң өсімі – пандемияны тежеу, сондай-ақ елдің жеке секторы мен өндірістік әлеуетін қолдау жөніндегі шараларды іске асыру тиімділігінің маңызды индикаторы. Экономиканың осы қарқынын алдағы айларда сақтап, оны ұлғайту маңызды", — деді А. Мамин. 

 
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше назар аударуды, жергілікті бюджет есебінен форвардтық азық-түлік сатып алуды қаржыландыруды 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды және "айналым схемасы" бойынша қаржыландыруды 50 млрд теңгеге дейін жеткізуді тапсырды. 
 
Премьер-Министр ішкі және сыртқы инвестицияларды, әсіресе, шикізаттық емес салаларға тарту, шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуды қолдау, жұмыспен қамтамасыз ету және халықтың нақты табысын арттыру қажеттігін атап өтті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны