25.02.2026, 17:31 11706

Қазақстан мен Өзбекстан ғарыш саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде

Қазақстан мен Өзбекстан ғарыш саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстан Цифрлық технологиялар министрлігі жанындағы Ғарыштық зерттеулер және технологиялар агенттігінің директоры Шухрат Қодировпен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында ғарыш қызметі саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері және ғарыштық технологияларды әлеуметтік-экономикалық даму мүддесінде қолдану мәселелері қаралды. Екі елдің бейінді құрылымдары арасындағы институционалдық кооперацияның жоғары деңгейі аталып өтті. Оның нәтижелері заманауи басқарушылық және технологиялық шешімдерге енгізіліп, ғарыштық деректерді пайдалану тиімділігін арттыруға ықпал етуде.

Елші Өзбекстан Республикасының ел тарихындағы алғашқы ғарышкерді даярлау жоспарларын оң бағалап, бұл қадамды ұлттық ғарыш бағдарламасын дамытудың стратегиялық кезеңі ретінде атап өтті. Пилотты ғарыш саласында бірегей тәжірибеге ие Қазақстан бұл бағытты құзыреттер алмасу және өзара іс-қимылды тереңдету үшін перспективалы сала ретінде қарастырады.

Өңірлік бастамаларға бірлесіп қатысу мәселесіне ерекше назар аударылды. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен бірлесіп CubeSat форматындағы шағын спутниктерді жасау жобасы аясындағы өзбек тарапының жұмысы атап өтілді, сондай-ақ ұқсас ғылыми-техникалық жобалар шеңберінде қазақстандық-өзбек кооперациясын кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Сонымен қатар, Орталық Азиядағы ғарыш саласында ғылыми-техникалық әлеуетті шоғырландыруға, бірлескен зерттеулерді іске асыруға және институционалдық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған өңірлік кооперациялық модельді қалыптастыру мәселесіне ерекше мән берілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тұрақты жұмыс байланыстарын қолдауға өзара мүдделілік білдірді.

Ынтымақтастық ұлттық ғарыш инфрақұрылымын дамыту, цифрлық платформаларды енгізу және Жерді қашықтықтан зондтау деректерін ауыл шаруашылығы, экология, қала құрылысы және төтенше жағдайларды басқару салаларында практикалық қолдануды қамтиды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны