06.09.2022, 14:46 11546

Үкімет Президент Жолдауын іске асыру жоспарын мақұлдады

Премьер-Министр барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге Жалпыұлттық жоспарды орындауға шұғыл кірісуді тапсырды.
Үкімет Президент Жолдауын іске асыру жоспарын мақұлдады
Сурет: Primeminister.kz
НҰР-СҰЛТАН. 6 ҚЫРКҮЙЕК - ҚР Үкіметі отырысында Мемлекет басшысының "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасы мақұлданды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, ЖҰЖ жобасы келесі бағыттар бойынша 109 іс-шараны орындауды қарастырады: жаңа кономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына стратегиялық инвестициялар, мемлекеттік басқаруды қайта жүктеу, заң және тәртіп.
 
Мәселен, "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске қосу және жалпы медициналық инфрақұрылымды кешенді жақсарту бойынша шаралар әзірлеу жоспарланып отыр. Жаңа "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 800 мың оқушыға арналған мектептер салынады.
 
Бұдан басқа, әйелдердің зейнеткерлік жасын 2028 жылға дейін жоғарылатуға (61 жасты белгілей отырып) мораторий енгізу және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер беру ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайту жөніндегі заңнамалық түзетулер қабылданатын болады.
 
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Ұлттық қор – балаларға" жобасы іске қосылады деп күтіледі, оның аясында балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ын бағыттау жоспарланып отыр. Бұл қаражатты 18 жасқа толғанда тұрғын үй сатып алуға және білім алуға пайдалануға болады, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
 
Сонымен қатар, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңды жаңарту, "Самұрық-Қазына" қорының қызметін қайта форматтау, сондай-ақ АЭА, агроөнеркәсіп кешені мен су саласы қызметінің тиімділігін арттыру үшін шаралар қабылдау жоспарда бар.
 
Оған қоса, жаңа Салық, Бюджет және Қала құрылысы кодекстері әзірленетін болады.
 
Премьер-Министр Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасында Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің барлығы қамтылғанын атап өтті. Ол халық пен бизнестің өзекті проблемаларын шешуге бағытталған.
 
Жоспар бағаны реттеу, салықтық және кедендік әкімшілендіру, бюджет процестерін жеңілдету, кәсіпкерлікті қолдау, автомобиль жолдарын салу, заң үстемдігі мен сот төрелігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту сияқты салаларды қозғайды.
 

Жоспардың маңызды бөлігі әлеуметтік даму, денсаулық сақтау және білім беру бойынша кешенді әрі жүйелі шараларды қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы оны іске асыру экономиканы сапалы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді", — деді Әлихан Смайылов. 

 
Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет ұсынылған құжат жобасын мақұлдады.
 
Премьер-Министр барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге Жалпыұлттық жоспарды орындауға шұғыл кірісуді тапсырды.
 
Бұған дейін Үкіметте жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны