10.06.2026, 17:38 1046

Мәскеуде Астананың туристік әлеуеті таныстырылды

Мәскеуде Астананың туристік әлеуеті таныстырылды
Сурет: ҚР Сыртқы істер министрлігі
Мәскеудегі "Safmar Grand" қонақ үйінде Астананың туристік әлеуетінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Іс-шараны Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қолдауымен "Astana Tourism" туризмді дамыту орталығы ұйымдастырды және ол бұған дейін Омбыда, Новосибирскіде және Екатеринбургте өткізілген көшпелі роуд-шоу серияларының жалғасы болды.

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаевтың қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде атап өтілгендей, Мәскеумен өзара іс-қимыл Астананың халықаралық ынтымақтастығында ерекше орын алады. "Біз екіжақты туристік ағындарды одан әрі дамытудың айтарлықтай әлеуетін көріп отырмыз. Мәскеуліктер өздері үшін ерекше сәулеті, әлемдік маңызы бар ауқымды іс-шаралары, гастрономиялық әсерлері және заманауи қоғамдық кеңістіктері бар бүгінгі Астананы жаңа қырынан ашуда. Елордалар арасындағы серіктестік туристік алмасудың өсуіне, іскерлік байланыстардың дамуына және мәдени диалогтың кеңеюіне ықпал ете отырып, одан әрі нығая беретініне сенімдіміз", - делінген құттықтауда.

Өз тарапынан Мәскеу қаласы Туризм комитеті құрылымындағы Азия, ТМД және Латын Америкасы елдерімен жұмыс жөніндегі дирекцияның басшысы Мария Пасугинова саяси ғана емес, сондай-ақ мәдени және туристік астаналар болып табылатын екі қаланың ұқсастығына назар аударды. "Мәскеу мен Астана бір-бірі үшін өте түсінікті әрі туристік дестинация болып табылады. Өткен жылы Қазақстаннан Мәскеуге туристер ағыны шамамен 195 мың адамды құрады - бұл аз көрсеткіш емес, дегенмен, ұмтылатын мақсаттар мен өсетін бағыттар әлі де жеткілікті", - деп атап өтті ол және қазақстандық әріптестеріне барынша жәрдемдесуге уәде берді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың күзінде жеке байланыс орнату үшін Мәскеу туризм комитетінің делегациясы мен жетекші туроператорлардың Астанаға сапары жоспарланып отыр.

Astana Tourism" туризмді дамыту орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Саят Құсайынов Ресей Астана үшін келу туризмінің негізгі нарығы болып қала беретінін еске салды, ресейліктер барлық шетелдік қонақтардың шамамен 39%-ын құрайды. Оның айтуынша, бүгінде Астана Орталық Азияның қарқынды дамып келе жатқан қалаларының бірі болып табылады және туристерді қабылдау үшін барлық қажетті инфрақұрылымға ие. Ол Қазақстан елордасының ірі халықаралық іс-шараларды өткізу алаңына жүйелі түрде айналып келе жатқанын атап өтті.


Роуд-шоу аясында қазақстандық туроператорлардың, қонақүй бизнесінің, әуе компанияларының өкілдері ресейліктер үшін Астанадағы негізгі өнімдер мен бағыттарды таныстырды, олар: іскерлік, медициналық, өнеркәсіптік, мәдени-сауықтыру, гастрономиялық, оқиғалық және этнотуризм.

Ресей туристік қоғамдастығының өкілдерімен B2B-кездесулер барысында одан әрі ынтымақтастық және бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша оның қатысушылары Астананың ресейліктер үшін тартымды және перспективалы бағыт екенін атап өтті. Роуд-шоуды өткізу екі елдің туристік қауымдастықтары арасындағы әріптестік байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болды және туристік өнімдерді өзара ілгерілету мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны