10.09.2021, 18:03 11991

Қандай жағдайларда қазақстандықтарға шетелде көмектесетін болады, деп хабарлады СІМ

НҰР-СҰЛТАН. 10 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі шет елдерде ҚР азаматтарын қорғауды күшейтуге ниетті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ашық НҚА сайтына сілтеме жасап.
 
 "Шетелде Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіру" бағдарламасы бойынша "Республикалық бюджетте көзделген қаражатты пайдалану қағидаларын бекіту туралы" енгізілген өзгерістер жария талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында орналастырылған.
 
Заңның атауы өзгерді, енді ол осылай жазылады: "Қиын жағдайда, оның ішінде форс-мажор жағдайлары салдарынан болған қиын жағдайда қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ болу мемлекетінде қайтыс болған Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты шаралар қолдану жөніндегі іс-шараларды іске асыру қағидаларын бекіту туралы".
 
СІМ, сондай-ақ, заңға қазақстандықтар мемлекеттің көмегіне сене алатын жаңа жағдайларды қосты.
 
Олардың ішінде:
 
- Қазақстан Республикасының азаматтарын шет мемлекетке заңсыз әкелу;
 
- Қазақстан Республикасына қарсы бағытталған құқыққа қайшы әрекеттер;
 
- Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелде денсаулығының нашарлауы және күтпеген қазасына әкеліп соғатын оқиғалар;
 
- шет мемлекеттің аумағында ата-аналардың не өзге де заңды өкілдердің қамқорлығынсыз қалған Қазақстан Республикасының кәмелетке толмаған азаматтары;
 
- форс-мажорлық жағдайлар. 
 

Форс-мажорлық жағдайларға еңсерілмейтін күштер, яғни Қазақстан Республикасының азаматы тарапынан алдын алуға, бақылауға алуға келмейтін және осындай ахуал жағдайларда күтпеген сипат алған төтенше жағдайлар, соның ішінде әскери іс-қимылдар, террористік актілер, дүлей апат құбылыстары жатады", - делінген құжатта.

 
Қаржылық көмек түрлеріне төмендегідей шығыстар жатады:
 
1) медициналық көрсеткіштер бойынша қажетті шет мемлекеттен Қазақстан Республикасына келу үшін көлік шығыстарын, сондай-ақ көлік құралында қосымша отыратын орындарға ақы төлеу шығыстарын өтеу (экономкласты авиабилет құнынан аспайды);
 
2) аудармашы көрсеткен қызметті өтеу (бір күнге 15 АҚШ долларына балама сомадан аспайды);
 
3) адвокат көрсеткен қызметті өтеу (бір күнге 45 АҚШ долларына балама сомадан аспайды);
 
4) бір жолғы материалдық көмек: 
 
- тамақтану (бір күнге 80 АҚШ долларына балама сомадан аспайды); 
 
- тұру (бір күнге 200 АҚШ долларына балама сомадан аспайды); 
 
- бірінші қажеттіліктегі заттар болмаған жағдайда, оларды сатып алу (280 АҚШ долларына балама сомадан аспайды); 
 
- жүкті жөнелтуге, болу елінде тасымалдау және тиісті құжаттарды (анықтамаларды) ресімдеуге, табыттарды (жәшіктерді, урналарды) сатып алуға, мүрдені бальзамдауға, мәйітханада сақтауға, болу елінде кремациялау немесе жерлеуге жұмсалатын шығыстарды төлей отырып, "200" жүгін ресімдеуге (Қазақстан Республикасына қайтыс болған азаматтардың табыттарын және күлімен сауыттарын жөнелту) жұмсалатын шығыстар;
 
5) Сақтандыру полисі жаппайтын форс-мажорлық жағдайлар туындаған кезде өмірге қауіп төндірумен байланысты медициналық қызметтерді немесе зерттеулерді өтеу (Қазақстан Республикасының азаматы ықтимал тәуекелдерді сезіне отырып, қиын жағдайда қалған жағдайларды қоспағанда).
 
Жоғарыда сипатталған барлық жағдайларда қаржылық көмек өтеусіз негізде ұсынылады.
 
Құжатты талқылау 2021 жылдың 23 қыркүйегіне дейін жалғасады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны