10.02.2022, 19:21 38116

Экология министрлігі ағаштарды кесу үшін жаза қалай күшейтілетінін айтты

Экология министрлігі ағаштарды кесу үшін жаза қалай күшейтілетінін айтты
НҰР-СҰЛТАН. 10 АҚПАН - Парламент Мәжілісінде "ҚР Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы таныстырылды.
 
Заң жобасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді. "Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғи ресурстарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерінде қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Заң жобасымен заңсыз ағаш кесудің тұрақты динамикасын ескере отырып, келесі көрсеткішті төмендету ұсынылады: елеулі залал 100-ден 50 АЕК-ке дейін, ірі залал 1000-нан 500 АЕК-ке дейін. Бұл ретте аса ірі залал көрсеткіші өзгеріссіз қалады және 2000 АЕК құрайды. Сондай-ақ, 324, 325, 326, 328, 329, 330 және 333-баптардағы "қоршаған ортаға келтірілген залал" ұғымының қылмыстық заңнамада құқықтық анықтамасы болмағандықтан, "залал" деген ұғыммен ауыстырылды", - деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова. 
 
Оның айтуынша, қоғамдық қауіпті зардаптарды анықтауға қатысты ұғымдар Қылмыстық кодексте "ірі залал және iрi мөлшерде" және "ерекше iрi залал және аса iрi мөлшерде" деп бекітілген (ҚК 3-бабы). 
 
Сондай-ақ, қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында келесі өзгерістер енгізілді: ерекше қорғалатын табиғи аумақта аса iрi зиян келтiргенi үшiн жазаның неғұрлым қатаң түрiн көздейтiн 332-бап - "Жердi бүлдіру" жаңа 3-бөлiммен толықтырылды. 
 

"Жер қойнауын өз бетінше пайдалану" 334-бабында жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және жер қойнауын заңсыз өндіруге жол бермеу мақсатында 334-баптың 1-бөлігі қылмыстық теріс қылық санатынан қылмысқа ауыстырылды. Диспозицияда қылмыстық құқық бұзушылық жасау келтірілген зиян мөлшерінің шекті мөлшері төмендетілді, яғни ірі мөлшерден елеулі залалға дейін төмендетіліп, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны енгізу арқылы санкция күшейтілді. Осы баптың 2-бөлігінің санкциясы да 3 жылдан 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қатаңдату арқылы өзгертілді. 3-бөлігінде ерекше қорғалатын табиғи аумақта аса ірі залал келтіргені үшін жазаның неғұрлым қатаң түрін қарастыру ұсынылады", - деді вице-министр. 

 
Оның сөзіне қарағанда, ағаштарды заңсыз кескен жағдайда кінәлілерге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе аз айыппұлдар тағайындалған. Жасалған әрекет үшін тағайындалған жаза келтірілген зиянға пропорционалды емес болатын. Осыған орай, "Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау" 340-бапта бұл заң бұзушылықты теріс қылық санатынан қылмыс санатына ауыстыру бөлігінде өзгертулер енгізілді. 
 
Сонымен қатар Мәжілісте "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы таныстырылды. Құжатта қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту бөлігінде толықтырулар енгізу көзделген.

Еске сала кетейік, 2021 жылғы желтоқсанда ҚР премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр сенатор Андрей Лукиннің депутаттық сауалын қарап, ормандарды заңсыз кескен үшін жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі жоспарланған заңнамалық шаралар туралы хабардар етті.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны