30.01.2026, 11:57 2306

Қазақстан мен Эфиопия аграрлық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда

Қазақстан мен Эфиопия аграрлық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев MIDROC агрокластерінің (Horizon Plantations Plc) Вице-президенті әрі бас менеджері Нетсанет Гашайе мырзамен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Кездесудің басты мақсаты ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылау, агротехнологиялармен алмасу және қазақстандық бизнес пен Эфиопияның ең ірі инвестициялық холдингі арасындағы сауда байланыстарын нығайту болды.

Сұхбат басында Елші Ж.Әділбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар туралы хабардар етті. Қазақстандағы қазіргі саяси және экономикалық өзгерістер халықтың әл-ауқатын арттыруға және жалпы елдің халықаралық деңгейдегі экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталғаны аталып өтті.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың болашағын одан ары талқылау барысында тараптар жоғары сапалы қазақстандық бидай мен тыңайтқыштарды жеткізу, сондай-ақ Эфиопияның кофе, шай және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін Орталық Азия мен ТМД нарығына импорттау мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.

Вице-президент Н.Гашайе қазақ дипломатын Эфиопия экономикасындағы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ауқымды плантациялар мен өндірістік қуаттарды басқаратын басты кәсіпорын саналатын MIDROC агрокластерінің қызметімен таныстырды.

Әңгімелесу барысында Қазақстан Елшісі аграрлық сектордың екіжақты қарым-қатынастағы басым бағыттарының бірі екенін айтып, қазақстандық экспорттаушылар үшін Эфиопияның Шығыс Африка нарығына шығатын "қақпа" ретіндегі стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, қазақ дипломаты MIDROC компаниясының басшылығына Қазақстандағы және тұтастай Орталық Азиядағы инвестициялық қызметке арналған платформа ретіндегі "АХҚО" (Астана халықаралық қаржы орталығы) әлеуетімен танысу үшін Эфиопия бизнес-делегациясы құрамында Қазақстанға сапармен келу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Н.Гашайе Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тәжірибесін, соның ішінде ауқымды астық өндірісі мен ауыл шаруашылығына цифрлық шешімдерді енгізу мәселелерін зерделеуге жоғары қызығушылық танытты.

Кездесу соңында тараптар талқыланған ынтымақтастық келешегін іс жүзінде жүзеге асыру үшін жұмыс кездесулерін жалғастыруға келісті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны