
Сурет: gov.kz
2025-2026 оқу жылының үшінші тоқсанында Алматы қаласы Білім басқармасының шешімімен қала мектептері BilimClass электронды журналына көшеді. Бұл - толықтай қазақстандық әзірлеме: тегін мобильді қосымшасы бар, серверлері Қазақстан аумағында орналасқан. Жүйе пайдаланушылардың деректерінің қауіпсіздігі мен құпиялылығына кепілдік береді және ел заңнамасын қатаң сақтайды, деп
хабарлайды Алматы қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметінен.
Білім басқармасының бұл шешіміне дейін мегаполистегі 15 мектепте платформаны кешенді талдау және пилоттық апробациялау жұмысы жүргізілді, олардың нәтижелері BilimClass жүйесінің барлық қажетті талаптарға сай екенін көрсетті. Көшу алдында мұғалімдер платформамен жұмыс істеуге тегін оқытылды, ал қолдау қызметі мектептерге тұрақты түрде сүйемелдеу көрсетіп, туындаған сұрақтарға жедел жауап береді.
BilimClass - бұл электронды журнал ғана емес, сонымен қатар мектепті әкімшілендіру жүйесін, оқу контентін, әдістемелік талдау мен аналитиканы қамтитын кешенді платформа. Қазіргі таңда BilimClass-ты Қазақстанның 11 өңірінде 2,5 миллион оқушы мен 350 мың мұғалім пайдаланады. Атап айтқанда: Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Қызылорда, Жетісу, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында.
Платформаны іске асырумен Қазақстандағы жетекші IT-холдинг Bilim Group айналысады. Холдинг құрамына BilimLand, OnlineMektep, BilimKids, iTest, BilimUstaz, Kitap.kz, SmartNation сияқты жобалар кіреді.
Ата-аналар мен оқушылар BilimClass тегін мобильді қосымшасын пайдаланып, сабақ кестесі, қатысуы, үлгерімі және үй тапсырмалары туралы толық ақпарат алады.
Педагогтер үшін платформада күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, қашықтан сабақ өткізу мүмкіндігі, өз сабақтарын қосу, интерактивті тапсырмалар, БЖБ/ТЖБ каталогы, чат және оқушылармен кері байланыс құралдары қарастырылған.
BilimClass жүйесіне көшу оқу үдерісіне әсер етпеуі үшін арнайы қысқы демалыс кезеңіне жоспарланды. Осы уақыт ішінде мұғалімдер платформамен жұмыс істеуге дайындықтан өтті.