17.01.2023, 09:33 30691

Қазақстанда қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы іске қосылды

Интерактивті карта азаматтарға кез келген уақытта қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері бойынша мониторингті жүзеге асыруға мүмкіндік береді
Қазақстанда қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы іске қосылды
Астана. 17 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанда мемлекеттік меншікке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы іске қосылды, оны Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірледі.

jerkarta.gharysh.kz геосервисінде бұған дейін игерілмеген, заңсыз беріліп, мемлекетке қайтарылған учаскелер туралы барлық ақпарат орналастырылған. Интерактивті карта азаматтарға кез келген уақытта қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері бойынша мониторингті жүзеге асыруға мүмкіндік береді және осы учаскелерді алу мақсатында жергілікті атқарушы органдарға өтініш беру үшін бағдар болады. Бұл жылдар бойы пайдаланылмаған ауылшаруашылық жерлерін айналымға тартуға, сондай-ақ тұрғындарды ауыл шаруашылығы үшін қажетті алаңдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.


Бүгінгі күні облыстар мен аудандар бөлінісінде инфографиканы әзірлеу, сондай-ақ порталдың интерфейсін толтыру процесі аяқталып жатыр.

Интерактивті картаны енгізу қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу бойынша жұмысты ашық әрі айқын етеді. Учаскелерді қайта бөлудің одан әрі мониторингін аумақтық жер ресурстарын басқару жөніндегі департаменттер, әкімдіктер мен прокуратура қызметкерлері қол жеткізе алатын жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры платформасында жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Қайта бөлу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін конкурстарды өткізу модулін Электрондық сауда алаңының базасында іске асыру ұсынылады. Қазіргі уақытта заңнамаға сәйкес, жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурс қағаз жүзінде өткізіледі.

Бұрын хабарланғандай, 2022 жылы мемлекетке пайдаланылмаған 1,5 млн га жер қайтарылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны