09.12.2021, 14:29 151834

Қазақстан экономикасының қалпына келу қарқыны 3,8%-ға дейін жеделдеді

ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев хабарлағандай, нақты сектордың тұрақты өсуі жалғасуда.
Қазақстан экономикасының қалпына келу қарқыны 3,8%-ға дейін жеделдеді
Сурет: primeminister.kz
НҰР-СҰЛТАН. 9 ЖЕЛТОҚСАН - Осы жылдың он бір айының қорытындысы бойынша ҚР ЖІӨ өсімі 3,8% құрады. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Үкімет басшысы Қазақстан экономикасы пандемия жағдайына сәтті бейімделгенін және сенімді өсім қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Осы жылдың он бір айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 3,8% құрады.
 
ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев хабарлағандай, нақты сектордың тұрақты өсуі жалғасуда. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 5,2%-ға өсті. Өсім машина жасауда 18,5%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда 21,3%-ға, локомотивтер мен вагондар өндірісінде 56,7%-ға, құрылыс материалдарын өндіруде 9,2%-ға, фармацевтикада 27,9%-ға, пластмасса бұйымдарын өндіруде 41,4%-ға байқалады.
 
Көмір өндірудің 0,7%-ға және металл кендерін өндірудің 3,9%-ға өсуі есебінен тау-кен өндірісі өнеркәсібінің (+0,8%) қалпына келуі байқалады. 
 
Көрсетілетін қызметтер секторында байланыс (+12,9%), сауда (+9,7%) және көлік (+3,4%) қызметтеріндегі жоғары қарқын есебінен 3,9%-ға дейін үдеумен тұрақты өсім байқалады. 
 
Құрылыс саласы 6,2%-ға өсті. 11 айда елімізде 13,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,6%-ға артық. 
 
Инвестиция өсімі біртіндеп қалпына келіп жатыр, ол 2,6%-ды құрады, ал тау-кен өндірісі көлемін есептемегенде – 11,7% деңгейінде. 
 
Биылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Алматы қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Батыс Қазақстан облысы 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. 
 
Үкімет басшысы өңірлердің жыл соңына дейін әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуін қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны