26.11.2021, 19:26 166002

5 мыңнан астам ақмолалық пәтер кілттерін алады

5 мыңнан астам ақмолалық пәтер кілттерін алады
Сурет: Ақмола облысының ІСБ
КӨКШЕТАУ. 26 ҚАРАША - "Нұрлы жер" бағдарламасын жүзеге асыру барысында 18 мыңға жуық ақмолалықтың пәтер мәселесі шешілді. Биылғы жылы аталған бағдарлама бойынша өңірде 655 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр: 5 мыңнан астам ақмолалық өз үйлерінің бақытты иегерлеріне айналады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Облыстық құрылыс басқармасының ақпаратына сәйкес он айдың қорытындысы бойынша 483 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл ақмолалық 3,2 мың отбасының өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.
 

Қараша-желтоқсан айларында 2 мыңға жуық ақмолалық отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартады. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 70 көппәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде 37 пәтер жалға беріледі, 33 пәтер кредиттік тұрғын үй" - деп атап өтті ведомствода.

 
Облыста мұқтаж азаматтар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар үшін облыста 411 жалға берілетін пәтер жоспарланған, оның ішінде 131 пәтер көпбалалы отбасыларға арналған.
 
Кредиттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы Көкшетау, Степногорск, Ерейментау және Макинск қалаларында ауданы 30,3 мың ш. м. болатын 459 пәтерлік 8 кредиттік үй пайдалануға беріледі.
 
Сонымен қатар, Ақмола облысында "7-20-25, әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері" бағдарламасы іске асырылуда, бағдарлама бойынша облыс бес көшбасшы облыстардың қатарында. Оны іске асыру басталғаннан бері 2 235 өтінім қабылданды, оның ішінде 1 625 отбасы өз баспаналарына ие болды.
 
Жыл сайын облыста тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша оң динамика байқалады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 574 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді – бұл шамамен 5000 пәтер.
 
Айта кетейік, Тәуелсіздік жылдары өңірде 6,9 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. 62,4 мыңнан астам отбасы жаңа пәтерлерге көшті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны