27.08.2021, 22:18 12113

Тоқаев Жамбыл облысындағы жарылыстардың салдарын жою бойынша бірінші кезектегі міндеттерді атады

НҰР-СҰЛТАН. 27 ТАМЫЗ - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында болған жарылыстарға байланысты шұғыл жиналыс өткізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында болған төтенше оқиға салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккен адамдардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
 

Өкінішке қарай, әскери қызметшілер мен құтқарушылар арасында адам шығыны бар. Олар қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапты. Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған адамдардың тезірек сауығып кетуін тілеймін", – деді Мемлекет басшысы. 

 
Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы төтенше оқиғаға байланысты бірқатар шараларды шұғыл қолға алуды тапсырды.
 

Бірінші. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылсын. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Роман Васильевич Скляр басшылық етсін. Роман Васильевич, сізге қазір жиналыс аяқталған соң Жамбыл өңіріне шұғыл баруды тапсырамын. Жұмыстың басы-қасында болып, барлық шараларды оқиға орнынан ұйымдастырыңыз. Екінші. Қаза болған азаматтардың отбасын әлеуметтік қорғау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылдансын. Үшінші. Денсаулық сақтау министрлігі төтенше оқиға салдарынан жарақат алған азаматтарға жан-жақты медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырсын", – деді Мемлекет басшысы.

 
Президент қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.
 

Мемлекеттік уәкілетті органдар қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсетудің барлық шараларын қабылдауы қажет. Жұмылдырылған барлық сала мамандарының жанкештілігінің арқасында жағдай бақылауға алынып, одан да көп шығынға жол берілмеді. Құтқарушыларға, дәрігерлерге, полиция, прокуратура және әкімдік қызметкерлеріне алғыс айтамын. Дегенмен өрттің салдары қиынға соқты. Адамдар зардап шекті. Көптеген азамат баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Елді мекендердің инфрақұрылымына зақым келіп, бірқатар ғимараттар қирап қалды. Осыған байланысты шұғыл шаралар қабылданды. Бірақ әлі де көп қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

 
Тағы бір маңызды мәселе ретінде апаттың себептерін анықтау қажет екенін айтты. Бұндай жағдайлардың алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
 
Мемлекет басшысы екі жыл бұрын Арыста болған жарылысты еске алып, қару-жарақ қоймаларында әлі де шешілмеген түйінді мәселелердің бар екенін айтты. Президент Арыс оқиғасынан кейін арнайы тапсырма бергенін, енді осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп аяқтауға тапсырма берді.
 
Сондай-ақ Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарының мұқият жүргізуді қамтамасыз етуді, Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. 
 
Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға оқиға туралы жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.
 
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 26 тамызда сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрілер қоймасынан өрт шықты. Өрт тез арада инженерлік оқ-дәрілер сақталатын қоймаларға таралды. Өртті оқшаулау мүмкін болмай ол басқа қоймаларға таралды. Өрт шығып, 10-нан астам инженерлік оқ-дәрілер жарылды
 
Соңғы мәліметтер бойынша, 9 адам қайғылы оқиғаның құрбаны болды. Оқиға орнында іздеу жұмыстары жалғасуда. Ауруханаларда 28 адам бар, олардың 6-ы ауыр халде.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны