02.11.2022, 14:43 15461

Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасын еркін етуді ұсынып отыр

Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қойылатын жаңа талаптарды талқылауды ұсынады.
Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасын еркін етуді ұсынып отыр
Сурет: Depositphotos
Астана. 2 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қойылатын жаңа талаптарды талқылауды ұсынады. Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға түзетулер "Ашық НҚА" порталында жарияланды.
 

Пиджак, жилет, шалбар, юбка және жейдеден тұратын қазіргі мектеп формасымен қатар оқушыларға пиджак пен жакетті түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардигандарға ауыстыруға, сондай-ақ күнделікті киіп жүрген жейделерін поло жейделерге ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Алайда киімнің түсі, стилі және басқа да тұстары мектеп әкімшілігімен келісілуі керек", - деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

 
Ұлдардың мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
 
Қыздардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
 

Жалпы мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Бұл жерде әңгіме тізімді толықтыру және таңдау мүмкіндігін беру жайында болып отыр. Бұған дейін ата-аналар бұл мүмкіндіктің балалар үшін ыңғайлы екенін айтып, қарастыруды сұраған болатын. Өйткені сабақ кезінде ресми костюм кию балалардың барлығына бірдей қолайлы емес. Сол себепті балама ретінде ыңғайлырақ киіммен келуге рұқсат беру ұсынылып отыр", - деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Райынбекқызы.

 
Оның айтуынша, бірақ бұл мектептер бекітілген талаптарды міндетті түрде қайта қарауы керек дегенді білдірмейді.
 

Бұл қажет болған жағдайда пайдалануға болатын қосымша мүмкіндік пен нұсқа ғана", - деп атап өтті Гүлмира Райынбекқызы.

 
Сондай-ақ, ол ата-аналар өндірушіні таңдауда және мектеп формасын сатып алуда тәуелсіз екенін еске салды.
 
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің түзетулері 2022 жылдың 15 қарашасына дейін қоғамдық талқылау үшін қолжетімді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны