04.02.2026, 20:32 1551

Қазақстан мен Король Салман атындағы академия ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Король Салман атындағы академия ынтымақтастықты нығайтуда
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Король Салман атындағы жаһандық араб тілі академиясының бас хатшысы Абдалла әл-Уашмимен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Келіссөздер барысында тараптар білім беру және араб тілін үйрену саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын талқылады. Елші Академияның қазақстандық студенттер мен оқытушыларға арналған тілдік тағылымдамаларды ұйымдастырудағы қолдауын жоғары бағалап, Бас хатшыға ризашылығын білдірді.

Кездесуде 2024 жылғы қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Академия арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаны аталып өтіп, осы құжат аясында 2025 жылғы мамыр айында Қазақстанда араб тілі оқытушыларына арналған арнайы тренинг өткізілгені айтылды. Сондай-ақ 2025 жылғы қарашада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Араб тілі айы" ұйымдастырылып, оның аясында ғылыми семинарлар, шеберлік дәрістері және мәдени-танымдық іс-шаралар өткендігі айтылды.

Тараптар алдағы кезеңде қазақстандық студенттер мен оқытушыларға арналған тағылымдамаларды жалғастыру, араб тілін оқытуға арналған оқу құралдары мен сөздіктерді бірлесіп әзірлеу, сондай-ақ екі елдің жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтары арасында араб тілін меңгеру және оқыту бағытында бірлескен зерттеулер жүргізу мәселелеріне назар аударды.

Кездесу аясында Елші Академияда тағылымдамадан өтіп жатқан қазақстандық студенттерімен кездесіп, олардың араб тілін үйренудегі жетістіктерімен танысты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны