09.02.2022, 17:22 31471

Қазақстанда бизнесті дамытуға арналған жастар гранттарының мөлшері өсті

Қазақстанда бизнесті дамытуға арналған жастар гранттарының мөлшері өсті
НҰР-СҰЛТАН. 9 АҚПАН - Ағымдағы жылғы 7 ақпанда "Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 14 маусымдағы №516 бұйрығына және Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

2016 жылғы бұйрыққа енгізілетін өзгерістер аясында жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін бизнесті дамытуға арналған гранттар көлемін 400 АЕК-ке дейін (2022 жылы – 1,2 млн теңге) ұлғайту көзделген. Гранттар беру жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын өз ісін ашу үшін бастапқы құралдармен қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылы барлығы 20 мың адамды гранттармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр", - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінде.

 
Қағидаларға енгізілген өзгерістермен жастар практикасына және "Алғашқы жұмыс орны" жобасына қатысатын жас мамандардың жалақы мөлшерін 30 АЕК-ке дейін ұлғайту, сондай-ақ жастар практикасына және "Алғашқы жұмыс орны" жобасына қатысу мерзімдерін тиісінше 12 және 18 айға дейін ұлғайту көзделеді.
 

Бұл өзгерістер жастардың алған мамандығы бойынша жұмыс орнына сәтті бейімделуіне және бекітілуіне ықпал етеді", - деп атап өтті Еңбек министрлігі.

 
Ағымдағы жылы жастар практикасына кемінде 22 мың адамды жіберу, сондай-ақ "Алғашқы жұмыс орны" жобасына кемінде 3 мың жас адамның қатысуын ұйымдастыру жоспарлануда.
 
Осылайша, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысының халыққа көрсетілетін жұмыспен қамту шараларының тиімділігін арттыру бойынша берген тапсырмаларын орындады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны