
Сурет: Depositphotos
29 тамызда Ақтаудағы Амфитеатр алаңында SHUBAT FEST - 2026 ұлттық фестивалі өтеді. Онда Қазақстандағы үздік шұбат өндірушілер анықталады, деп хабарлады ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Фестивальдің мақсаты - шұбат пен түйе сүтінен жасалатын басқа да өнімдерді дәріптеу, сондай-ақ гастрономиялық туризмді дамыту.
Басты іс-шара шұбаттың үздік өндірушісін анықтайтын байқау болмақ. Қатысушылар арнайы аталымдар бойынша да бақ сынай алады. Фестивальде құрт, балқаймақ, тіскебасар, балмұздақ, кофе және түйе сүтінен дайындалған коктейльдер ұсынылады.
Байқауға түйе шаруашылығы өнімдерін өндіретін жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтары қатыса алады. Финалға 20 қатысушы іріктеледі. Олардың шұбат үлгілерін тәуелсіз аккредиттелген зертхана тексереді деп күтілуде.
Жеңімпаздар үш шарт бойынша анықталады: қорытынды бағаның 40 пайызын зертханалық зерттеу нәтижелері, тағы 40 пайызын кәсіби қазылар алқасының шешімі және 20 пайызын халықтың берген дауысы құрайды. Мамандар шұбаттың қауіпсіздігі мен сапасын, ал қазылар алқасы оның дәмін, қоюлығын, хош иісі мен ұсынылуын бағалайды.
Негізгі байқаудың жеңімпаздары 1 млн, 700 мың және 500 мың теңге алады. Бас жүлде иегеріне автокөлік табысталады. Арнайы аталымдар бойынша да ақшалай сыйлықтар қарастырылған.
Фестиваль танымал өнерпаздардың қатысуымен өтетін гала-концертпен аяқталады. Ұйымдастырушылар пайымдауынша SHUBAT FEST - 2026 фестиваліне 20-25 мың адам келеді деп күтілуде.