08.06.2022, 16:14 10591

Қазақстанда күш құрылымдары бастықтарының әрекетсіздігі үшін жаза күшейтіледі

Қазақстанда күш құрылымдары бастықтарының әрекетсіздігі үшін жаза күшейтіледі
Сурет: Polisia.kz
НҰР-СҰЛТАН. 8 МАУСЫМ - Құқық қорғау органдарының басшылары әрекетсіздігі үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылады. Парламент Мәжілісі тиісті норма көзделген заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
 
Мәжілістің жалпы отырысында құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралды.
 
Депутат, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанованың айтуынша, қаңтар оқиғасы құқық қорғау органдарын реформалау қажеттігін көрсеткен.
 
Осыған орай депутаттар құқық қорғау блогымен бірлесіп, күштік блок қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын, олардың басшыларының жауапкершілік деңгейін, әлеуметтік қамтамасыз етуді күшейтуді ынталандыру бойынша бірқатар түзету әзірледі.
 

Бұл түзетулерді шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші блок – Қызметкерлердің құқықтық қорғалуы. Қылмыстық кодекске билік өкіліне бағынбағаны, оған қатысты күш қолданғаны, төтенше жағдай кезіндегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде және терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында қызметкердің өміріне қолсұғушылық үшін жауаптылық күшейтіледі. Жоғарыда аталған жағдайларда қорқыту және зорлық-зомбылық үшін де жауаптылық артады", - деді Бижанова.

 
Екінші блок – күштік құрылымдардың шешім қабылдау дербестігін күшейту және басшылардың жауапкершілігін арттыру. Депутаттар Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалды кодекстерге, "Төтенше жағдай туралы", "Әскери жағдай туралы", "Ұлттық ұлан туралы" заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.
 

Жаңа құрамдар үшін қылмыстық жуапкершілік енгізіледі. Атап айтқанда, жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адамның немесе құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның өзге де басшысының қызмет бойынша әрекетсіздігі. Санкцияның жоғарғы шегі – 7 жылға бас бостандығынан айыру", - деді мәжіліс депутаты.

 
Сондай-ақ құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің өз міндеттерін атқарудан бас тартқаны немесе жалтарғаны үшін де жауапкергшілік белгіленеді. Санкцияның жоғары шегі – 10 жылға бас бостандығынан айыру.
 

Бұл ретте мен бастықтың қызметіндегі әрекетсіздікке толығырақ тоқталғым келеді. Бұл бап бойынша қылмыстық жауаптылық төтенше жағдай кезінде бейбіт халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнген кезде, ғимараттарды басып алу, мүлікті жою, тонау орын алған кезде, ал жергілікті бастықтар әрекет етпей отырған кезде қолданылады", - деді Бижанова.

 

Мұның бәрін біз қаңтар айында байқадық. Қоғамның көңілі толмағаны сол – кейбір жауапты басшылар әрекет етпей отырса, біреуі жасырынып қалды немесе қашып кетті. Бұл жауапсыздық және қылмыс. Әсіресе, осындай лаңкестікке ұласқан жаппай тәртіпсіздіктер кезінде", - деп жалғастырды депутат.

 
Сондай-ақ, енді мемлекеттік органдардың басшылары үшін әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша жеке жауапкершілік енгізіледі. Бұдан бөлек, президентке әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай режимдерін қамтамасыз ету бойынша қосымша өкілеттіктер беріледі.
 
Енді төтенше жағдай жарияланғанда, президент өз қалауына қарай осы режимді қамтамасыз ететін мемлекеттік комиссияның төрағасын тағайындайды. Ол кез келген мемлекеттік органның немесе құқық қорғау блогының өкілі бола алады.
 
Ақпарат көзі: sputnik.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны