26.02.2026, 12:36 4211

Қазақстан мен Финляндия архив ісі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов Финляндияның Ұлттық архивінің директоры Пайви Хаппоненмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында тараптар архив ісі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту, архив қорларын цифрландыру тәжірибесін бөлісу, құжаттық мұраларды сақтау мен оларға қолжетімділікті қамтамасыз етудің заманауи технологияларын енгізу мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті архиві мен Финляндия Ұлттық архиві арасындағы жүйелі серіктестік орнату перспективаларына ерекше назар аударылды. Тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру жобаларын жүзеге асыру, екі елдің тарихи-құжаттық мұрасын насихаттауға бағытталған тақырыптық фотокөрмелер ұйымдастыру, сондай-ақ кәсіби біліктілікті арттыру мен озық архивтік тәжірибелерді енгізу үшін мамандарды тұрақты түрде алмастыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Кездесу аясында қазақ дипломаты фин тарапқа 2026 жылғы 8 - 12 маусымда Астанада өтетін 3-ші Халықаралық архившілер конгресіне қатысуға ресми шақыру табыс етті.

Аталған кездесу Қазақстан мен Финляндияның архив ісі саласындағы серіктестікті тереңдетуге және тарихи-құжаттық мұраны болашақ ұрпаққа сақтау жолында өзара ниетін растады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны