07.07.2021, 23:11 10392

Finiko компаниясының қызметінде қаржы пирамидасының белгілері анықталды

НҰР-СҰЛТАН. 7 ШІЛДЕ - Инвестициялық қызметтен жоғары табыстылықты төлеуді уәде ете отырып, өз қызметін белсенді жарнамалайтын Finiko компаниясы қаржы пирамидасы деп танылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікті мониторингтеу барысында инвестициялық қызметтен жоғары кіріс алуға уәде бере отырып, өз қызметін белсенді жарнамалайтын "Finiko" компаниясы анықталды. Атап айтқанда, осы ұйымның аккаунттары Instagram-да жарнамаланады: https://www.instagram.com/finiko.ru/, hlhttps://www.instagram.com/ finiko.kazakhstan/?hl=ru. "Finiko" пайдаланушыларға "Сyfron Sapital OU" платформасында cryptocurrency және басқа инвестициялық құралдарды сатып алуды ұсынады. Бұл жылжымайтын мүлікті, автомобильдерді сатып алуға, міндеттемелерді өтеуге және инвестициялауға байланысты жағдайларды имитациялайтын ойын алаңы", - деп хабарлайды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

 
СYFRON (CFR) – есептеулер жүргізілетін криптовалюта ресми валюта болып табылмайды және қаржылық құндылығы жоқ. Осылайша, пайдаланушылар ақшаны нақты инвестициялық компанияға емес, оның жалған үлгісіне салады.
 
Өз кезегінде "Finiko" компаниясы осы ойын платформасын пайдалану кезінде күніне 1-1,2% мөлшерлеме бойынша кіріс төлеуді уәде етеді, бұл халықтың теңгелік депозиттері бойынша орташа нарықтық мөлшерлемеден 43 есеге дейін асатын жылдық есептеудегі кірістіліктің жоғары деңгейіне сәйкес келеді. 
 

"Finiko" сонымен қатар тұтынушылық және ипотекалық несиелерді өтеуді ұсынады. Егер компания борыш сомасының 35%-ын салса, ол қатысушының кредиті бойынша бүкіл соманы төлеуге міндеттенеді. Осындай талаптар автокөлік пен жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде ұсынылады: жарна мүлік құнының кемінде 35%-ын құрайды және 3-4 ай өткеннен кейін компания оны сатып алуға және қатысушының меншігіне беруге уәде береді. Компания сондай-ақ кез келген сатып алу үшін 25%-ға дейін ақшаны қайтаруды және тегін қызмет көрсету кезінде ай сайынғы қаражат қалдығына 6% сыйақыны ұсынатын жалған кэшбэк-карталар есебінен көтеріңкі кірістілікті алуға уәде етеді. Сонымен қатар, осы карта аясында 1-5 адам тарту үшін 1%-дан 10%-ға дейін жоғары кэшбэк пайызын ұсынатын анықтамалық бағдарлама бар. "Finiko" өтініші бойынша кэшбэк-карточка MasterCard-пен ынтымақтастықта жасалғанын атап өтеміз. Алайда, "Finiko" MasterCard серіктестерінің тізімінде жоқ", - делінген хабарламада.

 
 "Finiko" компаниясы банктерде арнайы есеп айырысу шоттарын пайдаланбайды. Алаяқтық операцияларды жүргізу үшін ол ақшаны тек қолма-қол нысанда қабылдайды не Qiwi-кошелек, Яндех-ақша, Easy Pay, PayPal және т.б. сияқты интернет-төлемдер мен аударымдардың түрлі жүйелерін пайдаланады. Осылайша, қатысушылар салынған қаражаттың қайда бағытталғанын бақылай алмайды. 
 

Қаржы пирамидасын ұйымдастыру фактісі бойынша Ресей Федерациясының аумағында "Finiko" компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Компанияның жалпы шығыны 80 миллион рубльден асады. 2019 жылғы тамыз - 2020 жылғы желтоқсан аралығында компания Татарстан мен Ресей Федерациясының басқа субъектілерінің аумағында жеке тұлғалардың қаражатын қор нарықтары мен криптовалютаға инвестициялау үшін деп тартқаны анықталды. РФ Орталық Банкінің сайтында "Finiko" "қаржылық пирамида" белгілері бар компаниялар тізімінде тұр. Берілген тізімде Орталық Банк қаржылық пирамидалардың немесе өзге алаяқтық әрекеттердің айқын белгілерін анықтаған компаниялар көрсетілген. Қазіргі уақытта тізім 1913 ұйымнан тұрады", - деп мәлімдеді агенттікте.

 
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Finiko" қызметін анық қаржылық пирамида мен қаржылық алаяқтықтың белгілеріне ие деп бағалайды. Берілген компания қаржылық ұйымдарға жатпайды, өйткені оның уәкілетті орган берген лицензиясы жоқ, тиісінше, ол халықтан ақша тарту, тартылған қаражатты сенімді басқару және инвестициялау бойынша қызмет атқаруға құқылы емес.
 
Агенттік депозиттер түрінде немесе қаржылық құралдарға инвестицияларды жүзеге асыру үшін ақшаны тарту тек қана екінші деңгейдегі банктер, ұлттық пошта операторы және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары (брокер-дилерлер және басқарушы компаниялар) жүзеге асыра алатын лицензияланатын қызмет түрлеріне жататынын еске салады. Агенттіктің лицензиясын алған ұйымдар туралы ақпарат Агенттіктің интернет-ресурсында жарияланған.
 
Осыған байланысты, Агенттік Қазақстан азаматтарына "Finiko" компаниясына инвестиция жасау және онымен шарттық қатынастарды орнату, берілген компанияның шотына қаражат аудару немесе қолма-қол ақша беру қауіпті болып табылатыны туралы хабаралайды. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны