05.12.2022, 12:58 10386

Екібастұздағы ТЖ: 71 үйдің жылыту тораптарына жылу берілді

Пәтерлердің ішіндегі құбырлар мен регистрлерді қосу жүріп жатыр
Екібастұздағы ТЖ: 71 үйдің жылыту тораптарына жылу берілді
Сурет: t.me/KZgovernment
Екібастұз. 5 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазіргі уақытта Екібастұзда 71 көпқабатты проблемалық үйдің жертөлелеріндегі жылыту тораптарына жылу берілді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Жедел штабтың жетекшісі - Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қазіргі таңда осы үйлердің жылыту тораптарында жөндеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Қазір пәтерлердің ішіндегі құбырлар мен регистрлерді қосу жүріп жатыр. Сонымен қатар мамандар су және кәріз жүйелерін қалпына келтіруде.

Жедел штаб жүргізілген жөндеу жұмыстарының тізбесі берілген барлық зардап шеккен үйдің тізімін жариялады", - делінген хабарламада.


Ведомствоның ақпараты бойынша, Екібастұзда барлығы 689 көп қабатты үй бар. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 851 адам жұмылдырылған.

Екібастұз ЖЭО-дағы апат қала тұрғындарын 30 градус аязда жылусыз қалдырды. 130 тұрғын үй, сондай-ақ әлеуметтік нысандар: мектептер, балабақшалар мен ауруханалар жылытудан ажыратылды. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Әлеуметтік орталықтардың кейбір балалары мен қалалық аурухананың кейбір пациенттерін эвакуациялауға тура келді. Балабақшалар жұмысын тоқтатты, ал оқушылар уақытша қашықтықтан оқытуға ауыстырылды.

30 қарашада Екібастұзда Үкімет мүшелерінің қатысуымен жедел штабтың отырысы өтті. Жиында ЖЭО-ның иелері апатқа байланысты барлық шығынды қала тұрғындарына толығымен өтейтіні, сондай-ақ жылумен қамту қызметіне қайта есептеу жүргізілетіні айтылды.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов ЖЭО-дағы апатты уақтылы қаржыландыру арқылы болдырмауға болатынын айтты.

Павлодар облысының прокуратурасы ТЖ фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оның тергеуін арнайы комиссия жүргізді. Бейсенбіде бірінші вице-премьер Роман Скляр апаттың алдын-ала себептерін айтты. Оның айтуынша, станция қызметкерлерінің қате әрекеттерінен желідегі қысым күшейіп, соның салдарынан жылу трассаларында көптеген жарылулар орын алған және бұл өз кезегінде қазандықтардың тоқтап қалуына әкеліп соқты.

Бейсенбіде Президент Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовты қызметінен босатты. Әлеуметтік желілерде бұрынғы басшы төтенше жағдай үшін қала тұрғындарынан кешірім сұрады.

Апаттан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке проблемалы энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтаруды қарастыруды тапсырды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Екібастұз тұрғынының қазақстандықтардан көмек сұрап жатқан видеосы тараған еді. Видео авторының айтуынша, қалаға жылытқыштар емес, адам ресурстары қажет.

Екібастұздықтарға еріктілер көмекке аттанды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны