05.06.2026, 17:55 4046

Конституциялық реформа: негізгі заңдарға түсіндірме

Конституциялық реформа: негізгі заңдарға түсіндірме
Сурет: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Конституцияның ережелерін іске асыруға бағытталған конституциялық заңдарға қол қойды. Агенттік тілшісінің хабарлауынша, бес негізгі құжатқа түсіндірме берілді.

Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасының Президенті туралы", "Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы", "Қазақстан Халық Кеңесі туралы", "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" және "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" заңдар сөз болып отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті туралы" заң


Конституциялық заңда Президенттің өкілеттіктері мен оның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәртібі айқындалған.

Төтенше шараларды қабылдау кезінде Премьер-Министрмен және Құрылтай төрағасымен консультациялар енгізілуі, сондай-ақ бірқатар тағайындауларды парламенттік келісу тетіктері Қазақстанның теңгерімді президенттік республикаға қарай дәйекті түрде ілгерілеп келе жатқанын көрсетеді.

Нормалардың жеке блогы ашықтық пен сенімді қамтамасыз етуге бағытталған. Президент бір рет қана жеті жыл мерзімге сайланады.

Президент өз лауазымын депутаттық мандатпен, кәсіпкерлікпен, өзге де ақылы қызметпен немесе партия мүшелігімен қатар атқара алмайды. Сонымен қатар оның жақын туыстары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы негізгі лауазымдарды иеленуге құқылы емес. Бұл ықпалдың шоғырлануын шектеуге және мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған жүйелі тетік болып табылады, соның нәтижесінде қоғамның билік институтына деген сенімі артады.

Сонымен бірге Президент өкілеттіктерінің едәуір бөлігі мемлекеттік аппараттың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ол Үкіметті қалыптастыруға қатысады, оның жұмысының стратегиялық бағыттарын бақылайды, Ұлттық Банктен бастап құқық қорғау органдарына дейінгі негізгі институттардың есептерін қарайды. Бұл азаматтар үшін мемлекеттік саясаттың іске асырылуы мен оның нәтижелеріне бақылаудың күшеюін білдіреді.

Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" конституциялық заң


Заңның негізгі бағыттарының бірі - астананың сәулеттік келбеті мен дизайн-кодына қойылатын талаптарды қала құрылысы және құрылыс қызметінің міндетті негізі ретінде бекіту.

Заңға сәйкес, астана аумағындағы барлық сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі бас жоспарға, қала құрылысы құжаттамасына және мемлекеттік нормативтерге сәйкес жүзеге асырылады. Бұл қалалық ортаны дамытуда бірыңғай әрі кешенді тәсілді қамтамасыз етеді.

Негізгі нормалардың бірі - астананың міндетті дизайн-кодын енгізу. Оның талаптары ғимараттарға, жол инфрақұрылымына, жарнамаға және қаланың сыртқы келбетінің элементтеріне қолданылады.

Бұл тәсілдерді іске асыруда Астана қаласының әкімі басқаратын Сәулет-қала құрылысы кеңесі маңызды институционалдық рөл атқарады.

Кеңес құрамына әкімдік өкілдері, сәулетшілер, тәуелсіз сарапшылар, қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін қорғайтын мамандар кіреді. Аталған орган сәулет және қала құрылысы жобаларын қарайды, құрылыс мәселелері мен қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыруға, оның ішінде монументалды-көркемдік безендіруге қатысты ұсынымдар әзірлейді.

Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы" заң


Заң үш негізгі қағидатқа негізделген: заңдылық, тұрақтылық және аумақтық тұтастық.

Әкімшілік-аумақтық жүйенің тұрақтылығы аумақтардың шекаралары мен мәртебесіне қатысты кез келген өзгерістердің тек объективті деректер мен ұзақ мерзімді даму жоспарлары негізінде жүзеге асырылуын көздейтін тетіктер арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл негізсіз аумақтық өзгерістердің алдын алып, жергілікті атқарушы және өкілді органдар жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне кепілдік береді. Мұның әлеуметтік-экономикалық жоспарлау мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін маңызы зор.

Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" конституциялық заңы өңірлердегі тұрғындардың өміріне тікелей әсер ететін негізгі мәселелерді - елді мекендердің мәртебесінен бастап ресурстарды бөлу мен инфрақұрылымды дамытуға дейінгі бағыттарды қамтиды.


Қарапайым тілмен айтқанда, заңның басты мақсаты - елдің аумақтық құрылым жүйесін ретке келтіріп, оны конституциялық деңгейде бекіту. Бұл шекараларды, мәртебелерді немесе аумақтардың бағыныстылығын өзгерту бұдан былай жүйесіз немесе жағдайға қарай емес, нақты негіздемелерге, есептеулерге және ұзақ мерзімді даму жоспарларына сүйене отырып жүргізілетінін білдіреді. Тұрғындар үшін бұл ең алдымен тұрақтылықты, ережелердің айқындығы мен болжамдылығын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заң


Құрылтай жұмысы қыркүйектен маусымға дейін тұрақты түрде өткізілетін сессиялар форматында жүзеге асырылады. Қажет болған жағдайда Президенттің, палата төрағасының немесе депутаттар корпусының бастамасымен кезектен тыс сессиялар шақырылады.

Отырыстар Құрылтай қызметінің негізгі нысаны болып табылады. Олар кворум болған жағдайда өткізіледі және, әдетте, мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларының қатысу мүмкіндігімен ашық сипатта болады.

Құрылтайдағы заң шығару процесі заң жобаларын енгізу, қарау және қабылдау тәртібін, сондай-ақ негізгі мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылын реттейді. Заң шығару бастамасы құқығы Президентке, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке және Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі. Сонымен қатар барлық заң жобалары отырысқа шығарылар алдында міндетті түрде бейінді комитеттердің қарауынан өтеді.

Конституциялық заң депутаттың құқықтық мәртебесін Қазақстан халқына берілген антқа негізделген кәсіби қызмет ретінде бекітеді. Өкілеттіктер Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен басталады және бірқатар қатаң шектеулерді қамтиды. Депутаттарға ғылыми, педагогикалық және шығармашылық қызметтен басқа кәсіпкерлікпен айналысуға немесе өзге де ақылы қызметтерді атқаруға тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзу, сондай-ақ депутат сайланған саяси партиядан шығу оның мандатынан дереу айырылуына әкеледі.

Қазақстан Халық Кеңесі туралы" конституциялық заң


Халық Кеңесінің негізгі миссиясы - мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру процестеріне қоғамдық қатысуды институционалдандыру.

Бұл тек пікірталас алаңы ғана емес, азаматтық қоғам мүдделерінің шешім қабылдау деңгейінде ұсынылуын қамтамасыз ететін нақты тетік. Осылайша, неғұрлым теңгерімді әрі әлеуметтік бағдарланған мемлекеттік саясат қалыптасады.

Қазақстан Халық Кеңесі мемлекеттік саясатқа және азаматтардың күнделікті өміріне нақты ықпал етуге мүмкіндік беретін айқын әрі жеткілікті кең өкілеттіктерге ие болады.

Халық Кеңесі ішкі саясаттың негізгі бағыттары, қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық бірлік пен қазақстандық құндылықтарды дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеп, ресми түрде енгізуге құқылы. Ең бастысы, ол Құрылтайға заң жобалары мен маңызды ұсыныстарды тікелей енгізуге, сондай-ақ жалпыхалықтық референдум өткізуді бастамашылық етуге мүмкіндік алады.

Бұдан бөлек, Халық Кеңесі мемлекеттік саясаттың іске асырылуын талқылауға және мониторингтеуге қатысып, билік, халық және азаматтық қоғам арасындағы тұрақты диалогты ұйымдастырады.

Нәтижесінде тиімді жұмыс істейтін тетік қалыптасады: қоғам нақты мәселелерді көтереді, Кеңес оларды жан-жақты зерделейді және ұсынымдар мен бағалаулардан бастап заң жобасы немесе жалпыхалықтық референдум деңгейіне дейін жеткізеді.

Осылайша, Халық Кеңесі қоғам мен мемлекет арасындағы нақты көпірге айналып, азаматтарға олардың күнделікті өміріне әсер ететін шешімдерге тікелей ықпал ету құралын береді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны