01.02.2023, 11:36 20966

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы 6 ақпанда басталады

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы 6 ақпанда басталады
Сурет: Depositphotos
Пилоттық платформаның алғашқы іске қосылуында 761-ге дейін өтініш беруші тіркеле алады

Астана. 1 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Көлік алуға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау платформасы іске қосылады. Бұл туралы "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ басқарушы директоры Ғалымжан Әди айтты.

Биылғы 6 ақпанда "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ ("Қазақстанның Даму Банкі" АҚ еншілес ұйымы) көлік алуға жеңілдікпен пайызы төмен несие беру бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау үшін пилоттық платформаны іске қосады", - деді Ғалымжан Әди елордада өткен баспасөз мәслихатында.


Өтінімдерді қабылдау Астана уақыты бойынша сағат 10:00-де www.autonesie.kz ресми сайты арқылы жүргізіледі. Осы орайда өтінім беру үшін компьютер арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны енгізіп, қосылуға болады. Платформада тек Қазақстан Республикасының аумағында тіркелуге мүмкіндік бар.

Сайтта өтінім берген кезде өтініш берушінің деректері автоматты түрде ЭЦҚ арқылы қалыптасады. Өтініш беруші міндетті түрде телефон нөмірін енгізіп, автокөлік өндіруші компанияны таңдап, өтінімге қол қояды. Өтінімнің тіркелуі барысы сайттағы "жеке кабинет" арқылы тексеріледі", - делінген аталған қордың мәліметінде.


Қазіргі кезде "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ-да жинақталған қаражат сомасы 7,6 млрд теңгеге жетті. Осы орайда пилоттық платформа келесі аптада іске қосылған кезде 761 адам тіркеле алады. Яғни 761 адам толық тіркелса, платформада өтінім қабылдау автоматты түрде тоқтайды.

Кейін аталған платформада өтінім қабылдау ай сайын жүргізіледі және 100-ден астам адамды тіркеуге мүмкіндік береді", - деп аталып өткен таратылған хабарламада.


Көлік алуға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы бойынша бұрынғы шарттар өзгеріссіз қалды:

- бір автокөліктің құны 15 млн теңгеден аспайды;

- қаржыландыру сомасы 10 млн теңгеден артық емес;

- қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды;

- бастапқы жарна - 0 пайыз.

Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны