23.12.2021, 18:53 22196

Мамандар Алматыда коронавирустың жаңа толқынын болжауда

Эпидемияның кезекті толқыны 2022 жылғы қаңтардың ортасында күтілуде, наурыз айының ортасына қарай өршуі ықтимал.
Мамандар Алматыда коронавирустың жаңа толқынын болжауда
АЛМАТЫ. 23 ЖЕЛТОҚСАН - Қалалық санэпидқызметтің талдау тобы мамандарының болжамы бойынша Алматыда COVID-19 омикрон штаммының тіркелуі әбден мүмкін, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Алматыда жаппай вакциналану қажет, өйткені қалалық санэпидқызметтің талдау тобы мамандарының болжамы бойынша Алматыда COVID-19 омикрон штаммының тіркелуі әбден мүмкін. Эпидемияның кезекті толқыны 2022 жылғы қаңтардың ортасында күтілуде, наурыз айының ортасына қарай өршуі ықтимал", - деп хабарлайды Алматы әкімінің баспасөз қызметі.

 
Әкімдікте түсіндіргендей, бүгінде Алматыда КВИ дертінің төмендеуі ұжымдық иммунитеттің 58%-ына (вакциналанғандардың 50%-ы және жыл басынан бері ауырып ауырғандардың 8%-ы) қолжеткізудің арқасында мүмкін болды.
 
Сондықтан қала әкімі Б. Сағынтаев алматылықтарды, оның ішінде жасөспірімдер мен тәуекел тобындағы қалалықтарды белсенді түрде вакциналануға шақырды. Алғашқы егуді алғандар дәрігерлер ұсынған мерзімнен кейін ревакцинациядан өтулері тиіс.
 

Соңғы аптада жасы бойынша дерт жұқтырғандардың үлесі: 20-59 жас – 55%, 60 жас және одан жоғары – 25%, 14 жасқа дейінгі балалар - 15%, жасөспірімдер 5%-ды құрады. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыс істемейтін азаматтар – 31%, ұйым, ЖШС, ЖК қызметкерлері – 21%, зейнеткерлер – 20%, оқушылар – 11%, мектеп жасына дейінгі балалар – 7%, студенттер – 3%, басқалар – 7%. Алматылықтар дертті көбінесе қоғамдық көліктерде (36%), сауда нысандарында (34%) және отбасыларда (25%) жұқтырады", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

 
Қала әкімі эпидемиологиялық жағдайы нашар елдерден "омикрон" инфекциясының Қазақстанға әкелінуінің алдын алу үшін профилактикалық жұмыстардың кеңінен жүргізіліп жатқанын атап өтті.
 
Мәселен, 3-20 желтоқсан аралығында Алматыға шетелден 49,4 мың жолаушысы бар 344 рейс қонды. Оның ішінде ПТР анықтамаларымен – 29,7 мың, вакцинация паспортымен – 20 мың, "омикрон" штаммы тіркелген елдерден – 2,9 мың жолаушы келді. 
 
Барлығы медициналық бақылауға алынып, 7 күн бойы оқшауланды. Кейіннен олардың арасында КВИ-мен ауыратын 5 науқас анықталды, олардың барлығы инфекциялық стационарда оқшауланды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны