25.02.2026, 07:06 451

Канадада жеңіске жеткен қазақстандық жас хоккейшілер елге оралды

Канадада жеңіске жеткен қазақстандық жас хоккейшілер елге оралды
Сурет: olympic.kz
Канадада жеңіске жеткен Astana Team балалар хоккей командасы елге оралды, деп хабарлайды olympic.kz.

Канаданың Квебек қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы беделді Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament турнирінің финалында жеңіске жеткен қазақстандық жас спортшылар елге келді. Оларды әуежайда зор қошеметпен күтіп алды.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, топтық кезеңдегі барлық матчта жеңіске жеткен Astana Team плей-оффқа сенімді түрде жолдама алды. Ширек финалда алаң иелері - Quebec Nordiques командасын 3:1 есебімен ұтып, жартылай финалда Quebec Remparts ұжымынан 2:1 есебімен басым түсті. Ал финалда Noir d’Or des Montagnes командасымен өткен тартысты кездесуде буллит сериясында 4:3 есебімен жеңіп, турнир чемпионы атанды.

Айта кетейік, бұл мәртебелі дода 1960 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Турнир BB, AA, AA Elites және ең жоғары AAA дивизиондарына бөлінеді.

Astana Team екінші деңгейлі дивизионда топ жарып, келесі маусымда AAA санатына көтерілу мүмкіндігіне ие болды. Жоғары дивизионға өту туралы шешімді турнирдің ұйымдастыру комитеті қабылдайды. Команда бұл турнирге екінші жыл қатарынан қатысып отыр. Олар 2024 жылы Францияда өткен іріктеу додасында жеңіске жетіп, алғаш рет AA Elites дивизионына жолдама алған еді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны