04.02.2026, 19:21 3631

Ташкентте Ауғанстанмен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Ташкентте Ауғанстанмен ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Сурет: gov.kz
Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов пен Өзбекстан Президентінің Ауғанстан жөніндегі Арнайы өкілі Исматулла Иргашевтің кездесуі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында тараптар Ауғанстанмен сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылап, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Б. Атамқұлов Өзбекстанның Ауғанстанда ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға жәрдемдесу, сондай-ақ ауған халқына гуманитарлық көмекті жалғастыру бағытындағы күш-жігерін жоғары бағалады. Дипломатиялық миссия басшысы гуманитарлық қолдауды сақтаудың маңыздылығын және Ауғанстанды өңірдің сауда-экономикалық байланыстарына кезең-кезеңімен тарту қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар ауған мәселесі бойынша Арнайы өкілдердің байланыс тобы жұмысының тиімділігі ерекше аталып өтті. Аталған топтың келесі отырысы биыл 16 ақпанда Астана қаласында өтеді.

Өз кезегінде И.Иргашев Өзбекстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету және экономикалық қолдау шаралары туралы ақпарат беріп, көлік-логистика және басқа да салалардағы ірі жобаларды іске асыру перспективаларына қатысты бағаларымен бөлісті.

Сұхбат барысында өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелері де қарастырылып, Ауғанстан бағыты бойынша қазақ-өзбек ынтымақтастығын одан әрі дамытуға өзара дайындық білдірілді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны