05.10.2022, 15:41 16021

Мәжіліс Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан шекарасын межелеу туралы шартты ратификациялауды мақұлдады

Шарт Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттер арасындағы мемлекеттік шекараны заңды түрде бекітетін тарихтағы алғашқы құжат болмақ.
АСТАНА. 5 ҚАЗАН - Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста "Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Шарттың ратификациялануы және күшіне енуі оңтүстік межелерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын межелеу үдерісін толық аяқтауға мүмкіндік береді. Ол Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттер арасындағы мемлекеттік шекараны заңды түрде бекітетін тарихтағы алғашқы құжат болмақ", – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

 
Шартты қабылдау мемлекеттер арасында Каспий түбін бөлуге қатысты Түрікменстанмен даулардың туындауына ықтимал алғышарттарды жояды. Сондай-ақ Каспий теңізі түбінің қазақстандық секторының инвестициялық тартымдылығын арттырады және жер қойнауын пайдалануға және су биологиялық ресурстары кәсіпшілігіне егеменді құқықтарды іске асыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді.
 
Өз кезегінде Депутат Зарина Камасова:
 

Менің түсінуімше, бұл шарт мемлекеттік шекаралар сызығын картада белгілеуге негіз болады. Ал шартта шекаралар бейнеленген графикалық карталардың болмауы шартты із-жүзінде қолдану кезінде қиындықтар туғызбай ма?" – деді.

 
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов теңіз шекарасы координаттар бойынша бөлінгенін, техникалық бақылау бекеттерінде осы координаттарды көруге және бақылауға мүмкіндік беретін заманауи құрылғылар орнатылғанын айтты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны