02.06.2021, 20:44 18901

Қазақстан Үкіметі бірқатар функцияларды министрліктерге береді

Үкіметтен министрліктерге 89 функция, жергілікті атқарушы органдарға 5 функция беріледі.
НҰР-СҰЛТАН. 2 МАУСЫМ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы барысында депутаттар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ұлттық экономика министрлігі басшысының айтуынша, заң жобасы ел басшылығының тапсырмаларын, Стратегиялық құжаттарда белгіленген басымдықтарды және сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып дайындалды.
 

Заң жобасын әзірлеу алдыңғы әкімшілік реформалардың қисынды жалғасы болды. Орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік функцияларды талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. 55 заңнамалық актіге, оның ішінде 5 кодекс пен 50 заңға түзетулер енгізу көзделді", - деді Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

 
Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Үкіметтен министрліктерге 89 функцияны, жергілікті атқарушы органдарға 5 функцияны беру арқылы 94 функция қайта бөлінетінін атап өтті. Бұл ретте 4 мемлекеттік органға қосымша өкілеттіктер беріледі.
 

Жобаны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкелмейді. Заң жобасы басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін нақты ажырату бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған", - деп атап көрсетті Ә.Ерғалиев.

 
Заң жобасын қабылдау мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырудағы кезекті қадам болады және оның дербестігін одан әрі арттыруға ықпал етеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны