11.11.2021, 19:41 84165

"Бәйтерек" БК кредиттік міндеттемелерден босатылады: сенат хаттаманы ратификациялады

Сондай-ақ, мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша түзетулер қабылданды.
НҰР-СҰЛТАН. 11 ҚАРАША - Сенат депутаттары "2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңды қарап, қабылдады. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша түзетулер қабылданды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Хаттамаға сәйкес, "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны" акционерлік қоғамы бюджеттік кредитті оның жарғылық капиталына айырбастау арқылы кредиттік міндеттемелерден босатылады және өз қызметін одан әрі жүзеге асыруға мүмкіндік алады. 
 
Бұдан басқа, "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін (оны құру рәсімі аяқталғаннан кейін) "Союз-5" зымыран тасығышын ұшырумен жүктеу кепілдіктері қамтамасыз етіледі, бұл оның ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 
 
Заң жобасының қорытындысында айтылғандай, хаттаманың қабылдануы Байқоңыр ғарыш айлағындағы "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің ғылыми-техникалық және өндірістік әлеуетін сақтау мен тиімді пайдалануда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мүдделерін ескере отырып, екі ел арасындағы ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қызмет етеді. 
 
Сонымен қатар сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екінші оқылымда қарап, қабылдады.
 
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев заң жобасы аясында 68 функция қайта бөлінетінін, оның ішінде Үкіметтен министрліктерге 63 функция; жергілікті атқарушы органдарға - бес функция берілетінін айтқан болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

Тегтер:Бәйтерек

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны