24.04.2026, 18:07 576
Қазақстан мен ЭЫҰ стратегиялық әріптестікті арттыруда: тауар айналымы $15 млрд-тан асты
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) бас хатшысы Асад Маджид Ханмен ресми кездесу өткізді. Тараптар сауда байланысын арттыру, жаңа көлік дәліздерін дамыту және аймақ экономикасындағы цифрлық трансформация жайын талқылады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттер Қазақстанның маңызды сауда әріптестері екені атап өтілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ЭЫҰ мемлекеттерімен өзара сауда көлемі өткен жылмен салыстырғанда 11,5%-ға артып, $15 млрд-тан асты. Қазақстандық экспорт - негізінен мұнай, мыс, бидай, күнбағыс майы, ұн мен мұнай өнімі.
Серік Жұманғарин Қазақстанның ЭЫҰ елдерімен өзара іс-қимылы соңғы жылдары тұрақты оң динамиканы көрсетіп отырғанын, оны арттыруда айтарлықтай әлеуетке ие екенін атап өтті. Қазақстанда $1 млрд-қа жуық сома болатын экспорттық әлеуеті жоғары 137-ге жуық өңдеуші өнеркәсіп тауарларының позициясы бар.
Әлемдік экономиканың негізгі драйверінің бірі ретінде қарастырылатын электрондық сауданы дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. ЭЫҰ елдерінің күш-жігерін шоғырландыру тұрақты және өзара тиімді сауда кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Тараптар ЭЫҰ кеңістігіндегі экономикалық байланыстың негізі - көлік-логистикалық ынтымақтастық мәселесін егжей-тегжейлі талқылады. 2026 жылы Қазақстан ЭЫҰ-ның көлік секторына төрағалық етеді. Вице-премьер "Солтүстік - Оңтүстік" дәлізі Ауғанстан және Пәкістанға жол ашатынымен басым маңызға ие екенін айқындап берді.
Сондай-ақ, ол биыл Қазақстан мен Пәкістан арасында Қытай арқылы (Қарақорым тас жолы арқылы) алғашқы жүктер жеткізіле бастағанын хабарлады.
Аталған бағдарлардың дамуы, көбісінің теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ болғандықтан Орталық Азия елдері үшін стратегиялық маңызға ие. Олар арқылы халықаралық теңіз порттарына қол жеткізуге болады.
Кездесу барысында ЭЫҰ бас хатшысы Асад Маджид Хан Қазақстан Үкіметін Өңірлік экологиялық саммиттің сәтті өтуімен құттықтап, еліміздің ұйымдағы жетекші рөлін атап өтті.
Қазақстан - ЭЫҰ-ның айрықша әріптесі. Біз Қазақстанды өңірлік хаб және ЭЫҰ елдері мен Еуропа арасындағы көпір ретінде қарастырамыз", - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайда аймақтар мен құрлықтағы байланыстың маңызы арта түседі. Осыған байланысты ЭЫҰ қазіргі және перспективалық маршруттардың картасын дайындау, сондай-ақ, Каспий теңізінің акваториясындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру секілді көлік дәліздерін дамыту жұмыстарын жүргізуде.
Тараптар сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ пен ЭЫҰ арасындағы интеграциялық процестерді ұштастыру мәселесін, соның ішінде Пәкістанмен еркін сауда аймағы туралы келісім жасаудың келешегін талқылады.
Қорытындылай келе, Серік Жұманғарин ЭЫҰ елдерінің өзара үйлескен іс-қимылының маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстанның ұзақмерзімдік және өзара тиімді әріптестік үшін жағдай жасай отырып, ірі экономикалық одақтар арасындағы байланыстырушы буын болуға дайын екенін мәлімдеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
24.04.2026, 13:59 9341
Базалық мөлшерлемені 18,0% деңгейінде сақтау туралы
Сурет: nationalbank
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен.
Жылдық инфляция 2026 жылғы наурызда 11%-ға дейін баяулады (ақпанда - 11,7%): азық-түлік инфляциясы - 11,7% (12,7%), азық-түлікке жатпайтын инфляция - 11,3% (11,6%), сервистік инфляция - 10,0% (10,8%).
Инфляцияның баяулауына бірқалыпты қатаң ақша-кредит шарттары, айырбас бағамының қолайлы серпіні, тұтынушылық кредиттеу қарқынының баяулауы аясында тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы, сондай-ақ ТКҚ мен ЖЖМ бағасын өсіруге қойылған мораторий мен Үкіметтің басқа да инфляцияға қарсы шаралары септігін тигізді.
Наурызда айлық инфляция ақпандағы 1,1%-дан кейін 0,6%-ға дейін төмендеді. Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция да баяулады. Дегенмен, олардың ағымдағы деңгейі бұрынғыша 5% нысанаға қол жеткізу үшін қажетті деңгейден жоғары қалыптасып отыр, бұл экономикада инфляциялық қысымның сақталғанын көрсетеді.
Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері 14,6% (13,7%) деп бағаланып, жоғары қалпында қалды. Нарыққа кәсіби қатысушылардың 2026 жылға инфляция бойынша күтулері 10,0% деңгейінде сақталып отыр.
Сыртқы секторда Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы энергия ресурстарына, азық-түлік пен тыңайтқыштарға әлемдік бағаның өсуіне әкеп соқты. Бұл жағдай бірқатар елде инфляциялық қысымды күшейтіп, Қазақстан үшін де сырттан келетін тауарлардың қымбаттау қаупін еселей түсті.
Ресей Федерациясында инфляция деңгейі әлі де жоғары. Соған қарамастан, Ресей Орталық банкі 2027 жылы оны нысаналы көрсеткішке дейін төмендету бағытын ұстанып келеді. Ал, Еуроаймақ пен АҚШ-та наурыз айында инфляцияның жеделдеуі нарықтағы белгісіздік пен тәуекелдерді еселей түсті. Осыған байланысты ЕОБ мен ФРЖ пайыздық мөлшерлемелерді өзгертпеу туралы шешім қабылдап, алдағы уақытта да мейілінше сақтық танытатынын растады.
Алдын ала деректерге сүйсенсек, 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында экономиканың өсімі жылдық мәнде 3,0%-ды құрады. Мұнай секторындағы динамиканың бәсеңдегеніне қарамастан, басқа салалардағы жоғары іскерлік белсендiлiктiң арқасында экономиканың даму көрсеткіші тұрақты сипат алып отыр. Әсіресе, құрылыста, көлік пен өңдеу өнеркәсібінде және сауда саласында жоғары өсу қарқыны байқалады.
Проинфляциялық тәуекелдер ең алдымен Таяу Шығыстағы қақтығыс аясында сыртқы инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты. Сонымен қатар, мораторий аяқталған соң ТКҚ мен ЖЖМ тарифтерінің инфляциядан жоғары қарқынмен қайта өсуі, сондай-ақ реттелетін бағалардың артуы қосымша тәуекел тудырады. Бұл өзгерістер бизнестің шығындарын көбейту арқылы тауарлар мен қызметтердің бағасына қайта әсер етуі мүмкін.
Бизнестің жаңа салық талаптарына бейімделуі мен халық арасындағы жоғары инфляциялық күтулер де тұрақты бақылауды қажет етеді. Ортамерзімді кезеңде инфляцияны төмендету бағытын сақтап қалу үшін бюджет шығындарын жүйелі түрде оңтайландыру мен квазифискалдық ынталандыру шараларын байыппен жүргізу маңызды шарт болып қала береді.
Қазіргі дезинфляциялық процестерге тұтынушылық сұраныстың біртіндеп қалыпқа келуі, соның ішінде бөлшек кредиттеудің бәсеңдеуі оң әсер етіп отыр. Мұндай динамика ақша-кредит шарттарының бірқалыпты қатаң деңгейде сақталуына, сондай-ақ ЕТРТ-ні (ең төменгі резервтік талаптары) арттыру мен "айналау" операцияларын қоса алғанда, артық өтімділікті қысқарту шараларына байланысты қалыптасады. Сонымен қатар, теңге бағамының нығаюы да инфляцияны төмендетуге қосымша қолдау көрсетеді.
Қазіргі инфляцияның баяулау үрдісін алдағы уақытта бекіте түсу қажет. Ақша-кредит шарттарын жұмсартпас бұрын, реттелетін бағалар мен тарифтер реформасы қайта жанданған жағдайда және екінші жартыжылдықта квазифискалдық импульстің күшеюі аясында дезинфляциялық процестiң қаншалықты орнықты екенін растап алу қажет болады. Сонымен қатар, экономиканың салық саласындағы өзгерістерге бейімделу барысына талдау жасап, сыртқы экономикалық ахуалды мұқият қадағалап отыру маңызды.
Ұлттық Банк инфляцияның баяулау қарқынын, ішкі сұраныс динамикасын, бюджет шығындарының нақты орындалуын бақылауды жалғастыра береді. Сондай-ақ, фискалдық ынталандыру шаралары, реттелетiн бағалардың параметрлері мен сыртқы нарықтағы ахуалдың инфляциялық процестерге әсері тұрақты бағаланып отырады. Егер қазіргі үрдістер сақталып, күтпеген жағдайлар орын алмайтын болса, Ұлттық Банк алдағы шешімдерінде базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруға дайын.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 5 маусымда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
23.04.2026, 12:45 286
Алдағы 4 жылда Қазақстан 5 мың шақырым жаңа теміржол салады - Олжас Бектенов ТЖЫҰ конференциясының отырысында
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов ұйымның 70 жылдығына арналған Теміржол ынтымақтастығы ұйымының бас директорлары конференциясының 40-шы отырысына қатысты. Форумға әлемнің 30-дан астам елінен 300-ден астам теміржол тасымалы компанияларының басшылары мен өкілдері келді. ТЖЫҰ ұзындығы 320 мың шақырымнан асатын теміржол желісін қамтиды, олар арқылы жыл сайын шамамен 5,5 млрд жолаушы және 5 млрд тонна жүк тасымалданады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Мерейтойлық отырыс халықаралық теміржол тасымалдарын дамытудың мақұлданған тәсілдерін іздестіру, қатысушы елдердің жетістіктерін және одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылау алаңына айналды. Жүк тасымалдау көлемін ұлғайту, инфрақұрылымды жаңғырту, қағазсыз технологияларға көшу, басқарудың зияткерлік жүйелерін енгізу, сондай-ақ кадрларды даярлау мәселелеріне назар аударылды.
Премьер-министр теміржолдардың экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етудегі рөлін атап өтіп, Конференция өткізу сындарлы диалог пен елдер арасындағы әріптестікті нығайтуға мүмкіндік тудыратынын атап өтті.
Олжас Бектенов қатысушыларға Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын хабарлады - осы жылдың наурыз айында жаңа Конституция қабылданды, ол экономикалық дамуға тың серпін бермек.
Экономиканың аса маңызды күретамырына айналған Қазақстанның теміржол саласы халқымыздың өмір сапасын жақсартып, орнықты өсімді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Ұйымның 70 жылдығына орайластырылған алқалы жиын тоғыз жолдың торабында, Еуразия құрлығының дәл ортасында өтіп отыр. Мұның мәні зор. Заманауи әрі тиімді көлік жүйесі біз үшін халықаралық жеткізу тізбектеріне бейімделе отырып, жаһандық экономикаға ықпалдасуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өз сөзінде ол еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі арттыруға назар аударды.
Біздің ортақ мақсатымыз - Еуразияны біртұтас әрі үздіксіз жұмыс істейтін көлік жүйесіне айналдыру. Қазақстан - жаһандық мұхитқа тікелей шығар жолы жоқ әлемдегі ең ірі мемлекет. Бірақ біз осы географиялық ерекшелікті стратегиялық артықшылығымызға айналдыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Соңғы 15 жылда біз көлік саласына шамамен $35 млрд қаражат салдық. 2,5 мың шақырымнан астам жаңа магистральдық жолдар салынды. Бүгінде "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" бағыты бойынша барлық құрлықтағы транзиттік тасымалдардың 85%-ға жуығы Қазақстан арқылы өтеді. Бірақ мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы 4 жылда тағы 5 мың шақырым жаңа теміржол салуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз - 2035 жылға қарай транзит көлемін жылына 100 млн тоннаға дейін жеткізу", - деп атап өтті Премьер-министр.
Негізгі бағыттардың бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту белгіленген, оның аясында теміржол және порт инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілуде. Атап айтқанда, халықаралық серіктестерді тарта отырып, Ақтау және Құрық порттарында контейнерлік хабтарды кеңейту жұмыстары жүргізілуде. 2029 жылға дейін тасымалдау көлемін жылына 80 мың ЖФЭ-ден 300 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жүктерді жеткізу мерзімі 18 тәулікке дейін қысқарды, келешекте оны 10 күнге дейін қысқарту көзделген.
Парсы шығанағы мен Үндістан нарықтарына шығатын ең төте жол "Солтүстік - Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізі дамып келеді.
Салаға цифрлық технологиялар енгізу мемлекеттің басым бағыты болып қала бермек.
Қазақстан Президенті цифрлық технологиялардың дамуына зор мән бере отырып, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осы орайда, қазіргі таңда TezCustoms платформасы енгізілуде. Ол Қытаймен шекарада рәсімдеу уақытын 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Аталған жұмыс басқа елдермен де жалғасуда", - деп атап өтті Премьер-министр. Сондай-ақ Ұйымның қатысушыларын теміржол желілерінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында озық цифрлық шешімдерді белсенді пайдалануға шақырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
17.04.2026, 10:49 38206
Қазақстандағы конституциялық реформа S&P, Moody’s және Fitch агенттіктерімен талқылаудың негізгі тақырыбына айналды
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Қазақстанның конституциялық реформасы Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Вашингтондағы S&P, Moody's және Fitch рейтингтік агенттіктері үлкен үштігі өкілдерімен кездесуінің негізгі тақырыбының біріне айналды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Халықаралық рейтингтік агенттіктермен жыл сайынғы консультациялар дәстүрлі түрде ағымдағы макроэкономикалық жағдайды бағалау және елдің несиелік рейтингіне әсер ететін факторларды талқылау үшін өткізіледі. Көктемгі сессия барысында конституциялық реформаларға, инфляцияға, халық табысының динамикасына және сыртқы тұрақсыздық жағдайындағы экономикалық өсу көздеріне басты назар аударылды.
Серік Жұманғарин атап өткендей, қазіргі экономиканың тұрақты дамуы тек ресурстарды ғана емес, ең алдымен тиімді институттарды, болжамдылық пен сенімді талап етеді. Бұл қағидаттар еліміздің жаңа Конституциясында бекітілген. Басымдықтар қатарында мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде білім беру, ғылым, инновация және адами капиталды дамыту бар. Шын мәнінде, еліміздің жаңа Негізгі заңында интеллект, технология мен кәсібилік арқылы бәсекеге қабілеттілік қалыптасатын білім экономикасының негізі қаланған. Сондай-ақ меншіктің барлық нысанын тең қорғау бекітілген. Бұл - инвестициялық ахуал мен бизнесті дамыту үшін маңызды.
ЖІӨ-нің жоғары деңгейдегі нақты өсуі сақталады. 2025 жылғы қорытынды бойынша экономика 6,5%-ға өсті. Биыл өсім 5-5,5% деңгейінде күтілуде. Биылғы бірінші тоқсандағы қорытынды бойынша мұнай өндірумен байланысты уақытша факторларды есепке алмағанда, 3%-дық өсу орындалды.
Экономиканың құрылымдық трансформациясының жалғасуы байқалады. ЖІӨ-дегі мұнай секторының үлесі 2010 жылғы 16,5%-дан 2024 жылы 8,1%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі екінші жыл қатарынан өсіп, ЖІӨ-нің 12,7%-на жетіп, өндіруші сектордың үлесінен асып түсті.
Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының басымдығы әртараптандыру мен цифрландыруға бағытталған. Міндет - халықтың нақты табысы мен жұмыспен қамтылуының артуымен өсу қарқынын ғана емес, оның тұрақтылығын да қамтамасыз ету. Осыған байланысты инвестицияларды белсенді тартуға баса назар аударылды. Мұнай және газ, химия, агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика, жасанды интеллект пен металлургия секілді негізгі салалар анықталды.
Экономикалық өсу мен инфляцияны тежеу мақсаттарын теңестіру үшін Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы үйлестіру күшейтілді. 2025 жылғы қарашада 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасы бекітілді. Ол жыл сайын ЖІӨ-нің 5%-дан кемімей өсуін және халықтың нақты табысының инфляциядан 2-3%-ға жоғары өсуін көздейді.
Бюджетті шоғырландыруға ерекше назар аударылады. Серік Жұманғарин атап өткендей, соңғы жылдары Ұлттық қордан жыл сайын 5 трлн теңгеден асатын трансферт инфляцияға айтарлықтай үлес қосты. 2026 жылы Үкімет соңғы жылдары алғаш рет нысаналы трансферттен бас тартты (2025 жылы - 3,25 трлн теңге). Сонымен қатар бюджет шығысын оңтайландыру жүргізілуде.
Шектеудің бірі тұтыну тауары өндірісінің жеткіліксіз дамуы болып қала береді. Ынталандыру шарасы ретінде агроөнеркәсіптік кешен мен қайта өңдеуде сүт пен ет мал шаруашылығын, құс шаруашылығы мен балық саласын қосқанда, 200-ден астам жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, импортқа тәуелділікті төмендету үшін шикізаттық емес сектордың дамуы күшейтілуде.
Инфляция бәсеңдеуде. Ол 2025 жылдың қорытындысындағы 12,3%-дан бірінші тоқсандағы қорытынды бойынша 11%-ды көрсетті. Жыл қорытындысы бойынша экономика 5-5,5% өскен кезде 10%-дан төмен деңгей болжанады.
Рейтингтік агенттік өкілдері экономиканың белсенді өсуі жағдайында инфляция мен өсу арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізу қиын міндет екенін атап өтті. Бұл ретте нақты табыс халық үшін негізгі көрсеткіш болып қала береді.
Қазақстан экономикасындағы ауыл шаруашылығының маңызды рөлін ескере отырып, ауыл шаруашылығын минералды тыңайтқышпен қамтамасыз ету және оның импортына тәуелділік мәселесі де талқыланды. Вице-премьер Қазақстанда 27 өндіруші, оның ішінде "ҚазАзот" АҚ және "Қазфосфат" ЖШС секілді ірі кәсіпорындар жұмыс істейтінін атап өтті. Ішкі өндіріс минералды тыңайтқыштарға деген қажеттіліктің шамамен 56%-ын жабады. Негізгі импорт біздің еліміз Біртұтас экономикалық одақтағы Ресейге тиесілі.
Біз тыңайтқышты қолдану көлемін едәуір арттырдық. Егер осыдан үш жыл бұрын біз небәрі 600 мың тонна пайдалансақ, бұл ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту үшін жеткіліксіз болды, ал өткен жылы 1,8 млн тоннаға жетті. Биылғы мақсат - 2,3 млн тонна", - деп атап өтті вице-премьер.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.03.2026, 09:38 170811
Әлеуметтік маңызы бар сала: ӨҚМ бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасын әзірлеуге кіріседі
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысы өтті. Онда жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Талқылауға салалық қауымдастықтардың, оның ішінде "Qaz Textile Industry" жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық бірлестігі" өзін-өзі реттейтін ұйымының және "Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының өзін-өзі реттейтін ұйымы" ЗТБ және саланың ірі кәсіпорындарының, оның ішінде "AZALA Group" МК, "Qazaq Tigin Fabrikasy" ЖШС, "Қазжеңілөнеркәсіп-Алматы" ЖШС, "Глобал-Арнайыкиім" ЖШС, "ТаразТеріАяқкиім" ЖШС төрағалары және басқалар қатысты.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда жеңіл өнеркәсіп тұрақты дамуды көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі НКИ-нің 3%-ға өсу жоспарымен 13,2%-ға өсіп, 260 млрд теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібінің құрылымындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі - 0,8%. Айта кетсек, жеңіл өнеркәсіп құрылымында 60%-дан астам тоқыма өндірісі, 32% - киім өндірісі және 6,5% аяқ киім мен былғарыдан жасалған бұйым өндіріледі. Кәсіпорындардың 97%-дан астамы шағын бизнес субъектілері.
Жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақта мен тері өңдеуді тереңдету, синтетикалық талшық өндірісін кеңейту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту арқылы жоспарлануда.
2025 жылы елімізде мақтаның рекордтық көлемі, 466 мың тонна жиналды. 116,1 мың тонна мақта талшығы, 500 тонна иірілген жіп, 5,2 млн шаршы метр мата және 28,6 млн бірлік дайын тоқыма бұйымы өндірілді.
Мысал ретінде, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков бір тонна мақта талшығын қайта өңдеу 1 650 бірлікке дейін дайын тоқыма өнімір шығаруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Шикізатты толық қайта өңдеуді қамтамасыз ете отырып, ықтимал қосылған құн $1,67 млрд-қа жетіп, сондай-ақ 5 мыңға дейін жұмыс орнын құруға ықпал етуі мүмкін.
Салада "KazFeltec" оқшаулау өндірісін, Талшықтекс тоқылған полипропилен геокенеп өндірісін және Түркістан тоқыма мақта-мата иірілген жіп өндірісін қосқанда, ортамерзімдік перспективаға негіз болатын жобалар іске асырылуда.
Сонымен қатар оң динамикаға қарамастан, отырысқа қатысушылар кешенді шешуді талап ететін бірқатар жүйелі мәселені белгіледі. Олар шикізат базасын дамытуға, өндірісті жаңғыртуға, реттеліп сатып алу тетігін жетілдіруге және қаржылық қолдау шараларын кеңейтуге қатысты.
Сала кәсіпорындары дамудың болжамды жағдайын қалыптастыру кезінде өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға дайын екендігін растады.
Белгіленген міндеттерді ескере отырып, бизнес-қоғамдастық пен салалық қауымдастықтардың қатысуымен жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Жүйелік құжаттың қажеттілігі саланың оң динамикасына да, оның одан әрі өсу әлеуетіне де байланысты.
Жеңіл өнеркәсіп біз үшін халықты жұмыспен қамту тұрғысынан өте маңызды. Мысалы, Түркістан облысында, еліміздің ең көп қоныстанған облысында жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ең көп саны бар. Олардың одан әрі дамуымен жергілікті халықты жұмыс орындарымен және лайықты жалақымен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бизнеспен бірлесіп, жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасын әзірлеуді бастауы қажет. Құжатта базалық кәсіпорындар, олардың ағымдағы көрсеткіштері мен мақсатты бағдарлары анықталуы керек. Қарсы міндеттемелер, ең алдымен, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту және өндірісті ұлғайту", - деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.03.2026, 17:25 188901
Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба: 34 жоба жүзеге асыру сатысында
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны (ЭКСЖ) жүзеге асыру бойынша Жобалық кеңсенің отырысы өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Қатысушылар жобаларды қаржыландыру, есепке алу құралдарын орнату және цифрлық шешімдерді енгізу, оның ішінде су жабдықтау саласындағы пилоттық жобалар туралы баяндады.
Бүгінгі таңда ЭКСЖ аясында расталған жобалардың жалпы сомасы 974 млрд теңгені құрайды. 34 жоба жүзеге асырылу кезеңінде, 130 жоба EPC-мердігерлерді айқындау сатысында. Тағы 145 жоба іріктеудің әртүрлі кезеңдерінен өтуде.
Ұлттық жобаны жүзеге асыруға әкімдіктерді тарту рейтингі қалыптастырылды. Оған дайындығы бойынша Алматы қаласы, Қарағанды және Алматы облыстары көш бастап тұр. Артта қалған өңірлер қатарында Маңғыстау мен Ұлытау облыстары бар.
ЭКСЖ шеңберінде кәріздік-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жұмыстары жалғасуда: 16 жоба толық жүзеге асыруға дайын, тағы 6 жоба пысықтау және әкімдіктер тарапынан түпкілікті шешім қабылдау сатысында.
Бәйтерек" холдингі мыңнан астам өтінімді қарады. Екінші кезеңде жалпы сомасы 300 млрд теңгеден асатын 144 жоба келісілді. Оның ішінде 89-ы - Қазақстанның даму банкі мен екінші деңгейлі банктер арқылы тікелей кредиттеу тетігі бойынша, 55-і - Қазақстандық тұрғын үй компаниясы арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу тетігі бойынша мақұлданды.
Су жабдықтау саласында заманауи есепке алу жүйелерін енгізу үшін есепке алу құралдарына қойылатын стандарттар әзірленді. Құжаттар Әділет министрлігінде тіркеуден өтуде.
ЭКСЖ электрондық сатып алу платформасының жұмысы бойынша байланыс орталығы (8 7172 99-94-36) ашылды. Іске қосылған сәттен бастап 800-ден астам өтініш тіркелді. Қазіргі уақытта ЭКСЖ-ның электрондық платформасын Bitrix жүйесімен интеграциялау аяқталуға жақын.
Отырыс барысында Қанат Бозымбаев желілердің ұзындығы, қаржыландыру көлемі және өңірлер бөлінісі бойынша нақты параметрлер көрсетілген ЭКСЖ-ны жүзеге асырудың бекітілген Жоспар-кестесіне қарамастан, жекелеген көрсеткіштер бойынша артта қалу фактілері бар екенін атап өтті. Әрбір көрсеткіш бойынша жауапты мемлекеттік органдар бекітілген. Вице-премьер нысаналы индикаторларға қол жеткізу туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынуды талап етті. Мерзімдердің созылуы жағдайында лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігі қаралатын болады.
Атап айтқанда, Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне ТКШ Қазорталығымен және әкімдіктермен бірлесіп, 10 наурызға дейін ЭКСЖ-ның электрондық платформасында барлық конкурстарды жариялауды және EPC-мердігерлерді толық тіркеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу жүктелді.
Қаржыландыру мәселелері бойынша әкімдіктерге қысқа мерзімде мәслихаттармен бірлескен отырыстар өткізіп, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару рәсімдерін жеделдету тапсырылды.
Қаржы министрлігіне "ҚТК" АҚ-мен бірлесіп, өтінімдер түскен сайын жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз ету жүктелді. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ айдың соңына дейін Дүниежүзілік банкті тарта отырып, кәріздік-тазарту құрылыстары жобаларын қаржыландыруды келісу жұмыстарын тездетуі тиіс.
Жобалық кеңсеге электрондық платформаның жұмысына қатысты барлық өтініштерге жедел ден қою және ЭКСЖ қатысушыларына сатып алудың барлық кезеңдерінде техникалық әрі консультациялық қолдау көрсету тапсырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.03.2026, 20:52 229471
346 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат және 1,2 млн кәсіпкер арнайы режимді таңдады
Достарға айту
Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің жетінші отырысында салық режимдерін таңдау бойынша деректер жарияланды. Кәсіпкерлер осы жылдың 1 наурызына дейін салық режимін таңдауға тиіс болатын, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимді 346 мың адам таңдаған, оның ішінде 265 мыңы - көлеңкелі айналымнан шыққан жаңа қатысушылар. Еске салсақ, салық реформасының негізгі мақсатының бірі - еңбек нарығын заңдастыру және заңды түрде жұмыс істеу үшін қарапайым, түсінікті әрі қолжетімді жағдай жасау. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы режимнің басты артықшылығы, табысқа салық салынбайды және жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес. Бұл бұрын тіркеусіз жұмыс істеген азаматтардың заңды түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы режимді 1,2 млн кәсіпкер таңдады.
Жалпыға ортақ пайдалы қазбалар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚӨС)
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, Бюджет кодексінің нормаларына сәйкес, жалпыға ортақ пайдалы қазбалар, жерасты сулары және емдік балшық бойынша ПҚӨС түсімдері өндіру орны бойынша жергілікті бюджеттерге есептелуі тиіс.
Сонымен қатар Салық кодексінің нормаларына сәйкес жалпыға ортақ пайдалы қазбалар, жерасты сулары және емдік балшық бойынша ПҚӨС жер қойнауын пайдаланушының орналасқан жері бойынша төленеді.
Бюджет және Салық кодекстерінің нормаларын үйлестіру қажеттілігіне байланысты тиісті өзгерістерді Салық кодексіне енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл өзгерістер қабылданғанға дейін 2025 жылғы IV тоқсан бойынша түсімдер жер қойнауын пайдаланушы тіркелген жерге (республикалық бюджетке) есептеледі. Ал 2026 жылғы міндеттемелерден бастап, өндіру орны бойынша (жергілікті бюджетке) бағытталады.
Корпоративтік табыс салығы (КТС) және табиғи монополиялар субъектілерінің нысаналы қаражаты
Отырыста табиғи монополиялар субъектілерінің нысаналы қаражатына КТС салу мәселесі де қаралды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тариф құрамына енгізілген пайда мен амортизация нысаналы сипатқа ие және тек инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруға - инфрақұрылымды салу, жаңғырту және қайта құруға бағытталады. Бұл қаражат еркін пайда болып саналмайды.
Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 2025-2029 жылдары желілерді жаңарту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Жаңа объектілер пайдалануға берілген кезде негізгі құралдардың құны мен амортизация көлемі артады. Бұл өз кезегінде КТС бойынша салық базасының ұлғаюына әкеледі.
Сонымен бірге КТС төлеуге арналған шығындар тарифте көзделмеген және өтелмейді. Бұл кәсіпорындарға қосымша қаржылық жүктеме түсіріп, олардың жаңғырту жобаларына қатысуын шектеуі мүмкін.
Осыған байланысты инвестициялық бағдарламалардың нысаналы қаражатына КТС салуға жол бермеу жөнінде бірыңғай тәсіл қалыптастырып, тиісті түсіндірме беру ұсынылды. Бұл инфрақұрылымды жаңартуды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге және тұтынушыларға түсетін жүктеменің өсуіне жол бермеуге арналған.
Сондай-ақ отырыста тау-кен металлургия саласы кәсіпорындары мен мемлекеттік мекемелерге салық нормаларын қолдануға қатысты мәселелер қаралды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
02.03.2026, 21:26 227876
Жедел штаб отырысында тыңайтқыштар мен көктемгі егіс жұмыстарына арналған жеңілдетілген дизель отынын жеткізу мәселелері қаралды
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен көктемгі дала жұмыстары жөніндегі жедел штаб отырысында өңірлерді тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жағдайы талқыланды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы еліміз бойынша 2,3 млн тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 мың тоннаға артық.
Жиын барысында келісімшарт жасауға және тиеп-жөнелту жұмыстары жеткілікті қарқынмен жүргізілмей жатқанына назар аударылды.
Әкімдіктердің нақты ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 414 мың тонна тыңайтқыш жеткізуге шарттар жасалған, оның 187 мың тоннасы жөнелтілген. Егіс науқаны басталып кеткен оңтүстік өңірлерге небәрі 30 мың тонна бағытталған.
Барлық өңір тыңайтқыш өндірушілерге қаражатты уақтылы аударуға кіріспегені туралы да айтылды. Премьер-министрдің орынбасары жұмыс қарқыны төмен облыстардың есебін тыңдап, қаржылық мәселелер мен жеткізілімдерді жеделдетуді, фермерлерді белгіленген мерзімде қажетті көлемдегі тыңайтқышпен қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Егіс жұмыстарын жүргізу үшін литрі 281 теңге бағамен 402 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Өткен жылы жеңілдетілген баға литріне 254 теңгені құраған болатын. Бұрынғыдай шаруалар үшін дизель отынының құны нарықтық бағадан 15%-ға төмен.
Сондай-ақ аграрлық сала өкілдерінің өтініші бойынша көктемгі жұмыстарға арналған арзандатылған дизель отынын алдын ала - күз мезгілінен бастап, жеңілдетілген қаржыландырумен қатар бөлу мүмкіндігі қаралды. Премьер-министрдің орынбасары бұл мәселені Энергетика министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп пысықтауды тапсырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
02.03.2026, 19:19 227876
Қазақстан Үкіметі мен Азия даму банкі $5,5 млрд-қа 15 жаңа жобаны жүзеге асыруға ниетті
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Азия даму банкінің (АДБ) президенті Масато Канда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген стратегиялық бағыттар шеңберінде инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мен инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында көлік және логистика, ТЖ, цифрлық технологияларды дамыту, тұрғын үй нарығы, "жасыл" қаржыландыру және тағы да басқа салалардағы жобалар талқыланды. Жасанды интеллект, дата-орталықтар салу, талшықты-оптикалық магистральдар жүргізу, көлік дәліздері мен кедендік рәсімдерді цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты дамыту әлеуеті атап өтілді. Қарағандыда кадрлар даярлау және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін 300 төсек орынға арналған университеттік аурухана салу бойынша МЖӘ жобасын жүзеге асыру барысы қаралды.
Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі негізгі әріптестерінің бірі - Азия даму банкімен жан-жақты өзара іс-қимылға ерекше мән беретінін атап өтті. Ынтымақтастық сапалы өсімге және халықтың әл-ауқатын арттыруға баса назар аудара отырып, экономикалық дамуды трансформациялауға бағытталған.
Азия даму банкінің президенті Масато Канда қаржы секторының тұрақтылығын арттыруды қоса алғанда, Қазақстанның құрылымдық реформалар бойынша жүргізіп жатқан жұмысын жоғары бағалады, сондай-ақ экономика секторларын ауқымды түрде цифрландыруды қолдауға мүдделі екенін білдірді.
ҚР Үкіметі мен Азия даму банкі арасында 2026-2029 жылдар аралығында жалпы сомасы шамамен $5,5 млрд болатын 15 перспективалық жобаны жүзеге асыру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат экономикада жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін мүмкіндік ашады. Атап айтқанда, өңірлік өзара байланыс, табиғи апаттарға төзімділікті арттыру, су ресурстарын басқару, ТКШ, ҚР тұрғын үй нарығын дамыту және тағы да басқа бағыттар бойынша бастамалар жоспарланған. Сондай-ақ АДБ жеке секторды, оның ішінде АӨК, көлік және логистика сияқты басқа да салалардағы жобаларды қаржыландыруды жалғастырады.
Сонымен қатар "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ пен Азия даму банкі арасында Сарыағаш қаласын айналып өтетін, ұзындығы 102 шақырым болатын жол салу жобасы бойынша келісімшартқа қол қойылды. Аталған жол Б. Қонысбаев атындағы өткізу пункті арқылы Өзбекстанға шығуды қамтамасыз етеді. Жаңа жол транзиттік ағынды елді мекеннен тыс жерлерге шығаруға мүмкіндік береді, бұл тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, автомобиль қатынасын жеделдетеді және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауданың тиімділігін арттырады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
27.04.2026, 11:09Қазақстан мен БАӘ стратегиялық серіктестікті нығайтуға бейілділіктерін растады
24.04.2026, 21:57 91241Қазақстан мен Германия "жасыл" стратегиялық серіктестікті нығайтуда: климат, су және орнықты даму24.04.2026, 14:53 87511Қазақстан мен Оман Сұлтандығы арасында Инвестициялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды24.04.2026, 16:47 19361Мемлекет басшысы Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі24.04.2026, 15:50 19116Мемлекет басшысы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды24.04.2026, 12:55 18796Олжас Бектенов Алматы тау кластері мен Almaty Superski жобаларын жүзеге асыру қарқынын жеделдетуді тапсырды
10.04.2026, 23:02 726431Қазақстан-Польша Үкіметаралық комиссиясы аясында ынтымақтастық перспективалары қарастырылды13.04.2026, 21:35 473191Қазақстан СІМ-де Франция Сенаты делегациясымен кездесу өтті14.04.2026, 09:37 473116Латвия мен Қазақстан көлік және логистика салаларындағы екіжақты байланыстарды нығайтуды жалғастыруда13.04.2026, 19:54 Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады473041Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады10.04.2026, 22:00 461766Сеулде "Орталық Азия - Корея Республикасы" алғашқы саммитіне дайындық мәселелері талқыланды

