12.03.2021, 18:46 12845

Әділет министрлігі мен Қазақстан Ұлттық Банкі Англияда Стати ісінде жеңіске жетті

Біз сот шығындарын өтеумен байланысты шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз.
Нұр-Сұлтан. 12 наурыз. Kazakhstan Today - 2021 жылғы 11 наурызда Англияның Жоғарғы Соты Стати тарабының Қазақстан Республикасы мен Қазақстан Ұлттық Банкіне 3,7 млн. АҚШ долларынан астам сот шығындарын төлеуге міндеттейтін сот бұйрығының күшін жоюға қатысты өтінішін қабылдамау туралы шешімін шығарды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Англия мен Уэльстің Жоғары сотының шығыстар жөніндегі басқармасының шығыстар бойынша судьясы Роулимен Статидің өтініші 2021 жылдың 15 ақпанында сот отырысында тыңдалды. Шығыстар туралы қаулы Стати барлық сатыларда сәтсіздікке ұшыраған және Статидің Қазақстанға қарсы алынған төрелік шешімді орындауға қатысты жалғасып жатқан әрекеттерімен байланысты Англияның Жоғары сотындағы талқылауларды аяқтайды", - деп хабарлады Әділет министрлігінде.

 
Сот шешімінде айтылғандай: "Стати тараптары Жоғары соттың юрисдикциясына қарсы шығуға тырысты, бірақ бұл талпынысында сәтсіз болды және бұл 2018 жылдың 4 желтоқсанында қабылданған қаулыға әкелді. Стати Жоғары Сот талқылауында да сәтсіздікке ұшырады және талапкерлердің (Қазақстан мен Ұлттық Банк) шығыстарын төлеуге міндетті болды.... "
 
Ағылшын талқылауларында жеңілгеннен кейін Стати шығындарды төлеуге міндетті болды, бірақ қаулыны орындаған жоқ. Сондай-ақ, Стати Қазақстанмен және Ұлттық банкпен байланысқа шықпағандықтан, Республика және Ұлттық Банк өз шығыстарын түбегейлі бағалаудың процесін бастағаны туралы олардың заңгерлері King & Spalding-ке 2020 жылғы желтоқсанда хабарлады. Алайда, Стати оған да жауап бермеді. Нәтижесінде жауап беруге берілетін 21 күн өткеннен кейін, 2021 жылғы 6 қаңтарда шығыстарды өтеу туралы бұйрық шығарылды. Енді олар шығындарды өтеу туралы сот бұйрығының күшін жоюға талпынысында да сәтсіздікке ұшырады.
 
King & Spalding партнері Эгише Джазоян өзінің куәгерлік жауабында шығыстар бойынша заңгерлерге нұсқау беру үшін екі апта және толық файлды беру үшін тағы екі апта қажет болғанын сипаттайды: "Менің фирмамның барлық электрондық деректер жиынтығының/файлдың көшірмесін қажетті .pst форматта беруді ұйымдастыруға екі аптаға жуық уақыты кетті ( ... ), ол [шығыстар бойынша заңгерлерге] 2021 жылдың 4 ақпанында берілді. Кішігірім кідірістің себебі менің фирмамдағы деректердің құпиялылығын қорғау саясаты мен процедураларына байланысты осы түрдегі деректерді жинау және бөлісу туралы менің фирмамдағы Жазбалар мен ақпаратты басқару жөніндегі Директордан белгілі бір ішкі келісімді алу қажеттілігімен байланысты болды".
 
Өз шешімінде судья Роули куәгерлік жауаптың осы бөлігін қайталап, "бұл сенімді сияқты емес" деп тапты. Одан әрі ол былай дейді: "Outlook-те электрондық пошталарға арналған әдеттегі форматта деректер файлын жасау үшін тағы екі апта қажет болғандығы таңқалдырады. Мұны "кішкене кідіріс" деп сипаттау эвфемизм болып табылады, ал кідірістің себебі - ішкі басқару проблемасы бір уақытта таңқаларлық және сенімсіз. Бұндай шығындарға қатысты сырттай шешім қабылданған жағдай әрдайым мүмкін болғандықтан, [King & Spalding]-ке қатысты кейбір сын-ескертпелер қолданылуы мүмкін, себебі кез-келген қажетті ішкі келісімді алуға басымдық беріледі деп ойлауға болады." Әрі қарай ол: "Менің ойымша, Стати жеткілікті жылдамдықпен әрекет етпеді...", - деп тапты. Заңды тестті қолдану судья Роулиді мынадай қорытындыларға әкелді: "даулы мәселелерді шешу мерзімін сақтамау ережелерді елеулі бұзу болып табылатынына күмән жоқ..." және "бұндай бұзушылыққа қисынды түсінік жоқ".
 
Қазақстанның Әділет министрі Марат Бекетаев бұл шешімді құптайды.
 

Біз ағылшын соты шығарған сот шығындарын өтеумен байланысты шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, басқа юрисдикцияларда Статидің төрелік шешімді мәжбүрлеп орындау процестеріне қарсы тұруды жалғастырамыз. Жетекші сарапшылар фактілерді талдап, төрелік шешім алаяқтық жолмен алынды, ал Статидің оны орындауға қатысты шаралары заңсыз және этикалық емес деген қорытындыға келді", - деді ол.

 
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы Стати төрелік шешімді орындау мақсатында Англияда процесті бастады. 2017 жылдың 6 маусымында судья Ноулз ағылшын Жоғарғы Сотында "шешімнің алаяқтық жолмен алынғандығы туралы жеткілікті дәлелдер бар" деп шешті. Судья Ноулз алаяқтық туралы істі қарастыру үшін 2 апталық сот ісін жүргізуді бұйырды. Алайда, Стати ағылшын процесін тоқтату арқылы алаяқтыққа қатысты процестен қашып кетті.
 
Сондай-ақ, Стати ағылшын сотына алаяқтық туралы іс бойынша сот процесіне қатысуға қаражаты жоқ екенін айтты. Бір таңқаларлығы, судья Ноулздың тұжырымынан кейін Стати басқа алты юрисдикцияда көптеген жаңа сот істерін бастады, олар үшін Стати бірқатар жергілікті адвокаттарды жалдап, айтарлықтай сот шығындарын төледі. Ақыр соңында, Стати Англияда төрелік шешімді орындауға ешқашан қайта келмеу және Қазақстанға оның сот шығындарын өтеу туралы міндеттемелерді алғаннан кейін Статиге Англияда апелляция сатысында атқарушылық іс жүргізу әрекеттерін тоқтатуға рұқсат етілді. Статидің апелляциядағы алаяқтық туралы іс бойынша ағылшын сотынан құтылып кету әрекеттерін ішінара Дэниел Чапман басқаратын проблемалық активтер мен облигацияларға мамандандырылған хедж-қор қаржыландырды. Чапман Британдық Виргин аралдарындағы Tristan Oil Ltd атты Статидің оффшорлық компаниясына миллиондаған инвестиция салды. Бұл компания Статидің компаниялар тобындағы басқарудың елеулі кемшіліктеріне байланысты өзінің төлем міндеттемелерін орындамады.
 
Стати басқа юрисдикцияларға жүгінді, онда King & Spalding International LLP ("King & Spalding") компаниясымен үйлестіре отырып, атқарушылық іс жүргізуді бастады және тыйым салулар алды. Бельгияда Стати Bank of New York Mellon ("BNYM") иелігіндегі Ұлттық Банк активтеріне тыйым салуға қол жеткізді, бұл ретте Ұлттық Банк емес, Қазақстан BNYM-ге осы активтерге қатысты талапқа ие деп мәлімдеді. Статидің адвокаты BNYM-ге былай деп жазды "...бізде бар ақпарат BNY Mellon Қазақстан Республикасымен Жаһандық депозитарлық келісім жасағандығын көрсетеді...". Стати сілтеме жасайтын Жаһандық депозитарлық келісім ("Келісім") BNYM мен Ұлттық Банк арасында BNYM-ның лондондық филиалының сақтауындағы активтерге қатысты жасалған, ағылшын заңнамасымен реттелетін және кез келген дауларды ағылшын соттарымен шешуді көздейтін шарт болып табылады. Сондықтан, бельгияляқ сот Келісімге сәйкес сақталатын активтерге қатысты BNYM-ге кімнің талабы бар екендігін анықтау үшін мәселені ағылшын сотының қарауына жіберді. Бұл өз кезегінде қазіргі уақытта сот шығындарын өтеу туралы бұйрықпен аяқталған сот ісіне әкелді. 2018 жылдың желтоқсанында Стати ағылшын сотының юрисдикциясына қарсы шыққан сот ісін жеңілді. 2020 жылғы сәуірде судья Тир "Келісім бойынша BNYM London-ға тиесілі міндеттемелер тек қана Қазақстан Ұлттық Банкіне (Қазақстанға емес) тиесілі" деп анықтаған кезде Стати істің мәні бойынша жеңілді.
 
BNYM-нің Лондондағы шотындағы ақша түріндегі Ұлттық Банк активтеріне тыйым салу қазіргі уақытта екі бельгиялық процесс шеңберінде қаралуда. 2020 жылғы 17 қарашада Қазақстанның бельгиялық төрелік шешімді орындау туралы шешіміне апелляциясын Брюссельдің апелляциялық соты қолдады, бұл Қазақстанның Статидің алаяқтығына қатысты ісі толық көлемде қайта қаралады дегенді білдіреді.
 
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2021 жылдың 11 ақпанында Люксембургтің кассациялық соты апелляциялық соттың Қазақстанға қарсы төрелік шешімді тану туралы шешімінің күшін толығымен жойды. Кассациялық сот апелляциялық соттың шешімі тиісті заңды процедураны бұзды деп шешті, өйткені ол өз шешімінде KPMG-нің маңызды дәлелдеріне сүйенсе де, оларды қабылдауға мүмкіндік бермеді. Енді бұл істі Люксембург Апелляциялық сотының басқа палатасы қайта қарайды.
 
Сондай-ақ, 2021 жылғы 8 қаңтардағы тағы бір маңызды шешіммен Люксембургтің округтік соты Қазақстан Республикасы Люксембургтің құқық қорғау органдарына Статиге қарсы берген қылмыстық арыздың ауырлығын мойындады және қылмыстық процесс аяқталғанға дейін Статидің төрелік шешімге қатысты құқықтарын тоқтатты. Қазақстан ұсынған Стати алаяқтығының дәлелдемелерін және түрлі эксперттердің қорытындыларын қарап, округтік сот Қазақстанның алаяқтыққа қарсы ісі мен Статидің Қазақстанға қарсы төрелік шешім бойынша азаматтық талаптары арасында жеткілікті байланыс бар деген қорытындыға келді. Енді, жоғарыда аталған кассациялық соттың шешімінен кейін, Статидің төрелік шешімге Люксембургте мүлдем құқықтық негіздері жоқ.
 
Сонымен қатар, 2020 жылғы 18 желтоқсанда Нидерланд Жоғарғы Соты "Самұрық-Қазына" АҚ Нидерландыдағы активтеріне тыйым салуға қатысты жеңілдетілген іс жүргізу шеңберінде Амстердам Апелляциялық сотының шешімінің күшін жойды. Жоғарғы Сот өз шешімін Біріккен Ұлттар Ұйымының мемлекеттердің юрисдикциялық иммунитеттері және олардың меншігі туралы Конвенциясына сүйене отырып шығарды. Сондай-ақ, сот Самұрық-Қазына активтерінің егемендік иммунитеті жоққа шығарылмады деп тапты.
 
Өткен жылы, Швецияның Свеа апелляциялық соты Статидің Қазақстан Ұлттық банкінің активтеріне тыйым салуы орталық банктердің мүлкінің мәжбүрлеп орындаудан иммунитетіне байланысты жария халықаралық құқық міндеттемелеріне сәйкес келмейтінін анықтап, БҰҰ Конвенциясына өз шешімін негіздеді.
 
Ақырында, Статидің заңсыз әрекеттері мен алаяқтық схемалары халықаралық арбитраж саласындағы жетекші әлемдік сарапшылар – профессор Джордж Берманн мен профессор Кэтрин Роджерстің тәуелсіз заңды қорытындыларымен расталды.
 
Профессор Джордж Берманн барлық фактілерді талдап, Стати ісінде тараптардың мінез-құлқының құқықтық салдарын анықтау арқылы тәуелсіз қорытынды жасады. Профессор Берманн бірқатар тұжырымдарға келді, атап айтқанда, Стати өздерінің алаяқтық механизмін "алдамшы корпоративті құрылым" және "жалған компаниялар" арқылы басқарғанын анықтады, олардың көмегімен Стати "басқалардың есебінен өздерін байыта алды". Сонымен бірге, сарапшы "Статидің заңсыз әрекеті арбитраждың заңдылығына және одан туындайтын шешімге толығымен қауіп төндірді, соның ішінде жауапкершілікке және залалға қатысты" деп, қаралып отырған төрелік шешімді "Нью-Йорк конвенциясына сәйкес мойындауға немесе орындауға лайық емес өрескел алдау өнімі" деп анықтады. Профессор Берманнның пікірінше "Статидің алаяқтығы қазақстандық операциялармен де, төрелік талқылаумен де, соттан кейінгі талқылаулармен де аяқталған жоқ. Ол бүгін де әртүрлі соттарда қаралып жатқан сот істерінде үнемі бұрмалану арқылы жалғасуда."
 
Профессор Кэтрин Роджерс жедел фактілерді қарастырып, негізінен 2019 жылдың тамызындағы KPMG-дің Стати негізделген барлық қаржылық есептілікке қатысты аудиторлық есептерін кері қайтарып алуға бағытталған қадамдарға назар аударды. Профессор Роджерс "Статидің қаржылық құжаттары мүлдем сенімсіз және маңызды бұрмалаушылықтар мен кемшіліктер арқылы алынғандығы туралы Статидің тәуелсіз кәсіби аудиторларының шешімі трибуналдың шешім қабылдауына әсер еткен болар еді" деп тапты. Сонымен қатар, сарапшы "Статидің алаяқтықпен және сыбайлас жемқорлықпен айналысқандығы туралы бұл жаңа дәлелдер инвестициялық арбитражға талап қоюын мүлдем болдырмай, тәуелсіз алаңдаушылық тудыруы мүмкін еді" деген пікірде.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны