14.09.2021, 20:11 8828

Досаев инфляция бойынша болжам жасады

Болжамды раундтың қорытындылары бойынша Ұлттық банк инфляцияны 7,5-8,5% дәлізінде күтуде.
НҰР-СҰЛТАН. 14 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысы барысында Ұлттық Банк Төрағасы Ерболат Досаев инфляция бойынша болжамды жариялады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Болжамды раундтың қорытындылары бойынша Ұлттық банк инфляцияны 7,5-8,5% дәлізінде күтуде, оның төменгі шегі инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешенін тиімді іске асыруды ескере отырып айқындалған", — деді Е. Досаев.

 
Ол Қазақстанда инфляцияның өсуі барынша орнықты сипатқа ие болуда екенін атап өтті.
 

Биылғы сәуірден бастап тамыз аралығында жылдық инфляция 7%-тен 8,7%-ке дейін жылдамдады. Бағаның ай сайынғы өсуі 2008 жылдан бері алғаш рет тамызда ең жоғары болды. Маусымдық тазартылған базалық инфляция, яғни көкөністер мен жемістер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қызметтері мен энергия ресурстары бағасының өсуін есепке алмағандағы инфляция тарихи орташа мәндерден 25%-ке жоғары болды және орнықты инфляциялық процестердің қалыптасуын көрсете отырып, 0,75% болды", - деп хабарлады Досаев.

 
Ол тұтыну бағасының жиынтық индексінің 51%-ін құрайтын азық-түлік инфляциясы тарапынан бағаларға негізгі қысым көрсетілетінін атап өтті. Оның жылдық өсуі бір айда 0,4 пайыздық тармаққа жеделдеп, осы жылғы тамызда 11,4%-ке жетті.
 
Спикердің ақпараты бойынша, азық-түлікке жатпайтын инфляция тамызда 7,3%-ке дейін 0,1 пайыздық тармаққа өсті.
 

Өндірушілер бағасының өсуі және сұраныстың қалпына келуі аясында жанар-жағармай бағасының өсуі жалғасуда, бұл киім-кешек және аяқ киім бағасының да өсуін жеделдетеді. Олардың азық-түлікке жатпайтын инфляцияға үлесі осы жылдың мамыр-тамыз айларында 0,94 пайыздық тармақты құрады", - деді спикер.

 
Ақылы қызметтер инфляциясы биылғы тамызда 6,6%-ке дейін 0,5 пайыздық тармаққа жеделдеді. Шекті тарифтердің көтерілуіне байланысты электр энергиясы бағасының өсуі 10,1%-ті құрады. Сұранысты қалпына келтіру аясында тұрғын үйді жалға алу бағасы, қоғамдық тамақтану, газ және жолаушылар әуе тасымалы бағасы өсті.
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны