14.12.2022, 15:44 33061

Мәжіліс жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын мақұлдады
Сурет: Depositphotos
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімдерінің 3 түрі қолданылатын болады 

Астана. 14 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі.

Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев үш түрлі рәсім енгізілгенін айтты. Оның сөзінше, үш рәсімді де тек борышкер ғана бастай алады, ал несие берушінің бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.

Бірінші - соттан тыс банкроттық рәсім. Оған азаматтар банктер, микроқаржылық ұйымдар мен коллекторлар алдындағы берешек 4,9 млн. теңгеден аспаса және ресми кірісі жоқ немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын (36 018) табысы болса өтініш бере алады. Сомасы 4,9 млн. теңгеден асатын қарыздар және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Бұл рәсімде борышкердің мүлкі сатылып, түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Ал төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады", - Е.Жамаубаев.


Министр жалпы аталған заңды іске асыру азаматтардың борыштық жүктемесін азайтуға, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету және қаржылық сауаттылықты арттыруға, қарызды өтеуге ынталандыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 5 қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал мәселелері жөніндегі кеңесте жеке тұлғалардың банкроттық туралы Заңын әзірлеуге кірісуді тапсырған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны