10.09.2021, 18:39 16730

22 сынып Солтүстік Қазақстанда коронавирусқа байланысты карантинге жіберілді

ПЕТРОПАВЛ. 10 ҚЫРКҮЙЕК - Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылы басталғалы 22 сынып карантинге жіберілді.
 
СҚО-да өңірдегі коронавирусқа қатысты ахуалға байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде кезекті брифинг өтті.
 
СҚО-ның бас санитар дәрігері Әсет Жұматаевтың айтуынша, жаңа оқу жылы басталғалы 19 мұғалім коронавируспен ауырған, оның бесеуі штаттық режимде жұмыс істеген. Мектеп жасындағы балалардың 84-і жұқтырған, олардың 22-сі дәстүрлі форматта оқыған.
 

Оқушылардың барлығы коронавирусты каникул уақытында жұқтырған. Мектепке қатысы жоқ. Қазір өңірде 22 сынып карантинге жабылды, мектептер арасында карантинге жабылғаны жоқ. Колледждерде екі топ қазір қашықтан оқуға ауыстырылды", - дейді Әсет Жұматаев.

 
Балабақша тәрбиеленушілері арасында да вирусты жұқтырғандар бар. Осындай 4 жағдай анықталып отыр. Өткен екі аптамен салыстырғанда бүлдіршіндер арасында ауру 8 жағдайға төмендеген.
 
СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Құмар Күсемісовтың айтуынша, қазір өңірде қауіпті инфекция жұқтырған 165 бала ауырып жатыр. Оның 25-і стационарға жатқызылған, бір баланың халі нашар. 
 
Бұған дейін хабарланғандай, Алматыда қыркүйек айының басынан бері 89 балада коронавирус расталды. Алматы балалар инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин балалар коронавирустың әмбебап тасымалдаушысы болып табылатынын мәлімдеді. Жыл басынан бері Қазақстанда 34 мың бала коронавирус жұқтырған, деп хабарлады Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.
 
Естеріңізге сала кетейік, оқу жылы басталар алдында Білім министрлігі KAZAKHSTAN TODAY агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында асинхронды оқыту мүмкіндігін растады.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны