30.03.2026, 12:00 4901
Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығының Усть-Лугадағы вахтолық лагеріндегі жағдайға түсініктеме
Сурет: Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург (РФ) қаласындағы Бас консулдығы
Достарға айту
Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығы Усть-Лугадағы вахталық кентте болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
2026 жылғы 28 наурызда Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығының қызметкерлері Усть-Лугадағы вахталық кентте жұмыс істейтін ҚР азаматтарымен, оның ішінде тұрмыстық жанжал нәтижесінде ұсталған азаматтармен кездесу өткізді. Аталған кентте шамамен 15 мың адам тұрады, олардың барлығы Ресейдің ірі экспорттық порттарының бірін салуға қатысатын түрлі мердігер ұйымдардың вахталық қызметкерлері.
Мәлім болғандай, бастапқыда тәртіпсіздіктерге бірнеше жүз адам қатысқан. Оқиғадан кейін әртүрлі елдердің 30-дан астам азаматы ұсталды. Алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін ұсталғандардың басым бөлігі босатылды. Бірқатар тұлғаларға, оның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы сот шешімдері қабылданды. Тағы үш ҚР азаматына қатысты тергеу жүргізілуде. Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккен немесе медициналық көмекке мұқтаж тұлғалар жоқ. Барлық ҚР азаматтарына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде.
Сондай-ақ вахталық кенттің өзінде компания қызметкерлері (қазақстандық жұмысшылар мен учаске бригадирлері), Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары, жұмыс беруші компания мен күзет агенттігі өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Кездесу барысында орын алған жағдай сындарлы түрде талқыланып, алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу шаралары қарастырылды.
Қазіргі уақытта вахталық кенттегі жағдай тұрақты. Оқиғаға қатысқан екі тарапқа қатысты тергеу іс-шаралары жалғасуда, оның қорытындылары бойынша жанжалға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
30.03.2026, 16:27 3511
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі бірінші тоқсан қорытындысы бойынша үш есеге төмендеді
Достарға айту
Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңесте бірінші тоқсанның алдын ала қорытындылары қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, наурыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа өсу индексі 0,3%-ды құрады. Бұл өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда (0,9%) үш есе төмен.
Жалпы алғанда, бірінші тоқсанда баға өсімі 1,2% болды, бұл да 2025 жылдың осы кезеңіндегі деңгейден (3,8%) үш есе төмен. Бұл динамика баға өсімінің тұрақты баяулауын көрсетеді.
Кеңесте ресми статистика тұтыну бағалары индексін есептеудің халықаралық әдістемесіне сәйкес қалыптастырылатыны және 537 тауар мен қызмет түрін қамтитыны айтылды. Мониторинг бүкіл ел бойынша 12 мыңнан астам сауда нысанында жүргізіледі. Ішкі сауда жүйесінде шамамен 760 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, олардың 300 мыңнан астамы азық-түлік өнімдерін сатумен айналысады.
Бағаның негізгі төмендеуі көкөніс тобы бойынша тіркелді. Қырыққабат 1,9%-ға, қызанақ 2,6%-ға, пияз 10,9%-ға, қияр 22,6%-ға арзандады. Жыл басынан бері қияр бағасы 31,1%-ға төмендеді.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, нарықты отандық өніммен қамтамасыз етудегі оң динамика көбіне жылыжай шаруашылықтарын қолдау бағдарламасының арқасында мүмкін болды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жылыжайлардың жалпы алаңы 1,33 мың гектарды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 12,6 гектарға артты. Негізгі өсім фермерлік жылыжайлар есебінен қамтамасыз етілді - 713,3 гектардан 799,4 гектарға дейін.
Қазіргі уақытта министрлік өнеркәсіптік жылыжайлармен қызанақ пен қияр бағасын тұрақтандыру жөнінде меморандумдар жасасу бойынша келіссөздер жүргізуде", - деп хабарлады Айжан Бижанова.
Оған қосымша "ҚТЖ" ҰК" АҚ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық түрін, сондай-ақ әлеуметтік нан өндіруге арналған ұнды тасымалдауда теміржол тарифтеріне айтарлықтай жеңілдіктер беру мәселесін пысықтауда.
Көктемде ерте пісетін көкөністерге бағаның маусымдық өсуі ескеріле отырып, ел нарығындағы өткен жылғы өнім қоры мен басқа елдерден жеткізілетін ерте пісетін өнімдердің жағдайы да өз алдына бөлек қаралды. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорларындағы өткен жылғы өнім қорлары қарқынды түрде сатылуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, олардың қалдығы жалпы қор көлемінің шамамен 24%-ын құрайды.
Наурыз айының басынан бастап елдің ішкі нарығына Қытайдан жаңа көкөністердің күнделікті жеткізу ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта 3200 тонна картоп, 800 тонна сәбіз, 14 тонна ақ қырыққабат жеткізілді.
31 наурыз күні Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті, өңірлік ӘКК, ірі сауда желілері, KTZ-Express және QazTrade өкілдерінен құралған делегация ерте пісетін өнімдерді сатып алу үшін Өзбекстанның оңтүстік өңірлеріне барады.
Бағаның төмендеуіне Наурыз мейрамы кезеңінде өткен мерекелік жәрмеңкелер де қосымша әсер етті. Ел бойынша мереке күндері 200-ден астам тақырыптық жәрмеңке өткізілді. Жалпы, жыл басынан бері 1,5 мың жәрмеңке ұйымдастырылды. Nauryz sale акциясына 70%-ға дейінгі жеңілдіктер ұсынған 300 сауда субъектісі қатысып, 4 миллионнан астам адам қамтылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.03.2026, 10:04 5606
Олжас Бектенов Халықаралық Аралды құтқару қорының басқарма мүшелерімен кездесті
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Халықаралық Аралды құтқару қорының басқарма мүшелерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ Қазақстан аталған қорға төрағалық етуін биыл аяқтайды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиынға Тәжікстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиёзода, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Тангрыгулы Атахаллыев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Қырғыз Республикасының Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары - Министрлік жанындағы Су ресурстары қызметінің директоры Алмаз Жээналиев, Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбай, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салалық министрліктері мен ведомство басшылары қатысты.
Су шаруашылығы саласындағы өңірлік ынтымақтастықты әрі қарай дамыту, Қор қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ биылғы 22 сәуірде Астанада өтетін ХАҚҚ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындық мәселелері қаралды.
Олжас Бектенов Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Аралды құтқару және трансшекаралық су ресурстарын тұрақты басқару мәселелері басым бағыттар қатарында екенін атап өтті. ХАҚҚ отыз жылдан астам уақыт бойы Орталық Азия мемлекеттерінің су, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзара әрекеттесуінің негізгі өңірлік алаңы болып отырғаны баса айтылды.
Кездесу барысында су есебін жүргізу мен басқаруды цифрландырудың маңыздылығы атап өтілді.
Мұнда Сырдария және Әмудария өзендері бассейндерінде су ресурстарын есепке алу, мониторинг жүргізу және бөлу бойынша бірыңғай автоматтандырылған жүйені кезең-кезеңімен енгізу туралы сөз болып отыр. Цифрландыру мен есепке алу су пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етеді деп ойлаймын. Сенімді деректердің болуы және бірлескен мониторинг мемлекеттер арасындағы сенімнің негізі болып саналады және су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазіргі заманғы шарттық-құқықтық базаны қалыптастыру аясында Қазақстан Орталық Азияның су ресурстарын пайдалану жөніндегі Негіздемелік конвенциясын пысықтауды қолдайды. Құжат су ресурстарын ұтымды пайдалану, трансшекаралық зиянның алдын алу және гидрологиялық ақпарат алмасуды дамыту бойынша келісілген қағидаттарды бекітуі тиіс.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық су проблемаларын шешу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Бұл бастама күш-жігерді біріктіруге және қосымша ресурстарды тартуға, соның ішінде өңірлік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Қор жұмысының тиімділігін арттыру, оның институттары арасындағы үйлестіруді күшейту және қабылданатын шешімдердің нәтижелі жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдастырушылық құрылымын және шарттық-құқықтық базасын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ алдағы Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы қарсаңында негізгі мәселелер бойынша келісілген тәсілдерді әзірлеудің маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогті жалғастыруға, су дипломатиясын дамытуға және өңірдің су ресурстарын тұрақты басқаруға, сондай-ақ Арал теңізі бассейніндегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған ортақ шешімдерді бірлесіп іздеуге мүдделі екенін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.03.2026, 09:13 5981
Бауыржан Артықов лауазымынан босатылды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Мемлекет басшысының өкімімен Бауыржан Артықов "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
1973 жылы 4 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Самсоновка ауылында туған.
1991 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының № 24 орта мектебін тәмамдады.
1) 1993 жылы - ҚР ҚК кіші офицерлері курсы (Мотоатқыштар әскерлерінің офицері);
2) 1994 жылы - Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесі;
3) 2006 жылы - "Қайнар" университеті (Педагогика және психология);
2008 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті (Әскери және әкімшілік басқару);
4) 2019 жылы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті (Әскери істегі стратегиялық менеджмент).
Мансап
1991 жылдан 1993 жылға дейін мерзімді әскери қызмет атқарды.
Взвод командирінен бастап Десанттық - шабуылдау әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары-штаб бастығына дейінгі лауазымдарда әскери қызмет атқарды.
2023 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы Департаментінің бастығы болды.
2024 жылғы 5 ақпанда Мемлекет басшысының Өкімімен "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалды.
II дәрежелі "АЙБЫН" орденімен, мерейтойлық медальдармен және "Мінсіз қызметі үшін" медальдарымен наградталған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
20.03.2026, 09:23 185221
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ораза айт мерекесімен құттықтады
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ораза айт мерекесімен құттықтауы 2026 жылғы 20 наурыз, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қадірлі отандастар!
Ораза айт мерекесі құтты болсын!
Бұл - бүкіл мұсылман қауымы үшін мән-маңызы ерекше, қасиетті мереке. Осы мейрамда рухани тазару мен парасаттылық, сабырлық пен қанағатшылдық, өзара сыйластық пен тілектестік, жанашырлық пен жақсылық құндылықтары дәріптеледі.
Отыз күн ораза тұтқан жұрт иманын байытып, кемелдікке ұмтылады. Төзімін шыңдап, төңірегіне қамқорлық танытады. Игі істерге ұйытқы болып, мұқтаж жандарға қол ұшын созады.
Ата дәстүріміз бен асыл дініміз елдің бірлігін нығайтып, қоғамның берекесін арттыратын игі амалдар жасауға үндейді.
Биыл Ораза айт мейрамы Наурыз мерекесімен қатар келіп, ел дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің жаршысына айналды. Мұның символдық мәні зор. Қазақстан халқы Жаңа Ата заңды қабылдап, жарқын болашаққа, Әділеттілік пен Өркендеуге бастайтын жолды таңдады. Конституциялық реформаны жаппай қолдау арқылы ұлт тарихының жаңа парағын ашты.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін!
Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын!
Ораза айт қабыл болсын!
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
17.03.2026, 17:12 225351
Жұмысшы мамандықтар қызметіндегі жасанды интеллект
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі оқу үдерісінде жасанды интеллект құралдарын белсенді қолдануда. Колледждердің заманауи шеберханалары мен зертханалары цифрлық технологиялармен толықтырылуда, бұл педагогтың жұмыс сипатын өзгертіп, кадрлар даярлау үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінен.
Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 763 колледжде шамамен 556 мың студент білім алуда. Студенттердің 70 пайызы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша тегін оқиды, ал кадрлар даярлауға шамамен 40 мың педагог тартылған.
Осы жұмыс аясында Ағарту министрлігі ChatGPT Edu білім беру платформасын колледждерге кіріктіру жұмысын жүргізуде. Педагогтарға OpenAI Education for Countries халықаралық бағдарламасы бойынша Министрлікке берілген жалпы квотадан 10 000 лицензия бөлінді. Еске салайық, Қазақстан осы бастамаға қосылған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болды.
ChatGPT Edu педагогтарға сабақ жоспарларын, тесттер мен практикалық кейстерді жедел дайындауға, күрделі техникалық материалдарды қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне бейімдеуге, студенттермен кері байланыс орнатуға көмектеседі. Колледждердің оқу үдерісінде жасанды интеллектті қолдану экономиканың заманауи технологиялық және инновациялық салаларында жұмыс істеу үшін қажетті цифрлық дағдылар мен құзыреттерге ие мамандарды даярлауға ықпал етеді.
Сонымен қатар кадр даярлаудың мазмұны жаңартылуда. Колледждердің білім беру бағдарламаларына заманауи өндірістік технологиялар мен WorldSkills стандарттарына бағдарланған цифрлық модульдер енгізілді. Цифрлық құралдармен толықтырылған заманауи шеберханалар колледждерді жастар үшін тартымды етіп, технологиялық тұрғыдан дамып келе жатқан салалар үшін мамандар даярлауға ықпал етуде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
17.03.2026, 13:32 224866
Қазақстан туризмді қолдауды күшейтеді: жаңа заң сала мен туристер үшін нені өзгертеді
Достарға айту
Бүгін Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Құжат туристік саланы дамытуға қолайлы жағдай жасауға және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.
Жаңа заң аясында туризм заңнамасындағы негізгі ұғымдар нақтыланды. Атап айтқанда, гид, экскурсовод, туризм ресурстары және нысандары түсініктері айқындалды. Сонымен қатар гидтер мен экскурсоводтарды міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеу талабы алынып тасталды. Бұл мамандарға ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан еркін қызмет етуге мүмкіндік береді.
Заңда визит-орталықтардың қызметі алғаш рет құқықтық тұрғыдан реттелді. Олардың құқықтық мәртебесі, негізгі функциялары, орналасу тәртібі айқындалып, туризм нысандарының қатарына енгізілді. Мұндай орталықтар туристерге маршруттар, қызметтер мен инфрақұрылым туралы ақпарат беретін негізгі орындарға айналып, отандық және шетелдік қонақтарға қызмет көрсетудің бірыңғай стандартын қамтамасыз етеді.
Құжатта туристік инфрақұрылымды мемлекеттік қолдау шаралары да нақтыланды. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің визит-орталықтар, жол бойындағы сервис нысандары, орналастыру орындарын салу және қайта жаңғыртуға жұмсаған шығындарының бір бөлігі өтеледі. Сонымен қатар тау шаңғысы курорттарына арналған техника мен туризм көлігін сатып алу шығындарын өтеу мүмкіндігі қарастырылған.
Туроператорларды қолдаудың қосымша тетіктері де енгізілді. Олардың шығындарын субсидиялау қарастырылып, туристік автобустардың мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінен өту рәсімін жеделдету көзделген. Сондай-ақ балалар үшін ұлттық парктерге кіру тегін болады.
Заңда мемлекеттік қолдау алған туризм нысандарының қаражатын мақсатты пайдалануын бес жыл бойы мониторингтеу нормасы енгізілді. Бұдан бөлек, туристік ресурстар аумағындағы санитарлық-гигиеналық тораптардың жағдайына бақылау күшейтіледі.
Жалпы енгізілген өзгерістер ішкі және келу туризмін дамытуға берік негіз қалыптастыруға, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және білікті мамандарды тартуға бағытталған. Сонымен қатар заң мемлекеттік органдардың басым туризм аумақтарын айқындау және ақпараттық орталықтардың саланы қолдауға арналған ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау құзыретін бекітеді.
Қабылданған шаралар туристік инфрақұрылымды дамытуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және Қазақстанның қауіпсіз әрі тартымды туристік бағыт ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
16.03.2026, 19:22 225126
Балалар спортын қаржыландыру көлемі екі есеге жуық артады
Достарға айту
Бүгін Мемлекет басшысы "Туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Құжат балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесін енгізуді көздейді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Туризм және спорт министрлігі балалар мен жасөспірімдер спортын қаржыландыру жүйесін жаңғыртуға бағытталған тиісті заң жобасын әзірледі.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшу балалар мен жасөспірімдер спортын қамтамасыз ету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде бір спортшыны қамтамасыз етуге жылына орта есеппен 415 мың теңге бөлінеді. Қазіргі уақытта сметалық қаржыландыру кезінде бұл көрсеткіш орта есеппен 233 мың теңгені құрайды.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін Туризм және спорт министрлігі сметалық қаржыландыру жүйесін қолданатын жалғыз мемлекеттік орган болып келді. Осыған байланысты саланы басқару тиімділігін арттыру мақсатында жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшу жоспарланып отыр.
Жобаны іске асыру жергілікті бюджеттерден қосымша қаражат бөлуді талап етеді. Аталған шығыстар Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен қолдау тапты, қосымша қаражат жергілікті бюджеттер есебінен бөлінеді.
Еліміздегі барлық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесін енгізу 2026 жылға жоспарланып отыр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
16.03.2026, 16:56 223751
Астанада 1-3 қазан күндері AI & Digital Bridge 2026 халықаралық IT-форумы өтеді
Достарға айту
Биыл 1-3 қазан аралығында елорда Орталық Еуразиядағы ең ірі технологиялық оқиға - AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумының алаңына айналады. Бұрын Digital Bridge атауымен белгілі болған форум жаңартылған форматта өткізіліп, Қазақстанның жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған басымдықтарын айқын көрсетеді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметінен.
AI & Digital Bridge форумында жетекші технологиялық компаниялар, кәсіпкерлер, инвесторлар, зерттеушілер және мемлекеттік институттардың өкілдері бір алаңда бас қосып, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және инновациялық экономика болашағын талқылайды.
Форумның ресми бағдарламасындағы стратегиялық іс-шаралардың бірі - Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысы. Жиында елдегі AI экожүйесін дамыту, жасанды интеллект саласындағы ұлттық саясатты іске асыру және жаңа цифрлық экономика үшін кадр даярлау мәселелері қарастырылады.
Форум бағдарламасының дәстүрлі әрі көпшілік асыға күтетін бөлімдерінің бірі - Astana Hub Battle халықаралық стартап-байқауы. Бұдан бөлек жасанды интеллект саласындағы жаңа есімдерді танытуға ықпал ететін ауқымды халықаралық жарыс өтеді. Жас IT-командалар үшін бұл идеяларын таныстырып, жобаларын дамытуға қолдау табудың маңызды алаңы болмақ.
Бүгінде AI & Digital Bridge аймақтың жетекші технологиялық оқиғаларының біріне айналды. Жеті жыл ішінде форумға 100 елден 127 мыңнан астам адам қатысып, 1500-ден астам спикер ой қозғап, 600-ден астам стартап жаһан назарына таныстырылды.
Форум тұрақты негізде дамып келеді және биыл да бюджет қаражатын тартпай ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылар: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері және Астана қаласының әкімдігі.
Өтетін орны: EXPO халықаралық көрме орталығы.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
30.03.2026, 12:49Әзербайжан Қазақстан Президентінің халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын қолдайды 30.03.2026, 11:51 8681Мадридте Қазақстанның жаңа Конституциясы бойынша референдум қорытындылары талқыланды30.03.2026, 13:53 8456Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері Шаңхайда таныстырылды30.03.2026, 09:13 5966Бауыржан Артықов лауазымынан босатылды30.03.2026, 10:04 5591Олжас Бектенов Халықаралық Аралды құтқару қорының басқарма мүшелерімен кездесті
26.03.2026, 19:28 172351Болгарияның ең көне университетінде Наурыз мерекесі аталып өтті26.03.2026, 20:42 172301Сан-Франциско қаласында Наурыз мерекесі аталып өтті26.03.2026, 21:44 172276Сеулде Наурыз мерекесіне арналған кітаптың тұсаукесері өтті26.03.2026, 22:47 172221Баку Наурыз мерекесін қазақы үлгіде кең көлемде атап өтті27.03.2026, 09:58 170891Қазақстан мен Иран СІМ басшыларының телефон арқылы сөйлесуі өтті
04.03.2026, 10:54 239231Босния және Герцеговина Елшісі сенім грамотасының көшірмесін табыстады17.03.2026, 17:12 225336Жұмысшы мамандықтар қызметіндегі жасанды интеллект16.03.2026, 19:22 225111Балалар спортын қаржыландыру көлемі екі есеге жуық артады17.03.2026, 13:32 224851Қазақстан туризмді қолдауды күшейтеді: жаңа заң сала мен туристер үшін нені өзгертеді16.03.2026, 16:56 223846Астанада 1-3 қазан күндері AI & Digital Bridge 2026 халықаралық IT-форумы өтеді

