28.01.2026, 12:56 1496

Қазақстан мен Вьетнам сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Вьетнам сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Вьетнамдағы Елшілігі мен Қазақстанның Cыртқы сауда палатасының қолдауымен Алматы қаласындағы "Атамекен" ҰКП Өңірлік кеңсесінің алаңында Вьетнам Ұлттық кәсіпкерлік қауымдастығының (ViNen) өкілдерімен онлайн нетворкинг-сессия өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Сессияға Алматы қаласының "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан экспорттаушылар қауымдастығының басшылығы және Almaty Invest өкілдері қатысты.

Вьетнам тарапынан іс-шараға ViNen, Вьетнамның тоқыма және киім қауымдастығының басшылығы және ҚР аумағында жобалар құруға мүдделі басқа да вьетнамдық кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Қанат Тумыш, өз сөзінде екіжақты байланыстардың қарқынды дамуын, сондай-ақ сауда-экономикалық әріптестікті арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Бүгінгі таңда Вьетнамда қазақстандық капиталдың қатысуымен екі компания жұмыс істейді - Cottecons және Kusto Group. Сонымен қатар, Қазақстанда қазіргі уақытта VinGroup, Sovico Group, Crystal Bay Tourism Group, ROX Group және Mareven Food Central сияқты вьетнамдық компаниялардың қатысуымен алты инвестициялық жоба іске асырылуда", - деп атап өтті Елші.


Өз кезегінде ViNen Президенті Динь Вьет Хоа екі елдің іскер топтары арасында өзара іс-қимылды кеңейтуге және тұрақты B2B іс-шараларды өткізуге дайын екендігін растады. Президент тәжірибе алмасудың, нарықты зерделеудің және бірлескен тренингтерді ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ қазақстандық компанияларды Вьетнам тарапы ұйымдастырған іскерлік іс-шараларға қатысуға шақырды.

Қазақстан Сыртқы сауда палатасының АСЕАН елдеріндегі арнайы өкілі Серік Әміровтың айтуынша, шамамен 102 миллион халқы бар Вьетнам Социалистік Республикасы өткен жылдың қорытындысы бойынша АСЕАН елдері арасында Жалпы ішкі өнімнің өсуі бойынша көшбасшы болып табылады, ол 8,02%-ға өсіп, 514 млрд АҚШ долларын құрады. 2025 жылы елге тартылған шетелдік инвестициялар көлемі 38,4 млрд АҚШ долларына жетті, ал сыртқы сауда сомасы 930 млрд АҚШ долларынан асты. Әрине, ел өзара тиімді ынтымақтастық үшін үлкен әлеует ұсынады.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар арасында жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру, ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау және т.б. салалардағы бірлескен жобаларды одан әрі өзара іс-қимыл жасау және іске асыру жөнінде алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны