
Сурет: Depositphotos
Қазақстанның Көлік министрлігі әуе тасымалы қағидаларына өзгерістер енгізу жобасын әзірледі. Түзетулер музыкалық аспаптар мен жануарларды тасымалдаудың жаңа талаптарын, мүгедектігі бар жолаушыларға арналған қосымша кепілдіктерді және әуе компанияларының жауапкершілігін күшейтуді көздейді, деп
хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен.
Бұл жобаға сәйкес, жолаушыларға домбыра мен қобыз сияқты музыкалық аспаптарды ұшақ ішіне қол жүгі ретінде, жеке жолаушы орнында немесе тіркелген багаж ретінде тасымалдауға рұқсат берілуі мүмкін. Салонда тасымалданатын аспап міндетті түрде берік қорғаныш қаптамасында болуы тиіс. Оның өлшемі 110×35×30 см-ден, ал салмағы 10 келіден аспауы қажет.
Сондай-ақ, жоба аясында әуе компаниялары белгілеген талаптарға сәйкес жануарларды ұшақ салонында тасымалдауға мүмкіндік беру қарастырылған. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар жолаушыларға әуе тасымалы кезінде жеңілдіктер беру нормасын заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылады.
Құжатта әуе кемесі сыйымдылығы төмен басқа әуе кемесіне ауыстырылған жағдайда жолаушыларды орналастырудың басым тәртібі де енгізілмек. Осыған сәйкес, бірінші кезекте кәмелетке толмаған жолаушылардың, мүгедектігі бар адамдардың, ауыр науқастардың, жүкті әйелдердің және зейнет жасындағы азаматтардың тасымалы қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар Көлік министрлігі жолаушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында жолаушыны жеткізудің кешігуіне байланысты айыппұлды төлеудің нақты мерзімін белгілеу ұсынылады. Яғни, тиісті өтініш берілген күннен бастап төлем 10 күнтізбелік күннен кешіктірілмей жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен қатар, тасымалдаушының кінәсі дәлелденген жағдайда тіркелмеген қол жүгінің бүлінуіне байланысты әуе компанияларының жауапкершілігін белгілеу көзделген.
Өзгерістер жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланып, қоғамдық талқылауға шығарылды.