05.01.2022, 03:58 7076

АЛМАТЫДА ҚАЛАҒА КІРУГЕ ЖӘНЕ ШЫҒУҒА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛДЫ

АЛМАТЫДА ҚАЛАҒА КІРУГЕ ЖӘНЕ ШЫҒУҒА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛДЫ
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі
АЛМАТЫ. 5 ҚАҢТАР - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлықтарға қол қойды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде мынадай шаралар мен уақытша шектеулер енгізілді:
 
- қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;
 
- Алматы қаласында жүріп-тұру, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігіне шектеулер белгілесін;
 
- жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеру қамтамасыз етілсін;
 
- Алматы қаласына кіру, сондай-ақ одан шығу шектелсін;
 
- бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынсын;
 
- ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынсын;
 
- қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынсын, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режим белгіленсін;
 
- жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етілсін.
 
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2 қаңтарда газ бағасының литріне 120 теңгеге дейін көтерілуіне байланысты Маңғыстау облысында митингілер басталды. 
 
ҚР Премьер-Министрінің өкімімен Үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істей бастады. Наразылыққа жауап ретінде Маңғыстау және Ақтөбе облыстарындағы жергілікті билік газ бағасының литріне 50 теңгеге дейін төмендегенін хабарлады. 
 
Бұған дейін Қазақстан Президенті демонстранттарға жүгініп, олардан деструктивті адамдардың үндеуін орындамауды өтінді. 
 
Zakon.kz деректері бойынша, Алматыда түнгі сағат бір шамасында құқық қорғау органдарының бөлімшелері митингіге шыққандардың басым бөлігін Республика алаңынан ығыстырып шығарды, онда мыңға жуық адам жиналды.
 
Наразылық білдірушілер бір полиция қызметкерін ұрып-соғып, полиция көліктерін сындыра бастады. Қауіпсіздік күштері демонстранттарды тарату үшін жарық-шу гранаталарын қолдануға мәжбүр болды.
 
Қазақстанда наразылық аясында интернетпен іркілістер байқалады
 
Kcell ұялы байланыс операторының мәліметінше, Алматыдағы байланыс үзілістері "терроризмге қарсы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы құзыретті органдардың іс-қимылдарымен" байланысты. 
 
Сонымен қатар, Алматыда жергілікті уақыт бойынша сағат 22.00 шамасында интернет-мессенджерлер мен әлеуметтік желілер пайдаланушылар үшін жұмысын тоқтатты. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны