27.09.2022, 15:03 14576

Бизнесті қолдау бойынша жобаны іске асыруға шамамен 1,5 трлн теңге бағытталды

Ұлттық жобаны іске асыру 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады: кәсіпкерлік белсенділікті арттыру, кәсіпкерлердің өсуін акселерациялау, жаңа тауашаларды қалыптастыру, бәсекелестікті кешенді дамыту.
Бизнесті қолдау бойынша жобаны іске асыруға шамамен 1,5 трлн теңге бағытталды
Сурет: Primeminister.kz
АСТАНА. 27 ҚЫРКҮЙЕК - 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шағын және орта кәсіпкерліктің бәсекеге қабілетті секторын қалыптастыруға, кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін арттыруға және кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдайлар жасауға бағытталған. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ұлттық жобаны іске асыру 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады: кәсіпкерлік белсенділікті арттыру, кәсіпкерлердің өсуін акселерациялау, жаңа тауашаларды қалыптастыру, бәсекелестікті кешенді дамыту. 10 міндет, 30 көрсеткіш және 69 іс-шара айқындалды, деді ҰЭМ басшысы.
 
Экономика министрінің айтуынша, ұлттық жобаның іс-шараларын қаржыландырудың жалпы көлемі 2021 жылға шамамен 900 млрд теңгеден астам соманы құрады, оның ішінде РБ – 271 млрд теңге. 2022 жылы Ұлттық жобаны іске асыруға 1,6 млрд теңге жоспарланған, оның ішінде бюджеттен тыс қаражат – 1,2 млрд теңгеден астам.
 
Министрдің айтуынша, пандемияға байланысты 2020 жылы Бизнестің жол картасы-2025 шеңберінде салалық шектеулер алынып тасталды, бұл субсидиялау және кепілдік беру жөніндегі көрсеткіштің 62%-ға артығымен орындалуына ықпал етті және 48,8 мың жоба мемлекеттік қолдаумен қамтылды.
 

Көрсетілетін қызметтер мен өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 984 жобаға гранттар берілді. "Бастау бизнес" жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне 33,4 мың адам оқытылды", — деді Ә. Қуантыров.

 
Туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау шеңберінде нөмірлік қор 193 мың төсек-орынға дейін ұлғайтылды. Ішкі туристер саны 6,9 млн адамға дейін (жоспар бойынша 5,3 млн адам) өсті. 
 

Сонымен бірге 2021 жылы туризм саласы пандемияның салдарынан кіруге байланысты шектеулер болғандықтан, қиындықтарға тап болды. Осыған байланысты, сырттан келушілер туризмі бойынша көрсеткішке қол жеткізілген жоқ", — деді министр.

 
Сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырғаннан кейін тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған адамдар үлесінің ұлғаюы бойынша көрсеткішке қол жеткізілмеді. 
 

2021 жылдың қорытындысы бойынша жұмысқа орналастырылғандардың үлесі 40,5%-ды құрады, жоспар бойынша – 50%", - деп нақтылады ол.

 
Сондай-ақ, ол мемлекеттік сектордың экономикадағы үлесі 14,5%-ға дейін төмендегенін айтты.
 

Ұлттық жобаның негізгі көрсеткіштері оң серпін көрсетіп отыр. Мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін барынша қамту мақсатында ағымдағы жылдың басынан бастап кредит сомасы 7 млрд теңгеден 3 млрд теңгеге дейін төмендетілді, бұл жоспарланған 4 239 жобаның орнына шамамен 16,8 мың жобаны субсидиялауға және кепілдендіруге мүмкіндік берді", — деді министр.

 
Отырыс барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның басты мақсаты – халықты жұмыспен қамтып, кәсіпкерлік субъектілерінің бәріне бірдей, тең жағдай жасау екенін атап өтті. Бұл үшін мемлекет бизнесті жүргізудің ашық және түсінікті ережелерін қабылдап отыр.
 
Сонымен қатар Үкімет басшысы Үкіметтің "Атамекен" палатасымен бірлесіп, кәсіпкерлік қызмет саласына жаңа реттеу саясатын енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатқанын еске салды. Атап айтқанда, адами факторлардың әсерін барынша азайту үшін мемлекеттік бақылауда тәуекелдерді басқару және бағалау жүйесін автоматтандыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда.
 

Реформаны "таза парақтан бастап" жүзеге асыру бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасайды", — деді Премьер-Министр. 

 
Оның айтуынша, биыл шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 33,5%-ға жетті. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 1,4 млн. Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 3,5 млн адамды құрап отыр.
 

Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында осы бағыттағы сапалы өзгерістерге қол жеткізу. Ұлттық жобаны іске асыру 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35%-ға дейін ұлғайтуға, 1 млн-ға жуық жұмыс орнын құруға және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін азайтуға мүмкіндік беруі тиіс", — деді Әлихан Смайылов. 

 
Бұл орайда ұлттық жобаның көрсеткіштеріне сапалы және уақытылы қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін Премьер-Министр бизнеске арналған қарсы міндеттемелерді ескере отырып, ұлттық жобаның барлық бағыттары бойынша мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруды тапсырды. 
 
Одан бөлек, әкімдіктерге кәсіп ашам деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды: электрмен, сумен, жылумен қамтамасыз ету, жол салу мәселелері бойынша жедел шешім қабылдау керек. Ұлттық экономика министрлігі мен "Атамекен" палатасына бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ бизнеске арналған міндетті талаптарды, оның ішінде жаңадан енгізілетін талаптарды да қайта қарау тапсырылды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны