02.12.2025, 20:24 20436

Дәрі-дәрмек өндірісі үшін импортталатын шикізатты ҚҚС-тан босату ұсынылады

Дәрі-дәрмек өндірісі үшін импортталатын шикізатты ҚҚС-тан босату ұсынылады
Отандық дәрі-дәрмектердің құнын төмендету және саланы қолдау үшін Денсаулық сақтау министрлігі жаңа салық жеңілдіктерін бастады. Бұл туралы Үкімет отырысында министр Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Министрлік ұлттық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту және ішкі нарықтағы қазақстандық дәрілік заттардың үлесін өсіру бойынша жүйелі жұмысты жүзеге асыруда.

Бүгінгі күні елде 200-ден астам қазақстандық тауар өндіруші тіркелген, оның ішінде 43-і дәрілік заттар, қалғандары медициналық бұйымдар өндіруде.

Осы жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша қазақстандық кәсіпорындар өндіріс көлемін 11,7%-ға арттырып, 156,6 млрд теңгеге жетті. Көрсеткіштердің өсуі - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндіретін жаңа өндірістік желілердің іске қосылуының нәтижесі.

Осы жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық препараттарды сатып алу көлемі 16%-ға өсті және ұлттық фармацевтика өндірісінің тұрақты өсімін көрсете отырып, 170 млрд теңгеге жетті.

2026 жылдан бастап локализациялауды тереңдетуге, технологиялар трансфертін дамытуға және қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін кеңейтуге бағытталған ұзақмерзімді шарттар жасасудың жаңартылған қағидалары күшіне енеді. Мұндай шарттардың мерзімдері локализациялау деңгейіне байланысты белгіленеді және кемінде бес жылды құрайды. Сонымен қатар Министрлік ұзақмерзімді келісімшарттардың шамадан тыс үлесі нарықтық бәсекелестікті шектеуі мүмкін екенін атап өтті. Осыған байланысты отандық компаниялардың арасында барынша бәсекелестік ортаны қалыптастыру жоспарлануда. Бүгінде бірыңғай дистрибьютордың сатып алуындағы қазақстандық өндіріс өнімдерінің үлесі 30%-ды құрайды, ал медициналық ұйымдардың дербес сатып алуында - 10%-дан аз.

Бұл теңгерімсіздікті жою үшін кем дегенде екі отандық өндіруші шығаратын тауар позициялары үшін ұлттық режимнен алу механизмін қолдану ұсынылады. Бұл бірқатар дәрі-дәрмектерді тек қазақстандық компаниялардан сатып алуға мүмкіндік береді және олардың ішкі нарықтағы позициясын нығайтады.

Бұдан бөлек, Министрлік ТМККК және МӘМС шеңберінде жеткізілетін дәрілік заттарды өндіру кезінде пайдаланылатын импортталатын субстанциялар мен шикізатты ҚҚС-тан босату туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Бұл шара өзіндік құнын төмендетуге және жергілікті өндірістің өсуін одан әрі ынталандыруға бағытталған.

Отандық өнімге деген сенімді арттыру және экспорттық нарықтарға шығу үшін реттеуші жүйені халықаралық аккредиттеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары жүйенің ағымдағы жағдайына 8 индикатор бойынша жоғары баға берді.

Өндірілетін дәрі-дәрмектердің сапасын қамтамасыз ету үшін Ұлттық реттеу жүйесінің 3-ші жетілу деңгейіне жету қажет. Қазақстан қатаң реттеу жүйесі бар ел ретінде посткеңестік кеңістікте мұндай деңгейге жеткен бірінші мемлекет болмақ. Бұл шығарылатын өнімнің сапасына деген сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді және қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін күшейтеді.

Министрлік дәрілік заттарға баға белгілеудің жаңа тетігін енгізді. 2026 жылға арналған сатып алулар толықтай жаңартылған жүйе арқылы жүзеге асырылуда. Енгізілген өзгерістер нәтижесінде дәрілік заттардың кең тізбесі бойынша бағалардың едәуір төмендеуі есебінен бүгінгі күні 36 млрд теңгеден астам қаражат үнемделіп, сатып алудың экономикалық тиімділігін көрсетті. Бірқатар жоғары шығынды дәрілік зат бойынша бағаның төмендеуі 50-ден 300%-ға дейін жетті. Мысалы: Иматиниб дәрісі бойынша баға 9450 теңгеден 2348 теңгеге төмендеді, ал Бевацизумаб дәрісінің бағасы 360 мыңнан 77 мыңға дейін төмендеді", - деді министр.


Онкологиялық препараттардан басқа, дәрі-дәрмектер өзге де профильдер бойынша айтарлықтай арзандады. Осылайша, антибиотик Цефепим бойынша бюджетті үнемдеу 174 млн теңгені (бағасы 40%-ға төмендеді), ал иммунобиологиялық препарат Экулизумаб бойынша - 424 млн теңгені (-18%) құрады.

Жекелеген қазақстандық фармацевтикалық өндірушілер жаңа талаптарға белсенді түрде бейімделді. Бұл саладағы бәсекелестікті арттырып қана қоймай, фармацевтикалық нарықтың ашық әрі әділ ортада жұмыс істеуге дайын екендігін дәлелдеді. Өзгерістер бөлшек сауда нарығына да әсер етті. 4 900 дәрі-дәрмектің бағасы қайта қаралды. Қазан-қараша айларында дәріханалардың мониторингі сұранысқа ие препараттардың құны орта есеппен 12%-ға төмендегенін көрсетті. Мысалы, "Цефапс" препараты 31%-ға, "Зитмак" - 20%-ға, ал "Ревмоксикам" - 32%-ға арзандады.

Жалпы алғанда, жаңа баға белгілеу моделі тұрақты және болжамды нарықты қалыптастырып, жеткізу қауіпсіздігін нығайтады және сыртқы баға ауытқуларына тәуелділікті төмендетеді. Министрлік қол жеткізілген нәтижелерді бекіту бағытында жұмысты жалғастырады.

Цифрландыру бағытындағы жұмыстар аясында 2024 жылы Министрлік дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізді. Бүгінде Қазақстан Орталық Азияда бұл процестің толық циклін іске қосқан жалғыз ел болып отыр. Таңбалау шеңберінде дәрілік заттарды сатып алу көлемдерін жоспарлау процесі цифрланды, бұл қажеттілікті нақты болжауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар өнімді нарыққа жедел шығару үшін тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, тіркеу мерзімі екі есеге қысқартылды. Қазіргі уақытта дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу рәсімдері толықтай электрондық форматқа көшірілген. Қазақстандық тауар өндірушілерді нысаналы түрде ілгерілету үшін оларға арнайы критерийлер айқындалды. Жүзеге асырылып жатқан шаралар отандық фармацевтикалық саланың орнықты дамуына жол ашып, жергілікті өндірістің тұрақты өсуіне сенімді негіз қалайды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады", - деді министр.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны