24.02.2026, 15:33 10966

Испанияда қазақ-испан ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды

Испанияда қазақ-испан ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев 2026-2029 жылдарға арналған Испанияның Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша стратегиясының таныстырылымына қатысты. Іс-шараға Испанияның Сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес, дипломатиялық корпус өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Құжатты таныстырған Испанияның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Азия өңірі жаһандық дамудың негізгі орталықтарының біріне айналып келе жатқанын атап өтті. Бұл өңірде әлем халқының, өнеркәсіптік әлеуеттің және экономикалық өсімнің едәуір бөлігі шоғырланған. Жаңа стратегия саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ инвестициялық және технологиялық әріптестікті дамытуға бағытталған.

Өз сөзінде Елші Испанияның Азиядағы белсенділігінің артуы өзара тиімді серіктестікті тереңдетуге қосымша мүмкіндіктер ашатынын, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашатынын атап өтті. Ол Қазақстанның Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі транзиттік және инвестициялық хаб ретіндегі стратегиялық маңызын, сондай-ақ тұрақты әрі сенімді әріптес екенін ерекше атап өтті.

Д. Мұсаев екіжақты диалогты одан әрі жандандыруға дайын екенін білдіре отырып, Испания Сыртқы істер министрі сапарының жақын уақытта ұйымдастырылатынына сенім білдірді.

Іс-шара аясында қазақ дипломаты Испания Сыртқы істер министрлігінің жоғары лауазымды өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, олардың барысында қазақ-испан ынтымақтастығының басым бағыттары, сондай-ақ екіжақты күн тәртібін Испанияның Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша жаңа стратегиясының басымдықтарымен ұштастыру мүмкіндіктері талқыланды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны