07.09.2021, 21:51 8399

Ұлттық банк инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешенін жариялады

Ұлттық банк 2023 жылдан бастап бағаны әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуге ауысуды бастау орынды деп есептейді.
НҰР-СҰЛТАН. 7 ҚЫРКҮЙЕК - Инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешенін Үкімет отырысы барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев жариялады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мемлекет басшысының инфляцияны 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық Банк, бірінші кезекте, Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені шеңберінде монетарлық емес факторларды тұрақтандыруға бағытталған шараларды қабылдауды қолдайды.
 

Биылғы жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша 11,4% деңгейіне жеткен азық-түлік бағасының өсуі инфляцияны жеделдетуге негізгі үлес қосты. Оны осы жылдың соңына қарай 8%-ға дейін төмендету үшін Шаралар кешеніне сәйкес Үкімет пен әкімдер реттеушілік сипаттағы және монополияға қарсы ықпал етудің тиімді уақытша шараларын негізге ала отырып, жекелеген нарықтардағы маусымдық күтпеген өзгерістер мен теңгерімсіздіктерді жою бойынша жедел шаралар қабылдайтын болады", — деді Е. Досаев.

 
Оның айтуынша, инфляцияны тұрақтандыру бойынша Мемлекет басшысы алға қойған орта мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет тауарлардың өндірісі, экспорты мен импорты балансын қатаң сақтай отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыру, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру және тиімді тауар өткізу жүйесін дамыту жөніндегі бастамаларды іске асыратын болады. 
 
Ұлттық Банк басшысының пікірінше, бұл азық-түлік инфляциясын 2022 жылы 6%-ға дейін және 2023-2024 жылдары 5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
 

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша басқа тауарлар мен қызметтерге тікелей әсер етумен қатар айтарлықтай жанама ықпал ететін жанар-жағармай нарығы бағаның өсуін тежеудің негізгі әлеуетіне жатады. Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісім бойынша біз азық-түлікке жатпайтын инфляцияның 2022 жылы 5%-ке дейін және 2023-2024 жылдары 4%-ке дейін төмендеуін күтеміз", — деді Банк төрағасы.

 
Ұлттық Банк басшысының айтуынша, реттелетін қызметтер үшін орта мерзімді негізде болжамды және теңгерімді тарифтік саясатты енгізу айырықша маңызды болып табылады. 
 

2023 жылдан бастап бағаны әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуге ауысуды бастау орынды деп есептейміз. Бұл сервистік инфляцияны 2022-2024 жылдары 4% деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік береді", — деді Е. Досаев.

 
Ұлттық Банктің ақпараты бойынша, бірқатар облыстарда биылғы жылдың басынан бастап бағалардың тұрақты түрде жоғары өсімі байқалады. Мысалы, осы жылғы тамызда 5 өңірде инфляция 9%-дан жоғары қалыптасты. Осыған байланысты Ұлттық Банк аталған облыстар үшін инфляцияны тұрақтандырудың арнайы жоспарларын қабылдап, өңірлермен бөлек-бөлек жұмыс жүргізуді ұсынды.
 
Шаралар кешеніне қосымша орта мерзімді перспективада Үкімет, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы Макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы 2021-2023 жылдарға арналған келісімді тиімді іске асыру да инфляцияны орнықты түрде төмендетуге ықпал ететін болады.
 

Бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары бюджеттің мұнайға жатпайтын тапшылығын одан әрі төмендету, тауарлар мен қызметтердің шикізатқа жатпайтын экспортының көлемін ұлғайту, сондай-ақ азық-түлік тауарларын тұтынудағы импорт үлесін төмендету болып табылады", - деп түсіндірді Ерболат Досаев.

 
Өз өкілеттіктері шеңберінде Ақша-кредит саясатының 2030 жылғы дейінгі стратегиясына сәйкес шамадан тыс өтімділікті қысқарту үшін Ұлттық Банк 2025 жылға дейін экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларынан кезең-кезеңімен толық шығуға ниеттеніп отыр.
 
Ұлттық Банк баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады. Үкімет тарапынан ұсынылған инфляцияның монетарлық емес факторларын төмендету шаралары тиімді іске асырылған жағдайда, "Ұлттық Банк баға тұрақтылығына қолжеткізуді ескере отырып, ақша-кредит талаптарын жеңілдету жөнінде шешім қабылдауға өзінің дайын екендігін растайды".
 

Мемлекет басшысының 2022 жылы инфляцияның нысаналы дәлізге 4-6% және 2023-2024 жылдары 4-5% кіруі жөніндегі тапсырмаларын орындауға барлық шаралар кешенін толыққанды іске асыру нәтижесінде қол жеткізіледі деп санаймын", - деп түйіндеді Ұлттық банк төрағасы.

 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны