13.07.2022, 16:27 21096

Депутат айналым схемасын сауда желілеріндегі бағаны ұстап тұру шарасы ретінде сынға алды

Депутат айналым схемасын сауда желілеріндегі бағаны ұстап тұру шарасы ретінде сынға алды
НҰР-СҰЛТАН. 13 ШІЛДЕ - Бүгінгі таңда бағаның өсуі экономиканың басты проблемасы болып қалуда, деп мәлімдеді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Аманжан Жамаловтың Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.
 

Мен, депутат ретінде бағаны ұстап тұру мәселесіндегі батылсыздығы мен тоңмойындығы үшін Ұлттық Банк пен Үкіметті жиі сынға аламын. Әрі осыған бірнеше депутаттық сауал арнадым", - деп жазды өзінің Facebook парақшасында Аманжан Жамалов.

 
Оның айтуынша, бұл проблеманың үшінші тарапы да бар – бұл сауда желілері.
 

Қазіргі уақытта сөрелердегі тауарлардың бағасы "құтырып" кетті. Әрі Үкімет бұл жағдай үшін шұғыл түрде "құтыруға қарсы вакцинаны" әзірлеуі қажет", - деп мәлімдеді депутат.

 
Ол қазір бағаның өсуін тежеудің негізгі шаралары сауда желілерінің өздері арқылы іске асырылып жатырғанын еске салды. Негізгі құрал – "айналым схемасы". Бұл бағаны ұстап тұру жөніндегі міндеттемелерді өздеріне алатын сауда желілеріне жеңілдікпен кредит беру.
 

Оған 81 млрд. теңге жұмсалды, ал сезінерлік әсер байқалмайды. Бағалар өсуде", - деді мәжілісмен.

 
Біріншіден, "айналым схемасына" алдын ала келісілетін тауарлардың шектеулі тізімі қатысады, деп атап өтті ол. Мәселен, Магнумда 19 әлеуметтік маңызы бар тауар бойынша ғана бағаға тежеу жасалады.
 

Екіншіден, "айналым схемасының" нақты әсерін есептеу мүмкін емес, өйткені, жалпы көлемдегі тауарлардың қандай үлесінің жеңілдікті бағамен сатылғаны туралы деректер жоқ. Магнум тауарларды бөлінген қарыз сомасына ғана сатып алып, содан кейін оларды өз дүкендерінде сатады деп есептеледі. Яғни, дүкенде жеңілдікті бағамен тауарлар сатылуы мүмкін. Сонымен бірге, дәл осы тауарлар бір мезгілде әдеттегі нарықтық бағамен де сатылады. Әрине, жеңілдікті тауарлар бұл ретте тез сатылып кетеді де олар қысқа сауда уақытына ғана жетеді әрі жоғары бағамен нақ сол тауарлар қалады. Әрине, бүкіл ел бойынша осы 81 млрд. теңге – бұл "теңіздегі тамшы" тәрізді", - деп есептейді ол.

 
Үшіншіден, "айналым схемасы" барлық халық топтарының пайдасына жұмыс істейді. 
 

Дүкенге кірген кез келген адам, кірісіне қарамастан, тауарды жеңілдікті бағамен сатып ала алады. Жеңілдікті тауарлар сөрелерге қойылып, оларды бір көтерме сауда жасаушы немесе жай ғана ауқатты адамдар сатып алуы мүмкін әрі егер табысы төмен отбасы дүкенге оларды аламын деп келсе, онда олар үшін жеңілдікті тауарлар жетпей қалады", - деп түсіндірді Жамалов.

 
Төртіншіден, заңда әлеуметтік маңызы бар өнімдерге 15%-дан аспайтын шекті үстеме баға белгіленген. Бірақ сауда желілерінде "ретробонустар" деп аталатын нәрсе бар. 
 

Бұл саудагерлер ойлап тапқан, өндірушілерді өз еңбегінің жемісін болмашы ақыға беруге мәжбүр ететін және оларға "ретробонустар" деп аталатын ақыны есепке жазу арқылы сатып алушыларды осы тауарларды өздерінен анағұрлым жоғары бағамен сатып алуға мәжбүрлейтін "тонаушылық" құрал", - деді ол.

 
Депутаттың айтуынша, іс жүзінде бұл тауар жалпы сөреге жете алатындай, өндірушілер дүкенге тауарды сатқаны үшін төлейтін ақы.
 

Егер осы бонустарды ескеретін болсақ, онда сауда желілеріндегі үстеме баға заңда белгіленген 15%-дың орнына 40%-ға жуықты құрайды. Мысал үшін бір бөтелке минералды суды алып қарайық. Шартты түрде алғанда, оның өзіндік құны 100 теңге. Бұл сомаға 20 теңге "ретробонус" есепке жазылады. Оған қоса 15% үстеме баға немесе 18 теңге. Түпкілікті бағасы – 138 теңге. Тауар сатылғаннан кейін 120 теңге өндірушіге кетеді, одан ол сауда желісіне 20 теңге "ретробонусты" қайтарады. Сауда желісінің қорытынды үстеме бағасы – 38 теңге немесе 38%. Бірақ мүлде 15% емес", - деп түсіндірді ол.

 
Бесіншіден, азаматтар қандай тауарлардың жеңілдікті бағамен сатылатынын білмейді. Тізімдегі әрбір өнімде осы тауардың әлеуметтік маңызы бар тауар болып табылатынын және арнайы бағасының бар екенін көрсететін арнайы таңбалау бар. Бірақ бұл таңбалау, депутаттың пікірінше, әрең байқалатындай, соншалықты ұсақ әрі солғын.
 
Жамалов өнім бағасын ұстап тұру үшін айналым схемасын жақсарту бойынша бірқатар шараларды ұсынды:
 
1) "Айналым схемасын" қолданудың әсерін – жалпы тұтынудағы тауарлардың қандай көлемі жеңілдікті бағамен сатылатынын талдау қажет.
 
2) Егер "айналым схемасының" әсері төмен болса және тауарлар жетпесе, қаржыландыру көлемін ұлғайту қажет. Әрине, барлық сатып алушыларды төмен бағамен тауарлармен қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ "айналым схемасы" бойынша сатылатын тауарлардың бағасы басқа сауда желілері мен дүкендер үшін "шамшырақ" болуға тиіс. Олар өздерін осы бағаларға қарап, бой түзеуге және бәсекелестікті ескере отырып, өздерінде сатылатын тауарлардың бағасын тым көтермеуге мәжбүр етуге тиіс. Ол үшін басқа ритейлерлердің бағалары мен көлемдерін де талдау қажет.
 
3) Тауарлардың тізбесін кеңейтуді ойластырған жөн. Қазақстандықтардың тұтыну себеті 19 тауардан тұрмайды.
 
4) Сауда желілері қолданатын "ретробонустар" деп аталатын жүйені зерделеу және "ретробонустарды" ескере отырып, тауардың үстеме бағасын бақылауға қатысты әдіснамалық шешім қабылдау қажет.
 
5) Мемлекет субсидиялайтын жеңілдікті тауарлардың стандартты таңбалануын әзірлеу керек.
 

Бірақ, қорытындылай келе, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдаудың ең тиімді құралы атаулы шаралар болып табылады деп айтқым келеді. Сондықтан, ең дұрысы – жеңілдікті тауарларды дәл осы халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына сату. Ол үшін әртүрлі экономикалық құралдар бар. Мысалы, азық-түлік карточкалары. Адам карточкасын ұсынып, тауарды төмендетілген бағамен сатып ала алады. Сол кезде қолдауды шын мәнінде оған мұқтаж адамдар алатын болады", - деп толықтырды депутат.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны