01.09.2021, 19:51 9237

Тоқаев: Мемлекет басшысының бағдарына күмән келтіретіндер және тапсырмаларды орындаудан жалтаратындар қызметтен кетуге тиіс

НҰР-СҰЛТАН. 1 ҚЫРКҮЙЕК - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында "Халық бірлігі және жүйелі реформалар - елдің өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеу қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Меніңше, Мемлекет басшысының бағдарына күмән келтіретіндер, жұмыс істеу қолынан келмейтіндер, ебін тауып орнында отыра беруді қалайтындар, Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар қызметтен кетуге тиіс. Қазір біз ел дамуының шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас құрылым ретінде жұмыс істеуге міндетті. Солай болған жағдайда ғана біз көздеген мақсаттарымызға қол жеткіземіз", – деп мәлімдеді Президент.

 
Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі кезеңде елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы білім беруді қамтамасыз етуге, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйені қалыптастыруға, саяси жаңғыртуға, адам құқықтарын қорғауға және қоғамды топтастыруға бағытталған бірқатар бастамалар көтерді.
 
Қазақстан халқына арнаған сөзінде Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мемлекетіміздің ең қастерлі құндылығы деп атады.
 

Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Жолдаудың негізгі басымдықтарын белгілей отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтардың амандықтары - оның Қазақстан Президенті қызметіндегі ең басты мақсаты әрі тілегі екенін атап өтті.
 
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Мемлекет басшысы бес негізгі бастаманы ұсынды.
 
Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдағанын жариялады. Бұл шара бір миллионнан астам адамға тікелей, ал бүкіл еңбеккерлерге жанама әсер етеді.
 
Екіншіден, Президент соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің пайдасынан шамамен 60% артта қалған еңбекақы төлеу қорын арттыру қажеттілігі туралы мәлімдеді. Осыған байланысты Үкімет бизнесті өз жұмысшыларының жалақысын көбейтуге ынталандыратын "ұтымды" шаралар әзірлейді. Қызметкерлерінің еңбекақысын көбейткен жұмыс берушілерге реттелмелі сатып алу жүйесі аясында жеңілдіктер беріледі. Сондай-ақ, оларға мемлекет тарапынан белсенді қолдау көрсетілетін болады. 
 
Үшінші бастама еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені азайтуға бағытталған. Бұл, әсіресе, микро және шағын кәсіпкерлік саласында қатты сезіледі. Президент мұндай бизнес үшін жиынтық салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізуді ұсынды. Бұл шара бизнесті мыңдаған қызметкерін "көлеңкеден шығаруға" ынталандырады. Сонда олар зейнетақы жүйесінің, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінің толық қатысушысына айналады. 
 
Төртіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдан 2025 жылға дейін бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтық қызметкерлердің (мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар) жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға арттыруды тапсырды. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді.
 
Бесіншіден, Президент зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында "Отбасы банкіндегі" есепшотқа аударуға рұқсат беру қажет деп санайды. Оның пікірінше, бұл қадам жұрттың қаражат жинауды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді.
 
Отырысқа қатысып отырған депутаттарға арнаған сөзінде Мемлекет басшысы әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, парламентшілер халықтың мүддесін қорғау үшін әрдайым табандылық танытуға тиіс. Әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны