10.06.2026, 17:46 1376

Қазақстан мен Оман азаматтық авиация және туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан Республикасының Оман Сұлтанатындағы Елшісі А.Тұматов Оман Азаматтық авиация басқармасының президенті Найиф бен Али Әл Абримен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі.

Кездесу барысында тараптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ азаматтық авиация, әуе көлігі және авиациялық инфрақұрылымды дамыту салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Елші авиация саласын жаңғырту, ұшу қауіпсіздігін арттыру, әуежай инфрақұрылымын дамыту және халықаралық әуе қатынастарын кеңейту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар Қазақстанның өңірлік көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін күшейту жөніндегі бастамалар таныстырылды.

Өз кезегінде Найиф бен Али Әл Абри Оманның Қазақстанмен авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтіп, екі елдің арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту үшін зор әлеует бар екенін айтты.

Тараптар өзара диалогты жалғастыруға, әуе көлігі, тәжірибе алмасу және халықаралық озық тәжірибелерді енгізу бағыттарындағы ынтымақтастықты нығайтуға өзара дайын екендіктерін растады.

Сонымен қатар «Salam Air» әуе компаниясының «Масқат – Алматы – Масқат» бағыты бойынша тікелей рейстерін қайта жаңғыртудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Тараптардың пікірінше, тұрақты әуе қатынасының қайта іске қосылуы іскерлік байланыстардың, туризмнің, гуманитарлық алмасулардың және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі дамуына серпін береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар көлік байланысын нығайтуға және Қазақстан мен Оман арасындағы екіжақты қатынастарды дамытуға бағытталған бастамаларды бірлесіп ілгерілетуге дайын екендіктерін білдірді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны