22.06.2026, 16:24 671

Қазақстан мен Ауғанстан қауіпсіздік, азот зауыты және кинология салаларында бірқатар келісімдер жасады

Қазақстан мен Ауғанстан қауіпсіздік, азот зауыты және кинология салаларында бірқатар келісімдер жасады
Қазақстандық мамандар Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласындағы азот өндіретін зауытты жаңғырту жұмыстарына қатысуы мүмкін. Бұл мәселе Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның Ішкі істер министрі Сираджуддин Хаккани арасындағы Кабулдағы кездесуде талқыланды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша қазақстандық инженерлер кәсіпорынға барып үлгергені хабарланды. Келесі кезеңде зауытқа техникалық тексеру жүргізіліп, қажетті жұмыстардың көлемі мен олардың құны анықталмақ.

Қазақстандық компаниялар өндірісті жаңғыртуға, жабдықтарды жеткізуге және іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізуге дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, екі тарап жобаны қаржыландыру, логистика және нысанда жұмыс істейтін мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ауғанстан қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты да қарастырды. Серік Жұманғариннің айтуынша, екі елдің тиісті ведомстволары трансұлттық қылмысқа, оның ішінде есірткі бизнесі мен экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара әрекеттестікті пысықтап жатыр. Қазақстан тарапы осы бағыттағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар, тараптар кинологтарды даярлау мәселесіне де ерекше назар аударды. Қазақстан Алматыдағы ІІМ Кинологиялық орталығы базасында ауған мамандарын оқытуды ұсынды. Биыл бес кинологты даярлау, ал келесі жылы ауған тарапына бес қызметтік ит беру жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін растады.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қазақстан мен Ауғанстан сауда, көлік және инвестиция мәселелерін де талқылаған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны