27.02.2026, 11:51 2091

Қазақстан-Бруней ынтымақтастығы жаңа кезеңге шықты

Қазақстан-Бруней ынтымақтастығы жаңа кезеңге шықты
Сурет: gov.kz
Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Бруней-Даруссалам Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ұйымдар жөніндегі тұрақты хатшысының орынбасары Хаджи Мохд Юсра Хаджи Мохд Саллехпен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Келіссөздер барысында екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Тараптар саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, шарт-құқықтық базаны жетілдіруге, сондай-ақ әрекеттестіктің институционалдық тетіктерін іске қосуға және дамытуға өзара мүдделілік білдіргенін растады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру екіжақты серіктестікті кеңейтудің маңызды элементі ретінде аталып өтті.

Қазақстан Бруней компаниялары үшін өңіріміздің және Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығатын қақпа бола алады. Сондай-ақ елдеріміз арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету үшін зор әлеует бар. Бруней компанияларын энергетика, көлік және логистика, туризм, медицина, жаңа технологиялар және қаржы салаларына инвестиция салуға шақырамыз", - деп кездесу барысында қазақ дипломаты атап өтті.


Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы күш-жігерді үйлестіруге, соның ішінде халықаралық алаңдардағы бастамаларды өзара қолдауға ерекше назар аударылды.

Қазақстан тарапы Азиядағы ынтымақтастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысына Бруней-Даруссаламның қосылу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Елдеріміз өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелердің басым бөлігі бойынша ортақ ұстанымға ие, бұл халықаралық ұйымдар аясындағы бірлескен күш-жігерімізге берік негіз қалайды", - деп атап өтті А. Бакаев.


Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Бруней қатынастарын ілгері дамытуды мақсат тұтатынын растап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы диалог пен үйлестіруді жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны