16.06.2026, 15:42 666

Алматыда Ауғанстанның келешегі мен өңірлік ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Алматыда Ауғанстанның келешегі мен өңірлік ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Сурет: ҚР СІМ
Алматыдағы UN Plaza ғимаратында орналасқан Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығында Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдерінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілдері мен елшілерінің сегізінші отырысы өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесу барысында қатысушылар Ауғанстандағы жағдайды, өңірлік қауіпсіздік мәселелерін, гуманитарлық жағдайды, адам құқықтарын, климаттың өзгеруі мен су ресурстарын басқару сияқты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, Ауғанстан арқылы өтетін көлік және транзиттік дәліздерді дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар Орталық және Оңтүстік Азия, сондай-ақ Еуропалық одақ арасындағы сауда байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.

Жиында Қазақстанның өңірлік мәселелерді саяси-дипломатиялық жолмен шешуді, көршілес тату қатынастарды дамытуды және халықаралық үдерістердегі БҰҰ рөлін күшейтуді қолдайтыны атап өтілді. Делегация басшылары Қазақстанның Ауғанстан бойынша халықаралық диалогты қолдауға, гуманитарлық көмек көрсетуге, білім беру бағдарламаларын іске асыруға және өңірлік экономикалық ықпалдастықты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Қазақстан Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Еркін Тұқымов Қазақстанның "мойындамау, бірақ прагматикалық өзара іс-қимыл жасау" қағидатын ұстанатынын және Ауғанстанмен көлік, энергетика және гуманитарлық байланыстарды дамытып мәлімдеді.

Ауғанстанды ресми тану мәселесінде біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдеріне сүйенеміз. Біз Ауғанстанға тек өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіп көзі ретінде қарауды тоқтаттық. Оны өңір мен Қазақстан үшін мүмкіндіктер тұрғысынан да қарастыру қажет. Ауғанстан бойынша жобаларды іске асыруда және олардың тиімділігі мен тәуекелдерін бағалауда жылдам нәтиже күтудің қажеті жоқ",- деді Еркін Тұқымов.


Түрікменстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмет Гурбанов Ашхабадтың бейбіт әрі экономикалық тұрғыдан Ауғанстанды тұрақты қолдауды жалғастырып отырғанын және оны өңірлік интеграцияның маңызды қатысушысы ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

Еуропалық одақтың Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Жиль Бертран ЕО мен Орталық Азия елдерінің кездесулері ауған мәселесі бойынша тұрақты диалог жүргізуге мүмкіндік беретін бірегей алаң екенін атап өтті. Ол сондай-ақ халықаралық көмектің қысқаруы жағдайында Ауғанстан халқына қолдауды жалғастыру қажеттігін айтты.

БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Каха Имнадзе ұзақ мерзімді тұрақтылыққа Ауғанстанды өңірлік экономикалық үдерістерге толыққанды кіріктіру арқылы ғана қол жеткізуге болатынын мәлімдеді.

Қатысушылар Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының қызметінің маңыздылығын атап өтіп, қаланың халықаралық диалог алаңы ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын жеткізді.

Отырыс қорытындысы бойынша, тараптар Ауғанстандағы бейбітшілікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды қолдау мақсатында Орталық Азия елдері, Еуропалық одақ және БҰҰ құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендіктерін растады.

Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Еуропалық одақ және БҰҰ өкілдері қатысты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны