16.11.2021, 18:43 24557

Қазақстан тағы бірнеше елдің вакцинация паспортын жарамды деп таныды

Сондай-ақ, жаңа қаулымен халықты коронавирусқа қарсы ревакцинациялау мерзімдері бекітілді.
Қазақстан тағы бірнеше елдің вакцинация паспортын жарамды деп таныды
Сурет: twitter.com
НҰР-СҰЛТАН. 16 ҚАРАША - Қазақстан тағы бірнеше елдің вакцинация паспортын мойындады. Тиісті қаулыға ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушы Айжан Есмағамбетова қол қойды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Құжатқа сәйкес, ҚР аумағында Аргентина, Мажарстан, Грузия, Иран, Иордания, Қырғызстан, Мальдив Республикасы, Моңғолия, Армения, Беларусь, Молдова, Перу, Сан-Марино, Сербия, Тунис, Үндістан, Филиппин, Таиланд, Түркия және Эстонияда берілген азаматтардың КВИ-ға қарсы вакцинациясының паспорттары/сертификаттары/анықтамалары жарамды деп танылады.
 
 
Сондай-ақ, жаңа қаулымен халықты коронавирусқа қарсы ревакцинациялау мерзімдері бекітілді.
 
КВИ-ге қарсы ревакцинациялауға жататын халықтың контингенттері (тәуекел топтары): 
 
1) медицина қызметкерлері;
 
2) педагогтар;
 
3) күш құрылымдарының қызметкерлері;
 
4) медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы мен контингенті;
 
5) 60 жастан асқан адамдар; 
 
6) КВИ-ге қарсы вакцинациялаудың аяқталған курсынан кейін КВИ-ге қарсы антиденелер анықталмаған иммунитеті әлсіреген адамдар (иммуносупрессивті терапиядағы адамдар (лейкемияны, лимфоманы және миеломаны қоса алғанда, қатты ісікті немесе гематологиялық қатерлі ісікті белсенді иммуносупрессивті емдеу немесе осындай емдеу тоқтатылғаннан кейін 12 ай ішінде), гемодиализдегі адамдар, трансплантат реципиенттері, АИТВ жұқтырған ауыр бастапқы иммун тапшылығы);
 
7) өз бетінше тексеруден (КВИ-ге қарсы алғашқы вакцинацияның курсы аяқталғаннан кейін кемінде 28 күннен ерте емес) өткен және КВИ-ге қарсы антиденелерге зерттеудің теріс нәтижесі бар адамдар.
 
КВИ-ге қарсы ревакцинациялау КВИ-ге қарсы вакцинациялаудың алғашқы курсында қолданылмаған вакцина түрлерімен (белсенділігі жойылған вакцина, векторлық вакцина, м-РНҚ-вакцина) жүргізіледі.
 
КВИ-ге қарсы ревакцинациялау мынадай аралықтарды сақтай отырып жүргізіледі:
 
1) векторлық вакциналарды енгізгеннен кейін - 9 айдан кейін;
 
2) белсенділігі жойылған вакциналарды және м-РНҚ-вакциналарды енгізгеннен кейін - 6 айдан кейін.
 
КВИ-ге қарсы ревакцинациялауды КВИ-ге қарсы алғашқы вакцинациялау курсына пайдаланылған вакцинамен жүргізуге жол беріледі.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны