03.06.2026, 16:48 21121
Мемлекет басшысы Кипр Президенті Никос Христодулидисті І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр Президентінің Қазақстанға алғашқы тарихи сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңі саналатынын атап өтіп, Никос Христодулидистің елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
- Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздеген ниетіңіз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз. Қазақстандықтар Сізді айнымас дос әрі халықаралық деңгейдегі беделді мемлекеттік қайраткер ретінде таниды. Белсенді қызметіңіздің арқасында өзара сенім, саяси диалог және ынтымақтастығымыз нығая түсті. Ортақ күш-жігер арқылы қарым-қатынасымызға тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз деп сенемін. Қазақстан мен Кипр арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесіңізге шексіз құрметтің белгісі ретінде Сізге І дәрежелі "Достық" орденін табыстау жөнінде шешім қабылдадым. Бұл орден атауы айтып тұрғандай, достықты, Қазақстан мен Сіздің еліңіздің арасындағы қарым-қатынастың негізі саналатын сенім мен серіктестік рухын сипаттайды. Жауапты мемлекеттік қызметіңізге табыс тілеймін! Достас Кипр халқының игілігі мен өркендеуі жолында жетістіктерге жете беріңіз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кипр Президенті жоғары награданы табыстағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
- Марапатты екі ел арасындағы достықтың нышаны ретінде Кипр халқының атынан қабыл аламын. Бұл - мен үшін зор мәртебе. Бүгінгі сапар перспективті салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жолындағы ортақ мүдде мен мықты саяси ерік-жігерімізді паш етеді, - деді Никос Христодулидис.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
03.06.2026, 20:54 13176
Астанада Кипр Республикасының Елшілігін ашу салтанаты өтті
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Кипр Республикасы Президенті Никос Христодулидистің Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапары аясында Астанада Кипр Республикасы Елшілігінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл оқиға Қазақстан мен Кипр арасындағы екіжақты қатынастардың дамуындағы маңызды белес болды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қазақстандағы Кипр Елшілігі - Никосияның Орталық Азиядағы алғашқы дипломатиялық өкілдігі. Бұл қадам Қазақстанның өңірдегі Кипрдің маңызды серіктесі ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді әрі сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Кипрдің Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, Елшіліктің ашылуы Орталық Азия мен Жерорта теңізі өңірі арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ықпал ететінін айтты.
Өз кезегінде Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбос Кипрдің өңірдегі алғашқы дипломатиялық өкілдігінің ашылуының маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дәйекті түрде дамитынына сенім білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.06.2026, 20:17 14326
Гуанчжоу қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығының ашылу салтанаты өтті
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Гуандун өлкесінің әкімшілік орталығында Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шараға ҚР-дың ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев, ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Бинь, Гуандун өлкесінің Халық үкіметі партиялық тобының мүшесі Чэнь Лянсянь, Гуанчжоу қаласының басшылығы, сондай-ақ Қытайдың мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдері қатысты.
Ашылу салтанатындағы сөзінде Ш.Нұрышев бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастардың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде екенін және мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік рухында дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Гуанчжоу қаласында Бас консулдықтың ашылуы өңіраралық өзара іс-қимылдың маңызы артып келе жатқанын көрсетеді және Қазақстанның Қытайдың оңтүстік өңірлерімен ынтымақтастығын кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Елші Гуандун өлкесінің Қытайдың жетекші экономикалық, инновациялық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі екенін атап өтіп, оның сауда, инвестициялар, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, электрондық коммерция, логистика, инновациялар және мәдени-гуманитарлық алмасулар салаларында Қазақстанмен өзара іс-қимылды дамыту үшін елеулі әлеуетке ие екенін айтты.
Лю Бинь өз сөзінде Қазақстанның Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығы Қазақстан Республикасының Қытайдағы төртінші консулдық мекемесі екенін және ол Қазақстан мен Қытайдың оңтүстік өңірлері арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Өз кезегінде, Қытай тарапының жаңа дипломатиялық өкілдіктің қызметіне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
Гуандун өлкесінің Халық үкіметі партиялық тобының мүшесі Чэнь Лянсянь өз сөзінде Қазақстанның Гуандун өлкесінің Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың тұрақты өсім көрсетіп отырғанын жеткізді.
Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығының ашылуы Қазақстан-Қытай қатынастары тарихындағы маңызды оқиға болды. Жаңа консулдық мекеме саяси диалогты одан әрі нығайтуға, өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды ілгерілетуге, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды тереңдетуге ықпал ететін болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.06.2026, 19:56 14546
Қазақстан мен Кипр: Кипр Президентінің Астанаға алғашқы ресми сапары аясында екіжақты ынтымақтастық нығайтылуда
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Кипр Республикасы Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға алғашқы ресми сапары аясында Кипрдің Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Тараптар аталған сапардың тарихи маңызын атап өтіп, оның Қазақстан мен Кипр арасындағы қатынастардың дамуындағы жаңа кезеңді бастап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға деген өзара мүдделілікті растайтынын жеткізді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, іскерлік байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ цифрландыру, туризм және білім беру салаларындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ Жарғысына бейілділіктерін растады.
Сұхбаттастар Астана - Ларнака және Алматы - Ларнака бағыттары бойынша алғашқы тікелей әуе рейстерінің іске қосылуын құптады. Бұл қадам туристік, іскерлік және гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге маңызды серпін береді.
Келіссөздер қорытындысында министрлер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр Президенті Никос Христодулидис арасындағы кездесулер нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастардың одан әрі дамуына қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.06.2026, 18:20 17891
Мәскеуде Қазақстанның Мемлекеттік рәміздер күні атап өтілді
Сурет: ҚР Сыртқы істер министрлігі
Достарға айту
Мәскеуде Қазақстан Елшілігінде 4 маусымда атап өтілетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
ҚР РФ Елшісі Дәурен Абаев өз сөзінде мемлекеттік рәміздердің маңыздылығы әсіресе, біздің отандастарымыз елден жырақ жүргенде көк туымыз бен елтаңбаны көргенде немесе "Менің Қазақстаным" әнұранын шырқағанда мақтаныш пен қатыстылық сезіміне бөленген сәттерде ерекше айқын көрінетінін айтты.
Әділ Қазақстанды құру бағытын іске асыру шеңберінде Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау қоғамда болып жатқан және оны одан әрі демократияландыруға бағытталған терең өзгерістердің көрінісі болды. Негізгі Заң елдің орнықты дамуы үшін берік негіз құрайды, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін нығайтады және конституциялық құқықтың қазіргі халықаралық стандарттарына сәйкес келеді", - деп атап өтті Елші.
Тұңғыш қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров іс-шараның құрметті қонағы болды. Ол қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, мемлекеттің осындай әдемі рәміздеріне сай болуын тіледі. "Егер мемлекеттің символикасы әдемі болса, демек халықтың жаны әдемі. Сондықтан, оны одан әрі дамытып, мемлекетімізді биік шыңдарға көтерсін!" - деді өз сөзінде Тоқтар Әубәкіров.
Іс-шарада П.П. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының және Гнесин атындағы музыкалық училищенің қазақстандық студенттерінің ҚР Мемлекеттік әнұранын орындауы кездесуге ерекше әсер берді.
Іс-шараның соңында Елшілік мұражайына ҚР жаңа Конституциясының кітап нұсқасы қойылды.
ҚР Мемлекеттік рәміздер күні 2007 жылы бекітілді. 4 маусым күнінің таңдалуы кездейсоқ емес. Дәл осы күні 1992 жылы, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жарты жыл өткенде, кез келген мемлекеттің бірегейлігі мен егемендігін айшықтайтын ажырамас атрибуттары - мемлекетіміздің Туы, Елтаңбасы және Әнұраны ресми түрде бекітілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.06.2026, 18:00 18976
Қазақстан мен Чехия ДСҰ алаңында суды халықаралық саудамен байланыстыру рөліне арналған бірлескен сессия өткізді
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) Женевадағы штаб-пәтерінде Сауда және қоршаған орта аптасы аясында Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасының "Water Across Borders: Trade, Production, and Sustainable Development" ("Шекарасыз су: сауда, өндіріс және орнықты даму") атты бірлескен панельдік сессиясы өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының ДСҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев және "KAZWATER" Вице-Президенті Манира Алағұжаева қатысты.
Қ. Төребаев Орталық Азия үшін судың экономикалық тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттілік мәселесіне айналғанын атап өтті. Осы жағдайда Қазақстан су тиімділігін жаңа сауда стратегиясының іргетасы ретінде қарастырады: ел суды үнемдеуші технологияларға, ирригацияны жаңартуға және су секторын цифрландыруға негізделген жоғары қосылған құнды агроэкспорт моделіне дәйекті түрде көшіп келеді.
ДСҰ-ның рөліне тоқтала келе, Тұрақты өкіл Қ. Төребаев суды үнемдеуге және климатқа төзімді ауыл шаруашылығына салынатын мемлекеттік инвестициялар сауданы бұрмалау ретінде емес, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне қосылатын үлес ретінде танылуға тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан халықаралық қоғамдастықты жаһандық сауданың болашағын қалыптастыруда бүгінгі климаттық шындықты ескеруге шақырды.
Вице-Президент М. Алағұжаева аталған мәселелердегі Қазақстан шешімдерінің технологиялық контурын ұсына отырып, Орталық Азияның су ресурстарын мониторингтейтін өңірлік цифрлық платформасын құру бастамасына тоқталды.
Өз кезегінде, Чехия тарапы Астананың осы бағыттағы күш-жігерін қолдай отырып, оң бағалады.
Сессияны Қазақстан мен Чех Республикасының бірлесіп өткізуі әлемнің әртүрлі өңірлерінде орналасқан екі мемлекеттің трансшекаралық су ресурстарын басқару мен оларды халықаралық саудамен байланыстыруға деген ортақ көзқарасының барын көрсетті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.06.2026, 17:03 20891
Қазақстан мен Кипр президенттері келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді
Сурет: Akorda
Достарға айту
Мемлекет басшысы Кипр Республикасын еліміздің Еуропадағы сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі деп атады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
- Екі ел арасындағы саяси диалог жыл өткен сайын күшейе түсуде. Қадірлі Христодулидис мырза осыдан 7 жыл бұрын Кипрдің Сыртқы істер министрі ретінде Астанаға арнайы келген болатын. Сол кезде ол Кипр Қазақстанның Еуропа Одағындағы мүддесін ілгерілетуге әрдайым дайын екенін айтқан еді. Содан бері көп жұмыс атқарылды. Екі мемлекеттің елшіліктері ашылды. Осылайша, өзара қарым-қатынасымыз жолға қойылды. Қадірлі Президент мырзаның Астанаға тұңғыш сапары екі ел арасындағы алғашқы тікелей әуе рейсінің ашылуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның да символдық мәні зор, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мемлекеттеріміз ықпалдастықты одан әрі бекемдей түсуге ниетті. Бұл - тараптар мүддесіне сай.
- Кипр Республикасының басшысы осы оң үрдіске зор үлес қосып келеді. Мен мұны жоғары бағалаймын. Сол себепті бүгін Жоғары мәртебелі Президент Никос Христодулидис мырзаға І дәрежелі "Достық" орденін тапсырдым. Бұл награда - қазақ елінің Сізге және бүкіл Кипр Республикасының халқына деген ерекше құрметінің, шынайы ілтипатының белгісі. Құтты болсын! Елдеріміздің өзара серіктестігі нығая береді деп сенемін, - деді Мемлекет басшысы.
Президенттер мазмұнды келіссөз жүргізіп, ықпалдастықты күшейтудің тың бағыттары туралы әңгімелескен.
- Өзара сауда-саттық көлемін арттыруға ерекше назар аудардық. Тауар айналымын ұлғайту, инвестициялық қарым-қатынасты дамыту және іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет екенін атап өттік. Бұл - маңызды міндет. Мен Қазақстан-Кипр экономикалық ынтымақтастығының жол картасын әзірлеуді ұсындым. Сондай-ақ Үкіметаралық комиссия және Іскерлік кеңес құру жөніндегі бастамалар көтерілді. Бұл қадам бірлескен жобаларды іске асырып, өзара алыс-берісті арттыруға және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен қатар біз логистика, қаржы, туризм, цифрлық технологиялар саласындағы өзара байланыстарымыздың келешегі зор деп санаймыз. Үкіметтерімізге осы бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге уағдаластық, - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев кипрлық серіктестерді Транскаспий дәлізі жобасына атсалысуға шақырғанын жеткізді.
- Өздеріңіз жақсы білесіздер, Кипр әлемдік деңгейдегі теңіз хабы саналады. Орта дәліз аясында Қазақстанның құрлықтағы және Кипрдің теңіздегі инфрақұрылымын тиімді ұштастыруға мүмкіндік зор. Бұл қадам Орталық Азия аймағы, Каспий аймағы және Жерорта теңізі арасында жаңа көп салалы логистика жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Сондай-ақ өзара алыс-берісімізді ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, қазір елімізде Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Олардың 30-ға жуығы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген.
- Осының өзі елдеріміздің іскерлік және инвестициялық байланыстары дәйекті түрде дамып жатқанын көрсетеді. Бүгін елордамызда Қазақстан-Кипр бизнес-форумы өтеді. Маңызды жиынға екі елдің іскер топтары қатысады. Кипр кәсіпкерлерінің делегациясы осы форумға арнайы келді. Сол үшін құрметті Президент мырзаға зор ризашылығымды білдіремін. Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Кипр компанияларына қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайын. Біз Кипрдің іскер азаматтарын ұзақ мерзімге арналған инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырамыз. Жақында елімізде жаңа Конституция қабылданды. Ата заңға сәйкес Қазақстанда меншіктің барлық түріне кепілдік беріледі. Бас құжатымыз инвесторлардың құқығын барынша қорғайды. Бұған қоса, кипрлық әріптестеріміз Қазақстанның Altyn Visa бағдарламасын қолдана алады. Бұл визаны алған кәсіпкерлер мен мамандарға салық және көші-қон мәселесіне қатысты жеңілдіктер ұсынылады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекеттер басшылары келіссөз барысында цифрлық технологиялар және инновациялар саласындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударған.
- Кипр тарапы Қазақстанның eGov жүйесіне және елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысты жобаларына қызығушылық танытып отыр. Біз бұл бағыттағы тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз. Сонымен қатар келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға айрықша көңіл бөлдік. Атап айтқанда, ғалымдар мен ғылыми мекемелер арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге, білім беру, спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Жалпы, бүгінгі келіссөздер табысты өтті деуге толық негіз бар. Біз өзара ықпалдастығымызға тың серпін беретін бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Бұл келісімдер екі мемлекеттің қарым-қатынасын күшейте түседі деп сенемін, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында халықаралық және аймақтық мәселелер де назардан тыс қалмағанын айтты.
- Жаһандық геосаяси ахуалдың ушығуына, қақтығыстардың көбеюіне бәріміз алаңдап отырмыз. Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты мемлекеттеріміздің ұстанымы - ұқсас. Екі ел де кез келген шиеленіс бейбіт және дипломатиялық жолмен шешілуі керек деген қағидатты қатаң ұстанады. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, басқа да халықаралық ұйымдар аясында тиімді жұмыс істеуге келістік. Бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысамыз деп уағдаластық. Қазақстанның ұстанымы бойынша барлық елдер Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын, халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын қатаң сақтауға міндетті. Қазақстан басқа елдердің аумақтық тұтастығын құрметтейді және бүкіл әлем мемлекеттерін осы қағидатқа басымдық беруге шақыруда. Жалпы, екі елдің байланысын бекемдеу - халықтарымыздың ортақ мақсаты. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзара тиімді ынтымақтастығымыз жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Достығымыз әрдайым берік болсын! Қазақстан мен Кипрдің қарым-қатынасы нығая берсін! - деді Президент.
Никос Христодулидистің айтуынша, бүгінгі келіссөздер барысында екі ел басшылары саяси және экономикалық салалардағы қарым-қатынасты одан әрі ілгерілету жолында саяси ерік-жігер танытатындарын растаған.
- Біз барлық деңгейде тұрақты байланыс орнатудың маңызын атап өттік. Өйткені орнықты саяси диалог - сенімді нығайту мен нақты нәтижеге қол жеткізудің негізгі факторы. Осы орайда жоғары білім, ғылыми зерттеу, мәдениет, спорт, инновация, цифрлық басқару және ақпараттық технология секілді маңызды салаларда өзара түсіністік туралы бірқатар меморандумға қол қойылғаны қуантады. Бұл келісімдер - жай ғана техникалық құжаттар емес, екіжақты байланыстардың әлеуетін құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан жандандыруды көздейтін ортақ шешіміміздің айқын дәлелі, - деді Кипр Президенті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.06.2026, 15:40 21466
Қазақстан мен Кипр президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никос Христодулидистің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы Кипр Республикасының Президенті дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған сәттен бері елімізге алғаш рет тарихи сапармен келгенін атап өтті.
- Біз жаңа ғана шағын құрамда мазмұнды келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейіл екенімізді растадық. Қазақстан өзара тиімді келісімдерді бекітуге дайын. Өйткені елдеріміз арасында қалыптасқан достықты құрмет тұтамыз. Сапарыңыздың Кипр Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық етіп жатқан кезеңде өтуі символдық мәнге ие. Осы орайда Сіздің жетекшілігіңізді жоғары бағалаймыз әрі маңызды миссияны табысты аяқтауыңызға тілектеспіз. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Кипрдің халықаралық аренадағы беделі айтарлықтай арта түсті. Біз Кипрмен сан қырлы серіктестікті дамытуға мүдделіміз. Екі ел арасындағы қарым-қатынас саяси деңгейдегі тұрақты байланыстар және дипломатиялық ведомстволар желісі арқылы сенімді түрде ілгерілеп келеді. Астана мен Никосия қалаларында елшіліктеріміздің ашылуы жүйелі әрі нақты ықпалдастықтың берік институционалдық негізін қалайды. Сіздің Ларнака - Астана бағытындағы алғашқы әуе рейсімен ұшып келуіңіздің символикалық сипаты айрықша. Өйткені бұл екі елді жалғайтын тікелей әуе қатынасының іске қосылғанын көрсетеді. Қазіргі сауда көлемі экономикаларымыздың нақты әлеуетіне толық сай емес екенін түсінеміз. Сондықтан ортақ мақсатымыз - саяси ерік-жігерімізді нақты экономикалық нәтижеге айналдыру, - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Никос Христодулидиспен бірге ауқымды бизнес делегация келгеніне тоқталды. Бұл кипрлік компаниялардың елімізге қызығушылығы артып келе жатқанын байқатады. Осы орайда цифрландыру мен жасанды интеллект, логистика, қаржы, туризм және білім беру салаларындағы кооперацияны кеңейтуге баса мән беру қажет екені айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінгі бизнес-форум мен Сауда палаталары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою іскерлік топтардың тікелей диалогын жолға қоюға септігін тигізеді.
- Қазақстан кипрлік компаниялардың инвестиция құю және елімізде кәсіп ашу ниетін құптайды. Ел саясатының негізгі басымдықтарының бірі - бизнес пен инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Кипр компаниялары инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда Үкіметіміздің нақты қолдауына арқа сүйей алады. Бұдан бөлек, парламентаралық байланыстар елдеріміздің ынтымақтастығына орнықты саяси-құқықтық негіз қалайды, - деді Президент.
Никос Христодулидис Астанаға сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытудың маңызды кезеңі саналатынын жеткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
- Біз Орталық Азия мен Қазақстанның әлемде геосаяси тұрғыдан маңызды рөл атқаратынын білеміз. Қазақстан Еуропа Одағының стратегиялық серіктесі саналады. Кипр - Еуропа Одағына мүше мемлекет ретінде қазақстандық инвесторлар мен компаниялар үшін еуропалық нарыққа шығатын сенімді қақпа. Біз Еуропа Одағы стандарттарына толығымен сай келетін нақты іскерлік ортаны ұсынамыз. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, финтех, инвестициялық қорлар, кеме қатынасы, туризм, білім беру, жаңартылатын энергия және инфрақұрылым екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына айнала алады. Бүгін "Астана" халықаралық қаржы орталығына баруды жоспарлап отырмын. Аталған орталықпен әріптестікті, әсіресе қаржы қызметтері мен "жасыл" қаржыландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуде зор әлеует бар, - деді Кипр Президенті.
Мемлекет басшысы нәтижелі экономикалық күн тәртібіне қол жеткізу үшін үкіметтер күшін үйлестіру маңызды деп санайды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді ұсынды. Президент Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құру, сондай-ақ сауда делегацияларымен тұрақты алмасу жөнінде бастама көтерді.
Тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика, цифрлық коммуникация, жасанды интеллект және қаржы салаларындағы ықпалдастықты нығайту перспективасын талқылады. Сонымен қатар мәдениет, білім, спорт және туризм бағыттарындағы байланысты кеңейту мүмкіндігіне назар аударды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегациялар мүшелері келесі ведомствоаралық құжаттармен алмасты:
1. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Кипр Республикасы Зерттеу, инновациялар және цифрлық саясат кіші министрлігі арасында ақпараттық коммуникациялық технологиялар, электрондық үкімет, ғарыш қызметі және киберқауіпсіздік салалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Кипр Республикасы Мәдениет кіші министрлігі арасында мәдени ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
3. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Кипр Республикасы Білім, мәдениет, спорт және жастар министрлігі арасында білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
4. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Кипр Республикасы Білім, спорт және жастар министрлігі арасында спорт саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасы Сыртқы сауда палатасы мен Кипр Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы инвестициялық және іскерлік перспективаны нығайту бойынша ынтымақтастық туралы келісім.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.06.2026, 11:59 12901
Қазақстан және Кипр президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
Сурет: Akorda
Достарға айту
Тәуелсіздік сарайында елімізге ресми сапармен келген Кипр Республикасының Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шара аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никос Христодулидис бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Кипрдің әнұрандары шырқалды.
Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы Кипр Президентіне ілтипат білдіріп, оның Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапарының тарихи мәнін атап өтті.
- 2019 жылы Сыртқы істер министрі лауазымын атқарып жүргеніңізде елімізге келіп, Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді досы әрі қолдаушысы ретінде әрекет ететініңізді мәлімдеген едіңіз. Бүгінде біз айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік деп сеніммен айтуға болады. Мемлекеттеріміздің астаналарында елшіліктерімізді аштық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды, басқа да бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Дегенмен екіжақты ықпалдастықты кеңейту үшін әлеуетіміз жеткілікті деп ойлаймын. Өз тарапымнан көптеген бағытта ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға күш салуға дайынмын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Никос Христодулидис Қазақстан Президентіне қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.
- Сіздің еліңізге Кипрден тікелей қатынайтын алғашқы рейс арқылы іскерлік делегация өкілдерімен бірге ұшып келгеніме өте қуаныштымын. Елдеріміздің әлеуеті мол. Бүгінгі келіссөздер өзара ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізеді деп санаймын. Сондай-ақ Қазақстанға басқа лауазымда келіп отырмын. Қазіргі уақытта еліміз Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық етіп жатыр. Аталған өңірдің маңызын және Қазақстанның ерекшеліктерін ескере отырып, Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы ықпалдастықты одан әрі ілгерілету жолдарын талқылауға әзірмін, - деді Кипр Президенті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
03.06.2026, 15:40Қазақстан мен Кипр президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді 03.06.2026, 16:48 21426Мемлекет басшысы Кипр Президенті Никос Христодулидисті І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады03.06.2026, 17:03 21196Қазақстан мен Кипр президенттері келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді03.06.2026, 18:00 19281Қазақстан мен Чехия ДСҰ алаңында суды халықаралық саудамен байланыстыру рөліне арналған бірлескен сессия өткізді03.06.2026, 18:20 18196Мәскеуде Қазақстанның Мемлекеттік рәміздер күні атап өтілді
29.05.2026, 20:02 114526Мемлекет басшысы Куба Республикасының Вице-президенті Сальвадор Вальдес Месамен кездесті29.05.2026, 14:51 114361Қазақстан Шаңхайда туристік әлеуетін таныстырды29.05.2026, 20:26 113686Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы уағдаластықтарды жүзеге асыруға арналған Жол картасына қол қойылды29.05.2026, 21:20 113401Қазақстан мен Еуропалық Одақ әріптестікті тереңдетудің жаңа стратегиялық мақсаттарын айқындады29.05.2026, 19:59 112981Қазақстан мен Ресей биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ведомствоаралық консультациялар өткізді
13.05.2026, 07:10 289176Қазақстан СІМ басшысы БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының Атқарушы директорын қабылдады15.05.2026, 21:02 276886Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына GovТeсh цифрлық шешімдері таныстырылды15.05.2026, 20:45 243316Түркістанда Түркі өркениеті орталығы бой көтереді15.05.2026, 19:53 242691Түркістан қаласында ТМҰ Сыртқы істер министрлерінің бейресми отырысы өтті15.05.2026, 19:43 240491Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Turkistan визит-орталығының жұмысымен танысты

